Қоғам

«Бесеудің хаты» көрсетілді

10 қазан, 10:3233

Нұр-Сұлтан қалалық мемлекеттік архивінде ҚР Президенті архивінің 25 жылдығына орай «Рухани жаңғыру: ашық қоғамға – ашық архивтер» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Осы шара аясында Алматыдағы Президент архивінің аса құнды құжаттар коллекциясынан тарихи-құжаттық көрме ұйымдастырылды. Көрмеге 53 құнды құжат қойылды. Оның ішінде халқымыздың ардақты азаматтары – Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Тұрар Рысқұлов және Сәбит Мұқановтардың өз қолдарымен толтырылған жеке парақшалары ұсынылды. Сондай-ақ 1925-33 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Голощекинге елде жаппай ашаршылық белең алған тұста тарихта «Бесеудің хаты», «Алтаудың хаты» деген атпен қалған қазақ зиялыларының хаттары да көрсетілді. Бұл хатты жазған азаматтардың дені қуғын-сүргінге ұшыраған.
ҚР Президенті архивінің Архив қорларын сақтау және мемлекеттік есепті қамтамасыз ету басқармасының басшысы Гаухар Бекішованың айтуына қарағанда, бүгінде аталған архивте 25 мыңнан аса құжат сақталған. Қазір көпшіліке қолжетімді болу үшін 160-тан аса құжатты архив сайтына шығарған.

«Президенттік архивте 1917 жылдан, яғни Кеңес өкіметі орнағаннан бастап, бүгінге дейінгі құжаттар сақталады. Сонымен бірге мұрағатта революцияға дейінгі сирек кездесетін фотосуреттер де бар. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында латынға көшу кезінде ғалымдар арасында түрлі пікірлер айтылған. Сол уақытта жаңа әліпби қоғамы құрылып, оны Ораз Жандосов басқарған. Соған байланысты біраз құжаттар бар» деді ол.

Сондай-ақ келушілер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Алматыға уақытша қоныс аударған, орыстың үлкен жазушылары – Михаил Зощенко мен Конс­тантин Паустовскийдің өз қолымен жазған жеке өмірбаяндық парақшаларын көрді.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх