• USD 385
  • EUR 434

Өңірлер жаңалығы

Ақмола облысының 9 мыңнан астам адамы тегін медициналық қызмет алды

06 тамыз, 09:21101
Автор: Elorda Aqparat
Фото sk-trust.kz сайтынан Фото sk-trust.kz сайтынан

Медициналық пойыз дәрігерлеріне Ақмола облысының 9 мыңға жуық шалғай станция тұрғындары қаралып, тегін медициналық қызмет алды, деп хабарлайды Елорда Инфо «Samruk-KazynaTrust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорына сілтеме жасап.

Ақмола облысында пойыз қызметіне 9 498 адам жүгінді, 3251 адам тексерістен өтті, оның ішінде 520-сы – бала, 463 шағын хирургиялық ота жасалды, 198 ФГДС процедурасы мен 1779 УДЗ (УЗИ) жасалып, 372 адам флюорографиядан өтті. Тұрғындар арасында ең көп қаралған дәрігер кардиолог болды, ол 1090 адамды қабылдаса, терапевт дәрігер 1182 адамды қабылдап үлгерген.

«Біз Ақмола облысының балаларын тексерістен өткіздік. Ерекше атап өтетіні, осы аймақта 4 жасар балада алғаш рет аутизм диагнозын анықтадық. Сонымен қатар, балалар арасында аллергиялық аурулардың, атопиялық дерматит, бронх демікпесінің және асқазан-ішек жолдары ауруларының көбею тенденциясы байқалады. Бұл жерде ата-ананың қамқорлығы балалардың тамақтануы мен физикалық дамуы үшін өте маңызды. Сондай-ақ, жүрек аурулары, тоқ ішек және зәр шығару жүйесінің аурулары жиі кездеседі. Біз бұл балалардың емделуін бақылауға алдық, емдік шараларға кеңес пен мамандандырылған медициналық мекемелерге жолдама бердік», - дейді балалар пульмонологы Гүлмира Нажахмет.

Пациенттердің арасында жыл сайын медициналық пойыз дәрігерлеріне тексеріліп тұратын зейнеткерлер де бар.

«Біз барлық дәрігерлерге бізді жақсы қарсы алып, құнды кеңестер беріп, дәрі-дәрмектерге рецепт жазып беріп жатқандары үшін үлкен алғыс айтамыз. Және осындай шалғай станцияларға келіп жатқандарыңыз үшін де рахмет. Мен медициналық пойыздың қызметіне бірінші рет жүгініп тұрғам жоқ, жыл сайын келемін, себебі дәрігерлер жұмыстарын өте сауатты атқарады, олар бізге шын мәнінде үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бүгін мен ЛОР және окулист дәрігердің қабылдауында болдым», - дейді Ақмола облысының тұрғыны, 78 жастағы Мария Кухарская.

Биыл медициналық пойыз өз жұмысын Алматы қаласынан бастап, жоспар бойынша Қазақстанның барлық облыстарын аралайтын болады. Жоба аясында медициналық көмекке қолы жетпейтін шалғай аудандар мен алыс орналасқан ауылдардың тұрғындарына тегін медициналық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Медициналық бригада құрамында терапевт, стоматолог, окулист, маммолог, невропатолог, кардиолог және тағы да басқа дәрігер мамандар бар.

«Біз медициналық пойыз жұмыс істейтін шалғай станциялардың тұрғындарынан үнемі оң пікірлер аламыз. Дәрігерлер тұрғындарды аптасына жеті күн, демалыссыз қабылдайды. Осылайша, 29 сәуірден бастап қазақстандықтардың 14,5 бөлігі тексерістен өтті, оның 2,5 бөлігі балалар. Статистика мәліметтері көрсеткендей көбінесе тұрғындар терапевт, офтальмолог және кардиолог дәрігерлердің қызметіне жүгінеді», - деп атап өтті «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх