Қоғам

Биыл АИТВ ауруымен 18 бала дүниеге келді

08 қараша, 18:4551
Фото Elorda aqparat мұрағатынан Фото Elorda aqparat мұрағатынан

АИТВ-мен сырқаттанушылықтың ең үлкен жасы – 86, ал ең кіші науқас 1 жаста. Бұл туралы әкімдікте өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының ЖИТС орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов айтты, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Оның айтуынша, зерттеуге сәйкес соңғы жылдарда орта және егде жастағы азаматтар АИТВ ауруына көп шалдығуда.

«АИТВ ауруымен сырқаттанушылықтың ең үлкен жасы 86 жасты көрсетсе, ең кіші науқас 15 қарашада 1 жасқа толады. 86 жастағы азаматтың ауруын 2013 жылы 79 жасында анықтадық. Зерттеуге сәйкес, соңғы уақыттарда ЖИТС егде жастағы азаматтарға тиесілі болып келеді. Соңғы 9 айда қала бойынша 155 науқас анықталса, олардың 7-еуі – 63-77 жас аралығындағы зейнеткерлер», - деді С.Әбдірайымов.

Бас дәрігердің айтуынша, АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу бойынша шаралар жүргізіледі.

«АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешені нәтижесінде вертикалды жолының үлес салмағы 1%-дан кем. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бала дүниеге келгеннен бастап біз өз емімізді жүргіземіз. Сол ретте сәбиді 18 ай бойында бақылауда ұстаймыз. 18 айдан кейін соңғы анализін жасап, дені сау ретінде анықтаймыз немесе есепке қоямыз», - деді ол.

С.Әбдірайымовтың мәлімдемесіне сай соңғы 9 айда АИТВ ауруымен 18 бала дүниеге келген.

«2019 жылдың соңғы 9 айындағы көрсеткіш бойынша 19 АИТВ ауруымен ауыратын әйел 18 баланы дүниеге алып келді. Бүгінде жұқпалы аурумен ауыратын әйелдер бала көтеруге қорықпайды, кейбірі тіпті 3 баласын босанып жатыр. Жүкті екені анықталған сәттен бастап біз науқасты есепке тіркейміз. Жүктіліктің 12-14 аптасына дейін бірінші анализ жасалады, ауру анықталмаған жағдайда 28-30 аптада қайталаймыз. 18 босанған әйелдің біреуінің ғана баласы АИТВ ауруымен науқас екендігі анықталды. Әйел Өзбекстан тұрғыны, 2017 жылы Нұр-Сұлтанға көшіп келген. Бірақ медициналық зерттеу жүргізілмеген, есепте тұрмаған, білімі жоқ, тек босану кезінде баланың ауру екендігі анықталды. Қазір ол бала бізде есепте тұр, ем алуда», - деді бас дәрігер.

ЖИТС орталығының зерттеуіне сәйкес, 22 жылда АИТВ жұқпасымен ауыратын әйелдер 181 баланы өмірге алып келген.

«1997 жылдан 2019 жылға дейін АИТВ жұқпасымен ауыратын әйелдер 181 баланы дүниеге алып келді. Бүгінгі күні олардың 120-сы есептен дені сау бала ретінде шығарылса, 40 бала бақылауда тұр, 11-і алыс-жақын шетелге, басқа өңірлерге көшті. Өкінішке қарай, 6 баланың АИТВ ауруымен ауыратыны анықталды. Ал 4 бала қайтыс болды», - деп қорытындылады С.Әбдірайымов.

Әсел ИБАДУЛЛА




Наверх