• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Бас қаланың бұзақылары: «іKOMEK» бейнебақылау камерасына қандай оқиғалар түседі

19 тамыз, 13:31144
Фото Elorda aqparat мұрағатынан Фото Elorda aqparat мұрағатынан

Орталықтың бейнебақылау камерасы қаланың барлық аудандарында орналасқан. Әр кезекшілікте 20-дан астам оператор қала тіршілігін камера арқылы бақылап отырады. Бейнебақылау камерасына түрлі келеңсіз, қитұрқы, одан қалды қылмыстық оқиғалар ілігеді. Осы орайда Елорда Инфо тілшісі орталық басшылығы және операторларымен тілдескен болатын.

«Бейнебақылау қала тіршілігін толық бақылайды. Біздің бейнебақылау камерасына ұсақ-түйек тәртіпбұзушылықтан бастап, ірі қылмысқа дейін түсетін жайттар кездеседі. Көбінесе сол тұрғын үй коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелер ілігеді. Қалдықтың тазартылмауы, ауланың ластығы жаңбыр жауған кезде су басу және тағы басқа», - деді «іKOMEK» орталығының бейнебақылау операторы Шоқан Алтышев.

Бейнебақылау камерасын бір мезгілде 20-дан астам оператор кезекшілік арқылы 24 сағат бойы көз қақпай назарда ұстайды. Және бір оператор жобамен 500-600 камераны бақылауында ұстайды.

«Әр оператордың өзінің жауапты аумағы бар, сол бойынша қадағалайды. Яғни бейнебақылау камерасына қандай да бір жағдай түсіп қалса оператор оның нендей проблема екен анықтап, сол бойынша жауапты ұйымға хабарлайды. Мысалы, көшеде тәртіпбұзушылық орын алса және ол біздің камераға түсіп қалды делік. Ондай жағдайда бізде арнайы Полиция департаментінің қызметкерлері бар, біз оларға көрсетеміз олар одан әрі не істеу керектігін айтады да патрульдік полицияға хабарлайды. Сондай-ақ, тағы бір оқиға ерлі-зайыптылар арасында кикілжің болған, салдарынан күйеуі әйелінің көлігін айдап қашып кеткен. Әйелі тәртіп сақшыларына «көлігімді ұрлап кетті» деп хабарласқан. Кейін анықталғандай, көлікті айдауға ер адамның толық құқығы бар болып шықты, яғни тиісті құжаттары реттелген», - деді ол.

«іKOMEK» орталығының бейнебақылау камерасына тәртіп бұзу оқиғаларымен қатар, түрлі күтпеген жағдайлар да тіркеледі.

«Жуырда біздің бейнебақылауға бір оқиға түсті. Жансүгіров көшесі бойындағы психологиялық диспенсер ауданында көшеде тырдай жалаңаш жүрген ер адам түсті. Белгісіз ер адам аялдаманың артына барып шешініп, жол бойындағы өтіп бара жатқан барлық көлік жүргізушілеріне қолын бұлғап тұрды. Кейін анықталғандай, ер адам психдиспансерден қашып кетіпті. Патрульдік қызмет сол сәтте әрекет етіп тәртіп бұзушыны ұстады», - деді Ш.Алтышев.

іKOMEK орталығының баспасөз қызметіненіKOMEK орталығының баспасөз қызметінен

«Біздің камераға бір емес бірнеше рет түсіп қалған тұрғындар да бар. Олар камераның қайда орналасқанын біледі келесі жолы түспеуге тырысады. Немесе біздің бейнебақылау камераға қарап, оның түсіріп тұрғанын көріп, түрлі ерсі қылық көрсететіндер де бар. Сол сияқты түрлі ғимарат немесе тұрғын үй ауласына жиналып ішімдік ішіп отыратын жайттар да болады. Және де көлікті айдап кетумен қатар, көше төбелесі көптеп тіркеледі. Әсіресе демалыс күндері мейрамхана, клуб аулаларында жиі кездеседі. Сонымен қатар жағымсыз жайттардан бөлек, бейнебақылаудың көмегі де бар. Мысалы, жуырда аулада ойнап жүрген бала жоғалып кетіп, бейнебақылау арқылы оның келесі көрші үйдің ауласына ойнауға кетіп қалғаны анықталды», - деді бас оператордың міндетін атқарушы Дариға Оспанова.

іKOMEK орталығының баспасөз қызметіненіKOMEK орталығының баспасөз қызметінен

Бейнебақылау операторларына қойылатын басты талаптардың қатарына алдымен қырағылық, камераға түскен жайтты дереу сараптау және қаланы жақсы білуі қажет.

«Біздің бейнебақылау камерасына жиі түсетін тұрғын үй кешендері бар. Айтар болсақ, сол жағалаудағы «Инфинити», «Номад», «Сармат» тұрғын үй кешендері. Оң жағалауда Мұстафин, Қосшығұлов, Гете көшелері мен Бөгенбай батыр даңғылының бойы оқыс оқиғалар мен тәртіп бұзушылықтар жиі тіркеледі», - деді ол.

Орталық қызметкерлерінің мәлімдеуінше, қала бойынша көлік мініп кету оқиғасы көбінесе Байқоңыр, Алматы және Сарыарқа аудандарында тіркеледі.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх