• USD 381.5
  • EUR 427

Елорда резиденттері

Әр адам өз өмірінің менеджері - жас ғалым, өнертапқыш

19 ақпан, 14:10845

Сүндет - жас та болса бірнеше монография, оқулық және шығармашылық кітаптармен қатар, жүзге жуық ғылыми мақаланың авторы. Одан бөлек, отыздан астам патентке ие болды. Елорда Инфо тілшісі жақында жас ғалыммен жүздесіп қайтқан еді.

Ол мектеп табалдырығын аттағанда орыс сыныбына барып, 15 жасында өте жақсыға аяқтайды. Мектепті бітірісімен өзі оқыған білім ордасында бір жыл еңбек етеді. Оның себебі, еліміздің заңы бойынша 16 жасқа толмайынша куәлік берілмейді, ал куәліксіз жоғары оқу орнына тапсыра алмайсың. Амал жоқ, мектепте жұмыс істеп, куәлігін күтуге тура келеді. Өрімдей баланың мойнына білім ошағын жылыту жұмысы тапсырылады. Түнімен ұйықтамай, көмір жағып, күлін шығарып, отын жағу жасөспірімге оңай іс емес еді.

Куәлігі қолына тиген бозбала жоғары оқу орнына түсіп, инженер-технолог мамандығын алып шығады. Одан әрі оқуын жалғастырып, Алматыда аспирантураны тәмамдайды.

«Ел ордасы Астанаға 2010 жылы келіп, Еуразия ұлттық университетіне оқытушы болып жұмысқа тұрдым. Оқу орнында көптеген монографиялар, ғылыми мақалалар, патенттер жаздым. Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласындағы шитті мақта талшығын майда және ірі қиқым-қоқыстарды тазалау жұмысы бойынша жасаған машинама көптеген патенттер алдым. Қазақстандағы ең алғашқы еуразиялық патентке қол жеткіздім. Ол патентті 2014 жылы алдым. Талшықты материалдарды тазалау жұмысым Ресейдің Ғылым академиясы ұйымдастырған 148 елден түскен ғылыми жұмыста бас жүлдені жеңіп алды. Бас жүлдемен қатар, академик Блинников атындағы алтын медальге де ие болдым», - дейді Сүндет Каримов.   

Астанада күндіз-түні еңбектеніп, көптеген ғылыми дүниелер мен түрлі құрылғыларды өмірге алып келді. Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласы, инженерлік-механика, машиналар мен механизмдер теориясы, динамика, кинематика, статика салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жасады.

«Елімізде жеңіл және тоқыма өнеркісібі саласы кенже дамыған. Ертеректе Жеңіл және тоқыма өнеркәсібі министрлігі жұмыс істеді. Оның құрамында 4 жүз мыңнан астам адам қызмет етті. Қазіргі күні осы салаға қатысты министрлікте санаулы адам ғана жұмыс істейді. Бұл – үлкен мәселе. Мемлекет басшысы «өзіміздің киімді шығарыңдар, қазақстандық брендті қалыптастырыңдар, жеңіл және тоқыма өнеркәсібін сыртқа экспорттауымыз керек» дегенді жиі айтады. Бірақ әлде де бұл саладағы жұмыстар ақсап тұр», - деді Сүндет Смаханұлы өз сөзінде.

Ол сондай-ақ жеңіл және тоқыма өнеркәсібі саласында қазақ тілінде оқулық жоқтығына қынжылады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін инженерлік-техникалық терминдер сөздігін жазуды қолға алыпты.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына ғылым, білім саласы бойынша қатыстым. Жобаға онлайн режимде 5 мыңға жуық адам тапсырды. Соның ішінен 200 адамды іріктеп алды. Осылардың арасында соңғы кезеңге дейін жеттім. Жобаға қатысудағы мақсатым – ғылыми жұмысымды үлкен масштабқа шығару. Ғылыми дәрежесі бар адамдардың көбісінің жасаған ғылыми жұмыстары насихатталмай жатады. Бұл жерде кінәні ғалымнан немесе мемлекеттен іздеудің қажеті жоқ. Әр адам өз өмірінің менеджері. Менеджерлік қабілетті әр адам дамытса, біздің мемлекет те зор жетістіктерге жетер еді», - дейді ол.  

Елордада он жылға жуық тұрып келе жатқан Сүндет еліміздегі ғылымның дамуына өз үлесін қосып келеді. Ендеше, алдағы уақытта да ғылымдағы шешілмей жатқан мәселелерді шешіп, ел игілігіне қажетті құрылғыларды жасап шығара береді деп сенеміз.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх