• USD 385
  • EUR 434

Қоғам

Aitu.city қаланы жақсартуға арналған үздік идеяларды күтеді

15 тамыз, 19:0147
Автор: Elorda Aqparat

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен «Astana Innovations» АҚ және BTS Digital компаниясы бірігіп, aitu.city/ideas астаналық өмірді цифрландыруға қатысты идеялар мен ұсыныстардың онлайн жобасын іске қоспақ. Жобаның мақсаты – қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, экономикалық тұрғыдан өсу мен тұрақты дамуға бағытталған үздік идеялар мен стартап-командалардың басын біріктіру, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Қаланы жақсартқыңыз келе ме? Идеяларыңыздың іске асқанын қалайсыз ба? Астана тұрғындары үшін сүйікті қалаларын цифрлық жүйеге көшіру бойынша шешімдер ұсынудың бірегей мүмкіндігі туып отыр, ол – aitu.city/ideas порталы. Сервис идеяны онлайн түрде тастап, оны қоғамға ашық ұсынуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қаладағы өмірді жақсырақ ете түсетін идеялар шоғыры пайда болмақ. Оған қоса, сервис отандық стартап-мәдениеттің қалыптасуына жағдай жасап, жастарды белсенді болуға, кәсіпкерлік мәдениетті дамытуға серпін бермек.

Қандай идеялар қабылданады?

Қаладағы өмірді жақсарту бойынша цифрлық технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік органдар мен коммуналдық кәсіпорындар жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты идеялар қабылданады.

Кімдер қатыса алады?
Жасы 18-ден асқан ҚР азаматтары, жекеше компаниялар, әкімдіктің мемлекеттік мекемелері және коммуналдық меншіктегі ұйымдар қатыса алады.

Өтінімде не болуы керек?

Нысанды толтырғаннан кейін ұсынылатын шешімнің MS WORD немесе PDF пішіміндегі толық сипаттамасын қоса беру керек. Нақтырақ айтқанда,
жоба сипаттамасы (атауы, мақсаттары мен міндеттері, мақсатты аудитория, іске асырылу саласы, өзектілігі және инновациялылығы);
жобаның әлеуетті пайдасы және алдын ала бөлінген бюджет;
жобаның технологиялық құрауыштары;
байланыс мәліметтері (электронды пошта, телефон нөмірі).

Тұнықтығы 300dpi-ден кем емес креативті материалдарды қосымша тіркеуге болады. Яғни, PowerPoint пішіміндегі таныстырылым; суреттер, логотиптер, иллюстрациялар; жобаның іске асырылу барысын сипаттайтын құжаттар; видеоматериалдар.

Айта кетсек, Қазақстанда бұл бірегей портал болып табылады, оны тұтастай қайталайтын ресурс жоқ. Қазір портал тек елорда тұрғындарына ғана қолжетімді болса, болашақта сервисті еліміздің басқа да қалаларында іске қосу жоспарланып отыр.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх