• USD 385
  • EUR 434

Ресмиет

Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру – уақыт талабы

09 ақпан, 08:59489

Қазақстан тарихына көз жүгірткен кісі сырттан таңылған аяусыз зор­лық-зомбылықтың, қиян-кескі со­ғыс­тардың, ұлтты қынадай қырған ашар­шылық нәубеттердің, тамырға бал­та шапқан ұлтсыздандыру мен дін­­сіздендіру саясаттарының жай-жап­­сарымен таныс болады. Алайда, «қырық жыл қырғын болса да ажал­ды өледі» дейтін халқымыздың маң­­дайына «мың өліп, мың тірілу» жа­­­­зыл­­ғанымен, ұлттың тамыры үзі­­­­лу­­ге шақ қалғанда да қандағы тек­­­­тілік пен өжеттіктің, тағдырдың маң­­дайға жазғанының арқасында бү­­гінгі күнге дін аман жеткені көңілге қуа­­ныш ұялатады. Соқтықпалы соқ­­­­пақ­сыз жолдарды кешіп, өмір­­шең­ мұраттармен қастерлі тә­­уел­­сіздігімізбен қауышқанымызға да жиырма бір жыл. Бұл уақыт та­­баны кү­ректей ғасырлармен са­­лыс­­тыр­­ған­­да қамшының сабындай қысқа көрінері талассыз. Десек те, жиырма бір жыл халық тағдырына тікелей әсер еткен елеулі өзгерістерді ала келгені шындық. Азат елді жаһанның қуатты елдерінің қатарына қосу, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, жоғымызды түгендеп, барымызды ұлықтап, келешекке нық қадам басу біздің асыл мұратымыз болды. Қазақстан өткен жиырма бір жылда өзін айдай әлемге паш етіп, көптеген ел ғасырлар бойы қол жеткізе алмаған белестерді бағындырды. Елбасының Қазақстан халқына Жол­­дауы мемлекеттің стратегиялық ба­­­сым­­­дықтарын айқындап, діттеген ме­­жеге жетудің механизмдерін тү­­зетін маңызды құжатқа айнал­­ды.­ 1997 жылы қабылданған «Қа­­зақ­­стан – 2030» стратегиялық жос­па­ры қажырлы еңбек пен дұрыс ой­­лас­­­­тырылғанның нәтижесінде 2012 жылдың өзінде-ақ орындалды. 2012 жылдың 14 желтоқсанында Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланды. Жолдауда көтерілген маңызды мәселенің бірі қазақ тілін 2025 жылы латын әліпбиіне көшіру болды. Соңғы кездері халық арасында үл­кен пікірталастарға арқау болған, өмір­­шеңдігімен талай зерттеушілерге азық болған әліпби мәселесі аталған Жол­­даумен жаңа серпін алды. «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген Елбасы тіл мамандарына алда тұрған негізгі міндетті атап көрсетті. Қоғамда қазақ тілінің латын графикасына көшуі турасында түрлі пікір айтылуда. Кейбір азаматтар көптеген жылдардан бері жарияланып келген тарихи туындылардың тағдырына алаңдайтынын жасырмайды. Алайда мәселені қисын таразысына салған кісі аталған фобияның негізсіз екенін байқайды. Өйткені, қазақ тілінің латын әліпбиіне ауыстырылуы қысқа мерзімде жүзеге асатын шаруа емес. Біздің ұрпақ әлі 30-40 жылда кириллицаны еркін қолдана алады. Тек 50 жылдан кейінгі ұрпақ кириллицаны қолдануда қиналуы мүмкін. Сондықтан латын қарпіне көшудің қиындығын көріп тұрған жоқпын. Тарихи шығармаларды аудару мәселесі де шу көтеретіндей емес. Қазір кім осыдан 50-60 жыл бұрын жазылған еңбектерді оқып жүр? Тарихи еңбектердің бәрі қайта басылып шығарылуда. Қазіргі маңызы бар еңбектер де уақыт өте келе латын әліпбиінде қайта басылады. Бұл кітаптарды тозып біткенге дейін барлық азаматтар еркін пайдалана алады. Ал келешекте халыққа қажеттілері таңдалып қайта басылар. Тарихи еңбектерді түпнұсқада оқитындар көбіне кәсіби тарихшылар немесе тіл мамандары. Оларға кириллицаны үйрену қиындық туғызбайды. Сондықтан тарихи жәдігерлерден айырыламыз деп байбалам салудан аулақ болған жөн. Сондай-ақ, тіл – жанды организм. Халықтың өмір сүруімен тіл де жаңарып, ескі терминдер архаизмге айналып отырады. Әлемнің ешбір елі тарихи кітаптары мен жырларын түпнұсқада түсіне алмайды. Тіпті ғасырлар бойы өмірдің өзегіне айналған Құранның тілін де бүгінгі қатардағы араб түсіне алмайды. Өйт­кені бүгінгі араб тілі де жаңарып, за­­­­ман ағымымен өзгеріске ұшыраған. Та­­рихи жәдігерлерді тек мамандар ға­­на бүгінгі буынмен қабыстырып, құн­­дылығын арттыруда. Қазақстан латын графикасына көшудің эволюциялық жолын таң­­дады. 1929 жылы Түркияның атақ­­ты реформаторы М.К.Ататүрік ал­­ты ғасыр қолданыста болған араб қарпіне негізделген османлы­­ әліп­­биін бір жылдың ішінде әкімшілік ре­­сурстар арқылы латын қарпіне ауыс­­тырды. Ал Әзірбайжан латын әліпбиіне көшу үшін он жыл бо­­йы кириллицаны да қолданыста ұстады. Халық латынды жеткілікті меңгергеннен кейін ел президенті Г.Әлиев 2001 жылдың 18 маусымында «Мемлекеттік әзірбайжан тілін қолдануды жетілдіру туралы» Жарлық шығарады. Осы құжаттан кейін ел ресми түрде толықтай латын әліпбиін қолданысқа енгізді. Бізде де халық латынды жеткілікті меңгергенге дейін кириллица жазу тілі қызметін атқара бермек. Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі шет елдегі қандастарымыздың қазақ тіліне қайта қауышуына немесе ақпарат алмасу ісінің жеңілдеуіне септігін тигізеді. Тарихи себептермен Қытай, Түркия, Өзбекстан, Еуропа және әлемнің көптеген елдерінде өмір сүруші қазақтар кириллицада жазылған қазақстандық ақпарат ресурстарын қолдана алмайды. Қазақ тілін латыншаға көшіру арқылы бүкіл әлемдегі қазақтың ықпалдасуына, ұлттық құндылықтармен сусында­уына қол жеткізе аламыз. Сондай-ақ, қазақ халқының латын графикасына көшкен түркітілдес халықтармен мәдени салада интеграциялануына ықпал етеді. Бұл халықтардың ғасырлар бойы тарихи тамырына қан жүгірткен мәдени, әдеби және тарихи құндылықтар дәріптеліп, жаңа деңгейде танылады. Түркі мемлекеттерінің кеңесі де жақында 34 қаріптен тұратын ортақ әліпбидің нобайын ұсынды. Бұл да отандық тіл мамандарының назарынан тыс қалмасы анық. Қазіргі таңда компьютер мен тех­­но­­логияның тілі латын қарпінде. Жастардың заманауи латын қарпінде өз тілін меңгеруі, оны жаһан жұрт­шылығына паш етуі дұрыс қадам деп есептеймін. Жаһандану үдерісі болмай қоймайтын бүгінгі күнде ақпарат алмасу, ғылымның түрлі саласы қарқын алған сайын өзінің ұлттық құндылықтарын жаңа өмірге бейімдеп, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру, мемлекетті өрге сүйрейтін отаншыл жас тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты бағдары. Бізге әлемнің озық ойлы ғалымдарымен тең дәрежеде иық тірестіре алатын жаңа ұрпақ, азат елдің еркін ойлы азаматтары қажет. Көш соңында қалып пұшайман болу бүгінгі қазақ жасына жараспас. Бизнестің қыр-сырын зерттеп, алдына үлкен жоспар құрған кейбір жастарымыздың әлемнің бестікке енетін миллиардерлерімен хат жазысуы, халықаралық жа­рыстарда елдің атын айдай әлемге танытуын көргенде көңілге қуаныш ұялаған еді. Қазақ тілін латын қарпіне көшіру мем­­­лекеттік тілдің мәртебесін көте­­ре­­рі анық. Мемлекеттік деңгей­­дегі барлық іс-қағаздар латын графикасында жүргізілетін болады. Бұл фак­­тор қолданысқа енген жаңа әліп­­биді меңгеруге қызығушылық оятып, жиырма жылда кириллицаның қа­­зақша нұсқасын үйренуге ниет танытпағандардың санасына қозғау салары анық. Қазақстанға ыңғайлы әліпбиді ұсыну – тіл мамандарының құзы­­рындағы шара. Әзірленген жаңа графиканы үйрену аса қиынға соқпасы анық. Өйткені әліпби үйренуден тілдің өзін үйрену күрделі. Қарқынды дамыған технологиялық прогреспен қатар өскен жас ұрпақ халықаралық қолданыс тілі ағылшын тілінің графикасы мен компьютер тілін онсыз да біледі. Ғалымдар ұсынып, ресми бекітілген әліпбиді үйрену үшін шетелдік тәжірибе қолданылады. Халықтың жаңа графиканы меңгеруі үшін факультатив дәрістерінің енгізілуі маңызды. Бір адамның өзге бір әліпбиді үйренуі үшін бір айдың өзі жеткілікті. Латын графикасындағы қазақ тілінің нұсқасында бүгінгі кириллицадағыдай аса көп қаріп бол­­масы анық. А.Байтұрсынұлы ұсын­ған тарихи төте жазудың өзі 24 қа­­ріппен қажеттілікті толық өтеген. Ал 1924-1939 жылдары қолданыста болған латын қарпіндегі әліпбиімізде де 28-29 қаріп болған. Қорыта келгенде, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру — заман ағымы қажет еткен стратегиялық маңызды шара. Оған баршамыз бір атаның баласындай жұмыла қызмет етуіміз керек. Кезінде әкімшіл-әміршіл жүйемен енгізілген, бұған қарамастан қазақтың талай буыны толағай еңбектер жазып, бүгінгі ұрпаққа мұра еткен кириллицаның бүгінгі еркін еліміздің мақсат-мүдделеріне орай латын графикасына ауысуы ертеңгі ел тағдыры үшін өзекжарды реформа деп білемін.

Сәкен ЕСІРКЕПОВ, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелелері басқармасының бас маманы




Наверх