Руханият

Ақ жаулықты аналар мен абзал ақсақалдар салт-дәстүрді ұлықтады

05 маусым, 17:14288

Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданы ақжолтай бастама көтерді. Аудандық әкімдік пен Ардагерлер кеңесі бүгін Ж.Жабаев атындағы № 4 мектеп-гимназияда «Салт-дәстүрлер – халықтың асыл қазынасы» атты аудандық ашық байқау өткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Байқауға елордамыздың Алматы, Есіл, Сарыарқа аудандарынан да үміткерлер қатысты.

«Ақсақалдың ақ батасы» номинациялары бойынша ұйымдастырылған сайыста іріктелген 25 үміткер бақ сынады.

Бұл байқау Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламалық мақалаларының негіздерінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеу, ұлттың тарихи және рухани құндылықтарын насихаттауға қолдау көрсету, рухани тәрбие жұмыстарын атқаруда ардагерлердің қоғамдағы орны мен рөлін көтеру, жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлерінің негізінде тәрбиелеуге бағытталған. Мектептің кіреберіс залында ұлттық қолөнер көрмесі мен оркестр концертін тамашалаған жұртшылықтың көтерілген көңіл-күйін аңғардық.

Байқаудың қазылар алқасында Республикалық және астаналық Ардагерлер кеңестерінің басшылары Өмірзақ Озғанбаев пен Сансызбай Есілов, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Базаркүл Сыздықова және басқа да белгілі азаматтар мен қоғам қайраткерлері болды.

Хайдар Әбдірахманұлы, Абылай Әлиев, Серік Әлжанов, Сақташ Әлсейітов, Амангелді Қабиев, Серік Орал, Қуат Рақымжанов, Торғауыт Шахзада, Мелс Ысқақов сынды аталарымыз өнегелі өнерімен көзге түссе, Кенжетай Жанұзақова, Жамал Каленова, Күлпаш Қалқабекова, Баян Қапашева, Сапа Қайыржан-тегі, Кенжетай Нұркенова, Несібелді Орал, Бейсекүл Рахымбаева, Самал Сабырова, Айсұлу Сейдахметова, Сафура Сейтмағамбетова, Күлжан Тоқбаева, Дәмеш Шәкерқызы секілді әжелеріміз салт-дәстүріміздің түр-түрін көрсете білді.

Байқауда жүлдеге қол созған ардагерлердің бәріне арнайы дипломдар, алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Ең басты сыйлық халықтың қошеметі болды.

Мағыналы да мазмұнды шараның соңында қатысушылар мен қонақтарға Байқоңыр ауданы әкімдігі атынан Ораза айтына арналған мерекелік дастархан жайылды. Мұнда да ән әуелеп, күй күмбірледі.

Байқоңыр ауданының игі бастамасы елордамыздың рухани тіршілігіне бір серпін берді.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх