• USD 385
  • EUR 434

Елорда резиденттері

Эксклюзив

Бас қаланы басқа шаһарға айырбастағым келмейді – Ирина Тен

20 маусым, 09:02300

«Қазақстан» Ұлттық арнасы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ирина Тен Елорда Инфо тілшісіне сұхбат берді.

Атымды 4 жастағы ағам қойыпты

Мен туғанда есімімді «Ирина» деп 4 жастағы ағам қойыпты. Қалай дейсіз ғой? Ағам Александр кішкентай кезінде Ирина есімді әкемнің әпкесінің қолында болып, тәтемізге қатты бауыр басып қалса керек, анамның айы-күні тақаған уақытта ішін ұстап тұрып: «Ирина, Ирина» деп, мені шақырады екен. Содан кейін ата-анам мені «Ирина» деп атапты. «Ирина» – грек тілінен аударғанда «бейбітшілік және тыныштық» деген мағынаны білдіреді.

Қазақ тілін жанымдай жақсы көремін

1992 жылы 16 желтоқсанда Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келдім. Аралдағы орыс мектебінде оқыдым. Оқушы кезімде мектепішілік түрлі іс-шараларды жүргізіп, байқауларға қатыстым. Қазақша-орысша қатар сөйлеп өстім. Жалпы, бала кезімнен қазақша еркін сөйлеймін. Менің қазақ тіліне деген қызығушылығымды байқаған мұғалімдерім де зор қолдау көрсетті. Әсіресе, тілді 4-5 сыныптарда тереңдетіп оқи бастадым. Жазғы демалыстарда әдеби кітаптарға көп зейін қоятынмын. Кейіннен олимпиадаларға қатыстым. Мұқағалидың өлеңдерін жаттадым. Арнайы дәптер бастап, оған қазақтың мақал-мәтелдері мен салт-дәстүрлері жайлы жазып жүретінмін. «Жеті қазына» деген кітапты оқып, тілімді біраз жаттықтырдым. Неге екенін білмеймін, бірақ қазақ тілі мен әдебиетін жастайымнан жанымдай жақсы көремін. Ата-анам мен ағам да қазақшаға жетік.

2 курста Ұлттық арнаның табалдырығын аттадым

Мектеп бітірген соң Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. 2 курсқа көшкенде Ұлттық арнаның табалдырығын аттадым. Бағыма орай, 18 жасымда «Таңшолпанға» жұмысқа орналастым. Сол кезде қазақ тілді журналистер ортасына қосылғанымда орысша оқығандығым бірден байқалды. Қазақша еркін сөйлегеніммен, әріптестер арасында тіл байлық жағынан айырмашылық сезілді. Осыдан кейін қазақ әдебиетіне, тіптен, көбірек көңіл бөле бастадым. Жалпы, қазір үш тілде еркін сөйлеймін. Бірақ ағылшын тілін әлі де үйрену үстіндемін. Тікелей эфир барысында шетелдік қонақтар аудармашысыз келген жағдайда сұрақты еріксіз ағылшынша қоюға тура келеді. Бірақ қазақ жерінде хабар таратып, Ұлттық арнаның студиясында отырғандықтан, қандай жағдайда да эфирде тек қазақ тілінде сөйлеуге тырысамыз.

Познерді пір тұтамын

Өмірде өзімнің анамды, ал журналистика саласында Владимир Познерді пір тұтамын.

Кино әлемінде бағымды сынап көрмекпін

Қолым қалт еткенде кітап оқып, сурет салып, фортепианода ойнап, ән айтқанды жақсы көремін. Сол сияқты кино көруді ұнатамын. Соңғы уақытта киноға түсуді де қолға бастадым. «Таңшолпан» бағдарламасының 20 жылдығына арналған қысқаметражды деректі фильміне, «Каникулы в Тайланде» комедиясына түстім. «Үзілмес үміт» телехикаясында Диананың рөлін сомдадым. Реті келсе, кино әлемінде әлі де бағымды сынап көрмекпін.

Астанада армандарым орындалды

Бас қалаға қоныс аударып, «астаналық» атанғаныма биыл 5 жылдан асты. Елордаға келгелі біраз арманым орындалды. Мәселен, бұрын «Елбасының бір шарасына қатысып көрсем ғой» деп армандайтынмын. Телекөпірлер, жекелеген концерттер сияқты Елбасының қатысуымен өтетін бірқатар шараны жүргіздім. Сондай-ақ осы уақыт ішінде «Ақпарат саласының үздігі» белгісі мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атандым. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің мүшелігіне қабылдандым.

Әлі де арманым көп, әрине. Бірақ оны орындалғанша айтпауға тырысамын. 

Елордаға ең алғаш рет 2012 жылы келдім

Елордаға ең алғаш рет іссапармен 2012 жылы келдім. Кейбір көрікті жерлерді көріп, көз қанықтырдық. Жас қала жақсы әсер берді. Бірақ уақыттың тығыздығынан қаланы асықпай аралауға, Бәйтерекке кіруге мүмкіндік болмады. Содан жарты жылдан кейін астанадан жұмысқа шақыру ұсынысы түсті. Бірақ мен бас тарттым. Оқуымды аяқтауым керек, сондықтан келуге асықпадым. Кейіннен «Таңшолпан» бағдарламасы Алматыдан бас қалаға көшірілді. Одан кейін студияға жүргізуші керек болғанда мен елорданы таңдадым. Ол – қаңтардың аязды, боранды күндері еді. Осында қоныс аударған кезімде Назарбаев орталығының маңында тұрдым. Аталмыш ғимарат ол уақытта пайдалануға берілмеген-ді. Жан-жағы ашық алаңқай-тұғын. Таңғы сағат 4.30-да жұмысқа шығатын кезде күн суық, дала қараңғы, жел гуілдеп тұрады. Шынымды айтсам, мен үшін өте қорқынышты болатын. Бірақ қазір бұл аумақта жағдай өзгерген. Назарбаев орталығының да жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жыл болды. Маңайынан зәулім ғимараттар бой көтеріп, банктер, ірі-ірі компаниялар ашылды. Осылайша, елорда көз алдымызда өсіп, көркейіп келе жатыр. Елордадағы ең сүйікті орындарым – Қазмедиа орталығы мен қаладағы барлық саябақтар.

Саяхат жасауға құштармын

Биіктіктен қорқамын. Бірақ жоғарыдан қарап, аспанмен таласқан ғимараттардың төбесінен бүкіл қаланың көрінісін тамашалағанды ұнатамын. Саяхат жасауға құштармын. Осы уақытқа дейін Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Испания, АҚШ сияқты әлемнің бірқатар еліне саяхаттап бардым. Әр қаланың өз ерекшелігі бар. Мысалы, Нью-Йорк – ұшы-қиыры көрінбейтін өте үлкен қала. Әлемнің арман қуған азаматтарының көбі осы Нью-Йоркте жиналса, Лос-Анджелес мүлде басқаша. Онда көбіне шығармашыл, ыстық ауа райын жақсы көретін адамдар бас қосады екен. Ал Сеул технологиясымен тартымды болса, Дубай топырақ үстіне тұрғызылған зәулім ғимараттарымен көз тартады.

Бас қаланы басқаға айырбастамаймын

Сол сияқты Нұр-Сұлтан қаласы да өз алдына ерекше. Алайда кейбір адамның «қысы суық» деп бас қалаға жатырқай қарайтыны да бар. Алматыдан көшіп келгендегі алғашқы сәтте мен де астананы біраз жатсындым. Бірақ бұдан былай бас қаланы басқа шаһарға айырбастағым келмейді. Мысалы, Алматыдан ұсыныс келіп түссе, енді ол жаққа қайтып баруға келіспейтін сияқтымын. Өйткені елордаға әбден үйреніп қалдым. Астананы қатты жақсы көремін. Жоғары технологиялардың барлығы елімізде ең бірінші болып елордада енгізіледі. Ел ішіндегі ең маңызды оқиғалар алдымен осында өтеді. Журналист ретінде сол қызықты оқиғалардың бел ортасында жүру – мен үшін үлкен бақыт.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх