• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Биыл елордада 2 мыңға жуық пәтер жалға және кредитке беріледі

25 сәуiр, 10:59300
Фото Elorda aqparat мұрағатынан Фото Elorda aqparat мұрағатынан

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 1938 пәтер жалға және кредитке беріледі. Оның 250-і І жартыжылдықта және 1688-і ІІ жартыжылдықта беру жоспарлануда. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен көпбалалы және аз қамтылған отбасылармен кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Елбасының «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде бізге тапсырған негізгі үш тапсырмасы бар. Ол алдымен баспана мәселесі, екінші, халықты таза ауызсумен қамту және жергілікті жерлердегі жол мәселесін шешу. Берілген тапсырмадан соң біз Қазақстанның әр өңіріндегі 50 шақты елді мекенде болып, тұрғындармен кездесу ұйымдастырдық. Тұрғындардың 70-80% баспана мәселесін шешіп беруді сұрады», - деді Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар, оның 28 126 тұрғын үй кезегінде тұр және соңғы екі жыл ішінде 1193 отбасы баспаналы болды.

«Бұрын мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жылына 600 пәтер берілетін болса, биылдан бастап бұл көрсеткіш он есеге артып, жыл сайын 6 мың пәтер беріледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 50 млрд теңге қаржы қарастырылған. Яғни алдағы 7 жылдың ішінде (2019-2025 жж) көпбалалы отбасылар үшін 42 мың жалға берілетін пәтер салынатын болады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына тоқталсақ, 7 жыл ішінде 616 пәтер салынады, бұл үшін 5 млрд теңге қаражат бөлінеді», - деді ол. 

Комитет басшысының дерегіне сүйенсек, еліміз бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың көшін Түркістан облысы бастап тұр 4832 отбасы, екінші орында Алматы облысы 3149 отбасы, тиісінше үштікті Нұр-Сұлтан қаласы түйіндеп тұр, елордада 2888 отбасы баспанаға мұқтаж.

«Бұл шаралардан бөлек, мемлекет тарапынан көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін төмен пайыздық займмен баспана алу мүмкіндіктері қарастырылуда. Бұл кезекті күтпеймін деген отбасыларға арналады. Ол үшін бюджеттен 150 млрд теңге қаражат бөлінді. Яғни алдағы 3 жылдың ішінде 18 мың займ береміз, бұл дегеніміз 18 мың отбасы баспаналы болады деген сөз. Мысалы, бір отбасы жеңілдетілген пайызбен 8  млн теңгенің пәтерін кредитке алса, ол алғашқы 8 жыл 42,1 мың теңге төлейді, одан кейінгі жылдары 27,4 мың теңге төлейтін болады. Осы жүйе бойынша биылдың өзінде бас қалада 1938 пәтер жалға және кредитке беріледі. Оның 250 І жартыжылдықта және 1688 ІІ жартыжылдықта беру жоспарланып отыр», - деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ, М. Жайымбетов республикалық маңызы бар үш қаланың (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) шеткері аймақтарында проблемаларды шешуге бюджеттен 90 млрд теңге бөлінетінін айтып өтті.

«Бұл 90 млрд бірден берілмейді жыл сайын 30 млрд теңгеден берілетін болады. Бұл қаржы қала іргесіндегі елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталады. Мысалға айтар болсақ, елорда маңындағы Қосшы, Қоянды, Талапкер, Ильинка секілді елдімекендердің тұрғындарын таза ауызсу, жолмен және табиғи газбен қамтамасыз ету кезек күттірмес мәселе екені белгілі», - дейді ол.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх