Өңірлер жаңалығы

400 келі қара уылдырықты Ресейге заңсыз өткізбек болғандар ұсталды

07 қараша, 09:0760
Автор: Elorda Aqparat
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

400 келіге жуық қара уылдырықты Ресейге заңсыз өткізбек болған Ақтөбе облысында шекарадан 400 келіге жуық қара уылдырықты заңсыз өткізбек болғандар ұсталды. Олар контрабандалық тауарды Ресей астанасына жеткізбек болыпты. Бірақ жүк көлігіне құжаты жоқ уылдырық тиелгенін жүргізуші «білмедім» деп отыр. Қазір оны тергеп жатыр. Сондай-ақ, бұл тауардың иесі анықталуда, деп хабарлайды КТК.

Кешелі бері «Жайсаң» бекетінің айып тұрағында тұрған көліктің құжатында жеміс-жидек тиелген деп көрсетілген. Шекарашылар жүк салғыштағы барлық қорапты ақтарып қарағанда түкпірдегі бананға арналған жәшіктерден қара уылдырық табылады. Оны арнайы ыдыстарға мұқият орап, 44 жәшікке сыйғызған.

 «Даф» маркалы автокөлігімен Ақтөбе-Мәскеу бағытында келе жатқан Қазақстан азаматы алып келе жатқан жүгінің арасында ілеспе құжатсыз шамамен 400 келі болжам бойынша бекіренің қара уылдырығы табылды», деді 2030 әскери бөлімі командирінің орынбасары Қайрат Әлиев.

29 жастағы жүргізуші жүкті ақтөбелік жеке кәсіпкердің қоймасынан тиегенін айтады. Бірақ жеміс-жидек арасына қара уылдырық салғанын «білмедім» деп ақталып отыр. Енді жүргізушіден бөлек, сол кәсіпкер де тергеледі. Қара уылдырықтың базардағы бағасы келісіне 200 -240 мың теңгеге жетеді. Тіпті кішкентай шай қасығының өзін екі жарым мың теңгеге сатып аласың. Сондықтан кез келгеннің дастарханынан бұл ас табылмайды. Ал енді 100 миллион теңгенің байлығы Ресейдің астанасына жеткізілмек болған. Жайсаңдағы шекара бекетінен күніне 7 мың адам мен 2 мыңға жуық көлік өтеді. Мұндағылар құжатсыз тауардан бөлек, қару-жарақ, оқ-дәріні шекара асырмақ болғандарды ұстапты.

 «Биыл есірткі заттарымен 30 шекара бұзушы анықталды. Қаружарақ, оқ-дәрілер және тыйым салынған діни әдебиеттер, басқа адамның төлқұжатымен бес адам анықталды», деді «Жайсаң» шекара бақылау бөлімшесі бастығының орынбасары Саидхан Исенбаев.

Және де көлік құралының төлқұжаты жалған төрт автокөлік анықталды. Ал қара уылдырықты заңсыз Ресей асырмақ болғандарға қатысты қазір екі бірдей бап бойынша іс қозғалған. Шекарашылар контрабандалық тауарды жүк көлігінің жүргізушісімен қоса, Мәртөктегі ішкі істер басқармасына тапсырмақшы. Одан әрі тергеуді олар жалғастырады.




Наверх