• USD 385
  • EUR 434

Қылмыс және оқиғалар

77 шағын көлемді кемені пайдалануға тыйым салынды

11 қыркүйек, 03:0737
Автор: Elorda Aqparat
Фото Көлік комитетінен Фото Көлік комитетінен

Маусым айынан бастап 31 тамызға дейін өткізілген республикалық «Скутер» акциясы барысында 2900 кеме тексеріліп, нәтижесінде 77 шағын көлемді кемені пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды Елорда Инфо Көлік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жазғы уақытта жүргізілген тексерулер барысында су көліктерінде көптеген ереже бұзушылық пен сәйкес келмеушілік анықталған.

Көлік комитетінің ақпаратына сәйкес, аталған акция нәтижесінде 2900 кеме тексеріліп, 599 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Тіпті оның 77-іне шағын көлемді кемені пайдалануға тыйым салынған. Айта кетсек, құқық бұзушылықтың басым көпшілігі Алматы, Атырау және Түркістан облыстарында орын алған.
Бұзушылықтардың негізгі түрлері: жеке құтқару құралдарынсыз кемелерді пайдалану (құтқару кеудешелері, белдіктері, төсбелгілері) – 241 оқиға; кеме құжаттары болмағанда пайдалану - 77 оқиға; кемені басқару құқығын беретін құжатсыз пайдалану - 43 оқиға; белгiленген тәртiппен тiркелмеген немесе борт нөмiрлерi жоқ кемелерді басқару - 41 оқиға.
Бұл ретте Көлік комитетінің қызметкерлері Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірге суға батып бара жатқан, құрал-жабдықсыз болған 6 адамды құтқарып, жағаға жеткізген (оқиға Қапшағай су қоймасында ағымдағы жылдың 20 шілдесінде болған).
Алайда алдын алу шараларына қарамастан, навигация кезеңі ашылуынан бастап 3 көлік оқиғасы тіркелген. Олар кемеде жеке құтқару құралдарынсыз (құтқару кеудешелері, белдіктері, төсбелгілері) болған 2 адамның өліміне әкеп соқтырған.
Сондай-ақ көліктік бақылау қызметкерлері суға шомылатын адамдарға қауіпті жақын жерде (адамдардың суда жаппай демалатын орындарында, яғни жағажайларда) шағын көлемді кемелерді пайдаланғаны үшін кеме жүргізушілерін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған шектеу шаралары су нысандарында азаматтардың шомылуы мен көпшілік демалатын орындарында жазатайым оқиғаларды азайтуға мүмкіндік береді.
Осыған орай, Көлік комитетінің аумақтық органдары кеме иелерімен, шағын көлемді кемелердің база-тұрақтарының және демалыс аймақтарының иелерімен шағын көлемді флотты қауіпсіз пайдалануды реттейтін заңнама талаптарын түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Сонымен бірге, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс әкімдіктеріне адамдар демалатын және шағын өлшемді флот пайдаланылатын су айдындарында шағын өлшемді кемелердің келуі үшін қоршайтын буйлар мен орындарды қою жөнінде шаралар қабылдау үшін тиісті ұсынымдар жолданды.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх