Қылмыс және оқиғалар

Атырау дәрігерлері жаңа туған нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірген

04 қазан, 17:28433
Фотоны түсірген автор Фотоны түсірген автор

Елімізде денсаулық сақтау саласында жемқорлық індеті өршіп тұр. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты кезінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдулла мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«2017 жылдан бүгінге дейін медицина саласының қызметкерлеріне қатысты 254 іс қозғалды. 77 ақхалатты сотталды. Жемқорлық мейлінше көп тіркелген өңірлер мен қалалар: Қызылорда (29 факт), Нұр-Сұлтан қаласы (23 факт), Маңғыстау, Қарағанды, Түркістан 20 қылмыстан жоғары. Шығын көлемі 855 млн теңгеден көп. Қазір оның жартысынан көбі қайтарылды. Оның басым бөлігі денсаулық сақтау мекемелерін салу, мемлекеттік сатып алу, құжаттарды беру барысында анықталады», - деді ол.

Ол сондай-ақ, осы аптада Шымкент қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі Түркістан облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастағанын айтып өтті. Ол 38,5 млн теңге қаржыны ауруханасының жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жымқырған.

Шыңғыс Қабдулла Атырау облысындағы адам сенгісіз қылмысты айтып, проблеманың тағы бір шетін қозғады.

«Атырау облысындағы перинаталды орталықтың лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі іске ерекше тоқталғым келіп отыр. Арнайы жедел іс-шаралардың нәтижесі бойынша сәби туғаннан кейін салғырттықпен өлі туған ретінде ресімделгені анықталды. Ал шын мәнісінде ол тірі болатын. Сәбидің тірі екені туралы белгілері байқалғанмен ақхалаттылар рәсімделген құжат бойынша іске кірісіп, оның өміріне бей-жай қараған. Яғни сәбиді өлді деп тоңазытқышқа салып қойған. Дәрігердің іс-әрекетінің себептерінің бірі базада толтырылған құжаттар болды, олар түзетілуі мүмкін емес. Біз нәрестенің өмірін аман алып қалу үшін үлгеріп баруға тырысқан едік, бірақ бәрі тым кеш болды», - деді Шыңғыс Қабдулла.

Қазір осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша адам өлімі туралы іс қозғалды. Перзентхана басшысы, акушер-гинеколог, босануды қабылдаған мамандар тергеуден өтіп жатыр.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх