Экономика

Асқар Мамин «Родина» агрофирмасының жұмысымен танысты

09 қараша, 19:3857
Автор: Elorda Aqparat
Дереккөз: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі Дереккөз: ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Асқар Мамин елорда айналасында «азық-түлік белдеуін» құру аясында Ақмола облысының Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС жұмысымен танысты, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы техникасы паркін, сүт кешені мен «Родина» агрофирмасының зауытын аралады. Сондай-ақ Родина ауылының әлеуметтік инфрақұрылымдық нысандарын аралап, хоккей корты мен орта мектепті және супермаркет пен жайлы пәтерлерді көрді. 

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне зор көңіл бөліп отыр. Сіздердің агрофирмаларыңыз – Қазақстандағы жетекші әрі үлгілік кәсіпорындардың бірі, жинақталған тәжірибені еліміздегі басқа да шаруа қожалықтарына тарату қажет», – деді Асқар Мамин.

«Родина» агрофирмасының басшысы И. Сауэр Премьер-министрге кәсіпорынның жұмысын одан әрі кеңейту жөніндегі жоспарлары туралы баяндады. 

«Родина» агрофирмасы – 2005 жылы аттас кеңшар базасында құрылған, Қазақстандағы өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша жетекші шаруа қожалықтарының бірі. Мұнда 520 адам жұмыс істейді. Соңғы үш жылда орташа жылдық өндіріс көлемі 2,52 млрд теңгені құрады. Агрофирма сиырларды сауу және қолда бағу үшін цифрлық технологияларды, жел-энергетика қондырғысы мен басқа да озық технологиялық жүйелерді пайдаланады. 

Айта кетсек, егіс алқаптары құрылымына бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдар мен күнбағыс, зығыр майы секілді майлы дақылдар, сүрлемге жүгері, бір жылдық және көп жылдық шөптер, картоп, көкөністер кіреді. Сондай-ақ аталған шаруа қожалық қара шұбар және голштино-фриз тұқымды ірі қара малды өсіретін асыл тұқымды мал зауыты дәрежесіне ие. 




Наверх