Қоғам

21 жылдың ішінде елорда аумағы мен халқы үш есеге артты – Көлгінов

10 қазан, 10:5044
фото  авторы Сұлтан Сейітов фото авторы Сұлтан Сейітов

Елордада өтіп жатқан қала туризмі бойынша VIII жаһандық саммитінде қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының жетістігі мен болашақ дамуын сөз етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі.

«Біз үшін осындай әлемдік деңгейдегі ірі шараның қаламызда өтіп жатқаны қуантады. Өткен жылы Сеул қаласында өткен болатын. Жалпы елордамыздың пайда болуы мен дамуы Елбасымен тығыз байланысты. 21 жылдың ішінде елорданың аумағы мен халқы 3 есеге артты. Халық саны кезінде 280 мың болса, бүгінде 1 млн-нан асып түсті. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан жастар қаласы, халықтың 700 мыңға жуығы жастар болып табылады. Сол сияқты елордамыз әкімшілік қаладан іскерлік және туризм орталығына айналуда. Оған дәлел қала тұрғындарының 60 пайызға жуығы кәсіпкерлікпен айналысады», - деді А. Көлгінов самитте.

Қала басшысының айтуынша, аталған саммит тек елорданың ғана емес әлем қалаларының жаһандық дамуы жолындағы маңызды шара болмақ.

«Бүгінгі шараға 80 елден келген туризм саласының сарапшылары қатысып отыр. Олар өздерінің үздік тәжірибелерімен бөліспек. Атап айтқанда, жаһандану заманында ірі мегополис қалалардың қауіпсіздігі мен онда туристер үшін жайлы жағдай қажеттігі ортаға салынбақ. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында ақылды және қауіпсіз қалаға айналдыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл тұрғыда біз әлемнің озық тәжірибелерін үлгі етіп алудамыз», - деді ол. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздің бас қаласында UNWTO-ның  «Ақылды қалалар – ақылды дестинациялар» атты VIII жаһандық саммиті өтіп жатыр.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх