Руханият

Астанадағы мектептерге ұлт зиялыларының есiмін беру жоспарда бар – Д.Қамзабекұлы

31 қазан, 19:0885

Бүгiн Алаш қайраткерлері, ұлт ағартушылары Сұлтанбек Қожанұлы, Хайретдин Болғанбай, Асылбек Сейіт, Телжан Шонанұлының 125 жылдығына арналған «Ұлылыққа тағзым» атты тарихи-танымдық іс-шарасы ɵттi, деп хабарлайды Елорда Инфо тiлшiсi. 

Салтанатты жиын Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінiң ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Оқушылар сарайында ɵткен кеште Алаштың аяулы азаматтары туралы бейнесюжеттер көрсетілiп, ұлт тұлғаларын, тарихи жолын зерттеуші ғалымдар ой-пікірлерін ортаға салды. 

"Ɵз заманында ұлт ағартушылары Сұлтанбек Қожанұлы, Хайретдин Болғанбай, Асылбек Сейіт, Телжан Шонанұлы қазақтың бiлiмiне, мақсатына қызмет еткен. Мағжанның бiр шығармасы бар. Сол шығармасында бiздiң қайраткерлерiмiзге қатысты ɵзiндiк пiкiрiн айтқан. Кейбiрiн кɵтермелейдi, ендi бiрiн сынайды. Сонда "бiр кеңi жоқ, бiр кемi жоқ Болғанбай" деп баға берген екен", – дедi филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дiң проректоры Дихан Қамзабекұлы.

Сонымен қатар Хайретдин Болғанбайдың ɵз уақытында ұстаздық етiп, бiраз адамның бiлiм алуына еңбек сңiргенiн айтты. Дихан Қамзабекұлы ел астанасындағы мектептерге танымал тұлғалардың, ұлт зиялыларының есiмiн беру жоспарланып отырғанын айтып, əңгiменiң тағы бiр шетiн шығарды.

"Университетiмiзге Мемлекеттiк хатшы Қырымбек Кɵшербаев келдi. Астанамыздағы мектептерге Алаш зиялыларының есiмiн беру туралы идеяның қозғалғанына кемiнде 9-10 жыл болып қалды. Мектеп басшылығы Кенесары ханның да атын сұрайды. Бiрақ ол жүзеге аспай жатыр. Осы идеямызды Мемлекеттiк хатшыға айттық. Ол зиялы қауым ɵкiлдерiнiң бұл ұсынысын тиiстi орындарға жеткiзетiнiн айтып қуантты", – дедi ол.

Кеш тɵрт бɵлiмнен ɵтiп, оның əрқайсысында аты аталған ұлт зиялыларының еңбегi кеңiнен баяндалды. Сонымен қатар дəстүрлi əндер мен күйлер орындалды.

Шара соңында «Менің көшем» жобасы аясында әлеуметтік желілерде жолданған сауалдарға дұрыс жауап беріп, белсенділік танытқандар марапатталды.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх