• USD 381.4
  • EUR 427

Қоғам

Астанада Наурыз мейрамы қалай ұйымдастырылады

12 наурыз, 12:43257
Автор: Elorda Aqparat
Суретті түсірген Сұлтан Сейітов Суретті түсірген Сұлтан Сейітов

21 наурызда Астанада көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамына орайластырылған халықтық серуендер басталады, деп хабарлайды Елорда Инфо қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Елордада алты алаңда киіз үйлер тігіліп, этноауылдар ашылады. Келушілер мерекелік концерттік бағдарламаларды тамашалап, қазақ күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және армрестлинг сияқты ұлттық спорт түрлерінен күш сынасады. Астана тұрғындары мен қонақтары бауырсақ, палау, наурыз көже, ірімшік тағамдарынан дәм татып, алтыбақан тебеді. Жалпы Наурыз мейрамының құрметіне Астанада 50-ге жуық киіз үй мен 10-нан артық алтыбақан орнатылады.

Сонымен қатар, 22 наурызда ашық алаңдарда да жалпықалалық шаралар өткізіледі. Басты мерекелік шаралар Қазақстанның Тәуелсіздігіне 25 жыл монументінің жанындағы алаңда (ЭКСПО ауданы), әкімдіктің алдындағы Қалалық алаңда, Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда, Жетісу саябағында, «Жастар» сарайының алдындағы алаңда және «Жастар» театрының жанында (ескі вокзал аумағы) ұйымдастырылады.

Наурыз мейрамы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ұлттық этноауылдан басқа, ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы тақырыптық музей-киіз үйлерді, ұлттық салт-дәстүрлерді, театрландырылған қойылымдарды, айтыс пен қазақстандық эстрада жұлдыздарының және қалалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін концерттерді тамашалай алады. Бұдан басқа, келушілер қышшылардың, зергерлердің, киіз басу мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолдан жасалған бұйымдарымен танысады.

Қала маңындағы тұрғын алаптарында да халықтық серуендер форматында мерекелік шаралар ұйымдастырылады. 18-22 наурыз аралығында Казгородок (№55 ОМ), Өндіріс (№49 ОМ), Железнодорожный, Интернациональный, Мичурино, Промышленный, Пригородный («Хозяюшка» дүкенінің алдындағы алаң, Новый аэропорт к-сі), Үркер, (№69 мектеп-гимназиясының алдындағы аумақ), Көктал-1 («Наз» Мемлекеттік би театрының аумағы), Көктал-2 (№68 ОМ) тұрғындары Ұлыстың Ұлы күнін тойлайды. Бұдан басқа, «7-Я», «Ақбұлақ таун», «Қайнар», «Апато», «Достар», «Саламат», «Зерде» тұрғын үй кешендерінің ауласында мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылады.

Биыл Астанада Наурыз мейрамы құрметіне ірі спорттық шаралар өтеді. 21 наурызда сағат 21:00-де «Астана арена» стадионында футболдан Еуропа Чемпионаты-2020 (EURO-2020) іріктеу циклы аясында Қазақстан мен Шотландия құрама командаларының кездесуі өтеді.

Сондай-ақ, мерекеге орай Қазақ күресінен алғаш рет шығармашылық өкілдері арасында «Өнер Барысы» республикалық турнирі ұйымдастырылады. Бұрын хабарланғандай, дүбірлі дода 21 наурызда сағат 14:00-де «Дәулет» спорт кешенінде өтеді. Елімізге танымал артистер мен музыканттар боз кілемге шығып, белдеседі. 20-дан астам балуанның ішінде бірде-бір кәсіпқой спортшы жоқ. Әншілер, айтыскерлер, актерлер, КТА-ға қатысушылар ұлттық спорт түрінен шеберлік байқасады. Қайрат Нұртас, Абай Аязбаев, Серік Ибрагимов, Мейіржан Төребаев, Амангелді Өтешов, Асылхан Төлепов, Артур Төлепов, Аян Өтепберген, Нұрлан Мұсаев, Еркебұлан Дайыров, Әлібек Серғалиев, Нұрболат Абдуллин, Ардақ Байғабыл, Ғалым Махамбетов, Ақболат Өтебай, Сырымбет Бибосынов, Хамит Ердехан және басқалары күш сынасады.

Сонымен қатар, 24 наурызда Наурыз мейрамына орай Есіл өзенінің жағасында қалалық триатлон-паркте Astana Nauryz Marathon ірі қайырымдылық спорттық шарасы өткізіледі. Жарыс жолына шыққан 1000 аса адам төрт дистанцияға жүгіреді, кәсіпқойлар – 21 км, әуесқойлар – 10 км, енді ғана жүгіре бастағандар – 5 км, балалар мен жас спортшылар – 500 м.

Марафон ақылы, оған қатысу үшін мына  www.astananauryzmarathon.kz сілтеме бойынша тіркелу қажет.

Сондай-ақ, мереке күндері Астанада қай жерде қандай шара өтетіндігі жайлы инфографикада көрсетілген.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх