• USD 377.9
  • EUR 429

Қоғам

Астанада медициналық мекемелер мен дәрігерлердің рейтингі жасалады

12 ақпан, 18:30129

Астанада медициналық мекемелер көрсеткен қызметті бағалап, кері байланыс орнату мақсатында жаңа ақпараттық жүйе енгізілуде, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Бүгінде Астанадағы барлық медициналық мекемелерде QR код орнатылуда. Ол арқылы ем алушы сауалнама бөліміне өтіп, сол мекемеде көрсетілген қызмет туралы пікір қалдыра алады. Соның нәтижесінде әрбір мекеме қызметіне талдау жасалып, олардың госпитальдық қызметі бойынша рейтингі жасалады», - деді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Нәдіров қаланың тыныс-тіршілігіне арналған отырыста.

Оның айтуынша, аталған жаңашылдық медмекемелердің қызметтік көрсеткішін онлайн режимде мониторинг жасауға септігін тигізеді. Сонымен қатр, Smart Astana қосымшасы арқылы жинақталған пікірлер негізінде дәрігерлердің де рейтингі жасалады.

«Айта кету керек, сауалнама дәрігерлердің кәсіби тәжірибесі мен құзыретіне қатысты емес. Олардың этикалық деңгейіне қатысты, яғни дәрігер қабылдау кезінде пациентке тиісті назар аударды ма немесе қандайда бір дөрекі әрекет көрсетпеді ме деген мағынада. Медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру мақсатында, біз емделушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық стандартын енгізудеміз», - деді ол.

Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, қаладағы iKomek жедел әрекет ету орталығына медқызметкерлердің бейәдеп әрекетіне қатысты 68 шағым түсті, бұл жалпы алғанда көрсетілген медициналық қызметтің 0,01% құрайды.

«Жыл басынан бері 465 мың адам қаладағы емханалар қызметіне жүгінді, 25 мың адам стационарлық жағдайда емделді және 50 мың рет жедел жәрдем көмегі шақырылды. Осылайша үстіміздегі жылдың қаңтар айында елордалықтарға 540 мың медициналық көмек көрсетілді», - деді Қ.Нәдіров.


Ыңғайлы уақытта телефондарыңыздан елорданың жаңалықтарын оқи отырыңыздар. Ол үшін Telegram Еlorda Aqparat жазылыңыздар 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх