Экономика

40 мыңнан астам бизнес субъектілері салықтық рақымшылықты пайдаланды

07 қараша, 18:2949
Фото ОКҚ баспасөз қызметінен Фото ОКҚ баспасөз қызметінен

Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам бизнес субъектілері салықтық рақымшылықты пайдаланды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев ОКҚ баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

Оның айтуынша, негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда салық төлеушілерге 2018 жылғы 1 қазанға есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы кешіріледі.

«Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті салық төлеушілер негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдарды шегеру жолымен шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жүргізу туралы тапсырма берді. Негізгі қарыз сомасын төлеген жағдайда салық төлеушілерге 2018 жылғы 1 қазанға есептелген өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасы және де негізгі қарызды төлеген күнге дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев.

Спикердің сөзінше, салық төлеуші негізгі қарыз сомасын осы жылдың соңына дейін төлеуге құқылы. Рақымшылыққа 2018 жылғы 1 қазан жағдайында берешек болған салық төлеушілер, аталған күнге тексеріс нәтижелеріне шағым тапсырған салық төлеушілер мен қосымша салық есептеулері тапсырылған салық төлеушілер кіреді.

«Рақымшылыққа жер қойнауын пайдаланушылар, акцизді тауарларды өндірушілер және де мониторингке жататын ірі салық төлеушілер сияқты түсім нормасы жоғары экономика салаларында қызмет жүргізетін салық төлеушілердің жеке категориялары жатпайтынын атап өткіміз келеді. Қосымша қабылданған өзгертулерге сәйкес салықтық рақымшылыққа 2018 жылғы 1 қазан жағдайында берешек болған салық төлеушілер, сондай-ақ аталған күнге тексеріс нәтижелеріне шағым тапсырған салық төлеушілер жатады. Сонымен қатар, салықтық рақымшылық 2018 жылғы 1 қазанға дейінгі мерзіммен қосымша салық есептеулері тапсырылған салық төлеушілер кіреді», - деді ол.

Төраға орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні 41 820 бизнес субъектілері 12,5 млрд теңге берешегін төлеп, салықтық рақымшылықты пайдаланды, олар бойынша 4,0 млрд теңге өсімпұл 291,2 млн теңге айыппұл есептен шығарылды.

«Мемлекеттік қолдаудың және салық төлеушілердің берешектерін нөлдеу нәтижесінде салық төлеушілердің банктік шоттары ашылып, мүлікке қойылған шектеулер шешілді, бұл салық төлеушілерге кәсіпкерлік қызметін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік береді», - деді Ж.Іңкәрбаев.




Наверх