Елорда резиденттері

Астананың суын алаңдамай ішуге болады – болашақ ғалымдар 

28 қазан, 23:30566

№59 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушылары Алуа Ысқақ пен Зарина Ілияс елордадағы ауыз судың сапасын зерттеп, осы тақырыпта ғылыми жоба жазды, деп хабарлайды Елорда Инфо

Бастауыш сынып мұғалімі Айсұлу Қыртанованың жетекшілік етуімен жазылған жоба барысында оқушылар судың қасиетімен танысып, Нұр-Сұлтан қаласындағы су тазалау жолдарын зерттеп, ондағы туындайтын мәселелерді анықтады. Адам денсаулығы үшін ауыз су сапасының маңыздылығына көз жеткізді.

Зерттеу жүргізу жолында оқушылар мамандармен кездесіп, кітапханада материалдар ақтарып, интернет желісіне де көз сүзіп, талмай еңбектенген. Олардың мәліметінше, республика аймағында түрлі мақсаттарға сай ашылып, зерттелген 633 жер асты су қоры бар.

Алуа мен Зарина Нұр-Сұлтан қаласында суды тазартуда үш әдістің қолданылатынын айтады. Оның біріншісі – механикалық әдіс. Осы әдіс арқылы суды құмнан тұнатын және қалқып шығатын заттар техникалық құрылғылармен жойылады.

«Қаламызда бұл процесс ұсақ түйірлі сүзгіштер арқылы іске асырылады. Көлемі әртүрлі бөлшектерге қарай әртүрлі конструкциялық торлар арқылы су сүзіледі. Екіншісі – химиялық әдіс. Бұл әдіс барысында суды тазалау үшін әртүрлі химиялық заттар қолданылады. Бірақ соңғы кезде ғалымдар хлордың адам ағзасына тигізетін кері әсерін дәлелдеп, тазалаудың бұл әдісіне шектеу қойып жатыр. Дегенмен химиялық әдіспен ластанған сулардағы ерімейтін зиянды заттарды 95 пайызға дейін азайтуға болады. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласында бұл әдіс қолданысқа ие. Бірақ хлорлы тазалаудан кейін су арнайы тазартқыш сатылардан өтеді. Ал суды тазалаудың биологиялық әдісі арқылы микроскопиялық өсімдіктер мен жануарлар өсіріп, арнайы құтыда үстінен су толтырады. Төменгі жағынан қатты ауа ағынымен үрлейді. Ауамен үрлегенде және органикалық заттардың көп мөлшерде бактериялар қарқынды өсіп, олар органикалық зиянды заттарды ыдыратып тастайды», – дейді олар.

Болашақ ғалымдар елорданы ауыз сумен қамтамасыз ететін «Астана су арнасына» да барып, мамандармен кездесіпті.

«Астана су арнасы» – Нұр-Сұлтан қаласының су құбыры-кәріз кешенін жетілдіру мақсатында заманауи технологияларды пайдаланатын Қазақстандағы ең ірі су құбыры-кәріз шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Кәсіпорын Нұр-Сұлтан қаласын тәулік бойы 200 мың текше метр көлеміндегі сумен қамтамасыз етеді», – дейді зерттеушілер.    

Суды тазалау жолдары өте күрделі процесс екені белгілі. Бұл тұрғыда болашақ ғалымдар үй жағдайында суды тазалау жолдарын да қарастырыпты.

«Су шикі және қайнаған болады. Краннан ағып жатқан су шикі. Қайнатқан кезде судан көптеген ерітілген элементтер шығады. Сондықтан қайнатылған су крандағы суға қарағанда дәмсіздеу. «Астана су арнасы» сіздердің пәтерлеріңізге дайын тазартылған ауыз суын жібереді. Ол су пәтерге жеткенше бірнеше сатыдан тұратын тазалаудан өтіп, тексеріледі. Тексерісті «Астана су арнасының» арнайы сынақ зертханасы халықаралық стандарттарға сай жүргізеді. Судың сапасын сараптаған ҚР Санитарлық қызметі мен Мемлекеттік стандарты елорданың суы қауіпсіз деген шешім шығарған. Сондықтан оны алаңдамай ішуге болады. Краннан суды ағызғында оның біршама хлор иісі бар. Яғни бұл дегеніміз –бактериологиялық ластанудан тазаланған стандарттарға сай су. Хлордың біршама қоспасы денсаулыққа зиян келтірмейді. Егер хлордың иісі бар суды ішкіңіз келмесе, оны ашық ыдысқа құйып, тұндырыңыз, иіс буға айналады, ал қайнаған кезде мүлдем жоқ болады», – деп жазған Алуа мен Зарина өздерінің зерттеулерінде.

Олардың сөзінше, астанада қолданылатын судың мөлшері норма бойынша әр тұрғынға тәулігіне 332 литр суық және ыстық су шығындалады. Мысалы, 5 минут бойы  душ қыбылдаған кезде 100 литр су жұмсалатын көрінеді. Су ашық күйінде қалдырылса, сағатына 1000 литр су ағады деседі. Сондықтан болашақ ғалымдар суды ұқыпты пайдалануға кеңес береді.  

«Біздің қаламыздың санитарлық тазалығы мен адамдардың денсаулығы – тек «Астана су арнасы» сияқты арнайы кәсіпорындар мен мекемелердің ғана міндеті емес. Бұл – әр адамның міндеті. Біз суды тазарту үшін көптеген бөлімдердің қызмет атқаратынын білдік. Бізде оларға көмегімізді тигізе аламыз. Химиялық заттарды пайдаланбас бұрын оның нұсқаулығын дұрыстап оқып алу керек», – дейді жас зерттеушілер.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх