• USD 385
  • EUR 434

Билiк және саясат

Биыл 10 мың астаналық балаға жазғы демалыс орындарына жолдама беріледі - Бақыт Сұлтанов  

23 сәуiр, 22:29316
Автор: Elorda Aqparat

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елорданың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды Елорда Инфо

«Бүгінде бюджеттен 8 млрд теңге қаржы бөлініп ол 13 түрлі әлеуметтік шараларға жұмсалуда. Мысалы, мүгедектер мен олардың асыраушылары қоғамдық көліктерде тегін жүруі енгізілуде, одан бөлек көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1-11 сынып оқушылары осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бізде бұған дейін тек қана бастауыш сынып оқушылары  тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Сол сияқты аталған санатқа жататын отбасының балаларына жазғы уақытта демалыс ұйымдастырылады. Атап айтқанда, осы жазда 10 мың астаналық балаға жазғы демалыс орындарына жолдама беріледі, бұл мақсатта 500 млн теңге қаржы бөлу қарастырылуда. Сондай-ақ, аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан елордалық оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 638 млн теңге және осы санатқа жататын отбасыдан шыққан бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мақсатында  513 млн теңге қаржы бөлінеді», - деді Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, қала басшысы аз қамтылған және көп балалы отбасыларды толғандыратын тұрғын үй мәселесіне тоқталды.

«Бүгінде бас қалада  45 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның 20 мыңы аз қамтылған, көп балалы және мүгедек мүшесі бар отбасылар. Және 22 мыңы мемлекеттік және бюджет қызметкерлері. Қазіргі уақытта осы тізімдегілердің 188-не пәтер берілді, жалпы жоспар бойынша биыл 781 пәтер берілуі тиіс, бірақ бұдан бөлек жыл соңына дейін әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға қосымша қаржыландыру есебінен тағы 1800-1900 пәтер беріледі Бұл мақсатқа бюджеттен 1,3 трлн теңге қажет», - деді ол.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх