• USD 382.5
  • EUR 432

Елордада жасалған

Шебер: Ұлт аспаптарын жасаушылардың басын қосатын орталық керек

13 мамыр, 09:01362
Автор: Elorda Aqparat

Ұлттық аспаптар, қолөнер, ұлттық үлгідегі жиһаздар мен тұрмыста қолданылатын оюланған, кестеленген әртүрлі бұйымдарға күн санап қызығушылық артып келеді. Нарықтың заңдылығына сәйкес бұрын Қытайдан жеткізілетін мұндай бұйымдарды қазір еліміздегі шеберлер өздері-ақ жасап шығарып жүр. Себебі сұраныс бар. Осындай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, асқан ыждаһаттылықпен аспаптар жасап жүрген астаналық ағайындылар Айбат және Көгеймен жолығудың сәті түсті. Көгей қазір жетіген аспабын жасайтын еліміздегі ең жас мықты шебер болып саналады. Бірнеше жыл бойы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі шеберханасында аспаптарды жөндеп, күйге келтірумен айналысқан. Қазір ағалы-інілі шеберлер елордада өз шеберханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

 

 

Сіздер аспап жасауды кімнен үйрендіңіздер? Қашаннан бері осы кәсіппен айналысып келесіздер?

 

Айбат: Шеберлік пен ән мен күйге жақындық қанмен берілген қасиет. Әкеміз Меллат Сайфолла шертпе күйдің шебері. Ағайымыз Қайрат Сайфолланы жұртшылық Қытайдағы біздің Шәмшіміз дейтін. Кішкентай кезімізде үйімізге әншілер, күйшілер, басқа да өнерпаздар жиі қонақ болып келуі бізге әсер еткен болар бәлкім. Олардың өнерін, әсерлі әңгімелерін жастайымыздан құлағымызға сіңіріп өстік. Соларға еліктедік. Үйімізде 32 жыл бұрын жасалған домбырамыз әлі де сақтаулы тұр. Сол қалпы. Аспапты күтіп ұстасаң жылдар бойы күмбірлеген дыбысын естіп, құлағыңның құрышын қандырасың. Ағашы кепкен сайын аспаптың үні де жақсара береді. Сонымен қатар әкеміз жиһаз, тұрмыстық бұйымдарды, қыздың жасауына қосатын дүниелерді жасаудан алдына жан салмайтын. Ол кісі ағаштан жиһаздар мен аспаптар жасағанда жонып, оюын түсіру сияқты ұсақ жұмыстарына қолғабыс ететіп жүріп әбден жаттықтық. Бірде әкем кәне өзің бір аспапты басынан аяғына дейін жасап көрші деген ұсыныс айтты. Сөйтіп алғашқы домбыраны жасап шықтым. Тырнақалды дүниемді 100 юаньға сатқаным да есімде. Ол кезде бұл қомақты қаржы еді. Одан кейін қызығушылығым айтып, бағасы әлдеқайда қымбат аспаптар жасауға көштім. Ақыры осы салаға біржола келдім десем болады.

-       Аспап жасау жалпы неден басталады? Қалай жасалады?

Айбат: Аспап жасауға қолданылатын ағашты күннің көзіне қоймайды, әйтпесе жарылып кетуі мүмкін. Көлеңкеде жатып, табиғи жағдайда кептіріледі. Қазір енді техниканың дамыған заманы ғой. Ағашты кептіретін арнайы жабдықтар бар. Негізі аспап жасауға соншалықты көп құралдар қажет емес. Машықтануың мен әуенді, табиғи үнді тани білуің әлдеқайда маңызды. Елорда бойынша алсақ аспап жасайтын шеберлер аз, олардың ішінде осы саладағы кәсіби мамандар саусақпен санарлықтай ғана. Кейбір адамдар аспаптың қалыбын, сыртқы пішінін жасап шығаруға әбден төселген. Бірақ өзі домбыра шерте алмайды немесе домбыраның қоңыр үнін ажырата білмейді.  Домбыра, жетіген, қобыз басқа да аспаптар жасаймыз. Екі түрлі қобыз  бар. Қыл қобызға кәдімгі аттың қылы қойылады. Шындап келгенде осы қыл қобыз ең таза аспап. Таза тері, таза қыл, таза тері тағылады. Оған желім де жақпаса болады.

- Аспаптардың бағасына тоқталсаңыз.

Көгей: Ең арзан домбыраның бағасы 35 мың. Ал жалпы жасап жатқан домбыралардың орташа бағасы мың доллар шамасында. Одан әрі көркемдеп, бағалы тас орнату жағынан қарай бағасы қымбаттап кете береді. Шамамен айына 20 шақты домбыра сатылады. Оның біреуі 150 мыңдық, біреуі 35 мыңдық, біреуі одан да қымбат болуы мүмкін. Бұдан өзге басқа да аспаптар бар. Негізі тапсырыс берушілер өте көп. Бірақ шеберхана құрылысы бітпегесін, шеберлер жетіспеушілігінен көптеген тапсырыстарды қамтып үлгермей жатырмыз. Бағасы 35 мың тұратын домбыра 2-3 күнде дайын болады. Жетігеннің бағасы 160-250 мың шамасында. Қобыздың бағасы 80-250 мыңдай.

-Қазір бірқатар өнерпаздар электрондық домбырамен сахнаға шығып жүргенін байқаған боларсыз. Бұған қатысты пікіріңіз қандай, жалпы сіздер де электрондық қобыз, жетіген не басқа да аспаптар шығару ойларыңыз бар ма?

Айбат: Электрондық домбырамен сахнаға көбінесе әдемілік, шоу жасау үшін шығып жүргендей әсер қалдырады. Ол жерде дыбыс күшейткіш құралдар арқылы домбыраның дауысы бүкіл залға жетеді. Көпшілік дыбыс тазалығы, үннің табиғилығына қатысты ара -жігін ажырата білмегендіктен домбыраның дыбысы осы екен деп қабылдай береді. Электрондық рояль, ямаха бар ғой. Оларға рояльді тарттырып, әрбір дыбысты компьютердің арнайы бағдарламасы арқылы енгізіп тастаған. Сосын, сіз қай тілшікті басасыз, соған меншікті дыбысты беріп тұрады. Ал электрондық домбыра қазақы домбыраға ғана тән табиғи үнді ешқашан шығара алмайды деп ойлаймын. Елдер домбыраның үні осы деп ойлағанымен, өзіміздің дыбыстарымыз дәл сол шынайы күйінде беруге келмейді. Керемет күйшілер, кәсіби музыканттар сол себепті электрондық домбыраға жоламай жүр. Егер электрондық рояль сияқты бағдарламамен орналастырып берсе әрине дұрыс. Бірақ бұл күрделі жұмыс, оны ешкім қолға ала қойған жоқ. Шекті домбыраны қажетінше қағып, тербеуге болады. Ал электрондық домбырамен бұл дыбысты қалай шығарасыз?

-Қазақ үшін домбыраның орын ерекше. "Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ -домбыра". Оны шерте білетіндер де, сататындар да, өздеріңіз сияқты жасайтын шеберлер де баршылық. Ал жетіген, қобыз аспаптарын көбінесе кімдер алады?

Айбат: Қарақат мектебінің жұмыс жасауы нәтижесінде жас балалардың жетігенге деген қызығушылықтары артып келеді. Байқап қарап отырсақ жетігеннің 90 пайызы балаларға арналып жасалады. Музыкалық мектептің балалары көп олардың ішінде. Бізге сонымен қатар сыйлық үшін де тапсырыс беріп жатады.

-Енді ғана домбыра не басқа аспапта ойнауды үйреніп жүрген балаларға кейде ата-анасы базардан әперіп жатады. Осы орайда базардағы домбыралардың қаншалықты стандартқа сай екенін айта өтсеңіз.

Көгей: Кішкентай балаларға дұрыс, лайықты  аспап әперу мәселесі өте маңызды. Мысалы, балаңызға велосипед теуіп үйрету үшін оған дөңгелегі дұрыс айналмайтын, шынжыры қайта-қайта шығып кететін әперсеңіз оның ынтасы арта ма? Жоқ. Велосипед деген осындай екен деген түсінік қалыптасады. Домбыра да дәл солай. Әу бастан талғамын жоғары, дұрыс етіп қалыптастырған жөн. Базардағы домбырада стандарт жоқ. Қарақалпақстанда 2500 теңгеге жасалған домбыраларды бізде 8 мың теңгеге сатуда. Базардан алған аспапты бәрібір күйге келтіріп, жөндеуге тура келеді. Домбыра деген көркем өнер, одан көркем дыбыс шығуы керек. Дыбысы таза, үні анық. Балаға аспап таңдағанда бағасы мен әдемілігіне қарап емес, маманның немесе шебердің кеңесімен таңдаған жөн. 5-6 жастағы бала 44 өлшемдегі домбыра, ересектерге 48 өлшем лайық.

-Бізде бұл сала қаншалықты жолға қойылған? Аспаптарды әр маман өз білгенімен жасап жүрген жоқ па?

Айбат: Қазақстанда аспап жасаушылардың басын біріктіретін іргелі ұйым жоқ. Шеберлердің арасында байланыс орнатылмаған. Сырттай бірінің жасаған дүниесін бірі қарап, өзінше үйреніп жүргендей. Мысалы Қытайда бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. 5 мыңдай адам жұмыс жасайтын орталық бар. Онда жұмыс істейтін қызметкерлердің шамамен 20 пайызы тек аспаптарды зерттеумен айналысады. Егер осындай орталық бізде де ашылып, ол жерде мамандар зерттеу жұмысымен айналысса құба құп. Сол кезде жұмыс жүйелі жүрер еді. Назардан тыс қалып жатқан, көп жағдайда сырт көзге білінбей елеусіз қалып жатқан мәселелер алдыңғы қатарға шығып, шешімін табар еді деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рахмет!



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх