Елорда резиденттері

110 жас жасағым келеді – астаналық әже

06 тамыз, 16:05549
Фото Мағрифа Сейітбатталованың мұрағатынан Фото Мағрифа Сейітбатталованың мұрағатынан

«Атың барда – жер таны желіп жүріп» дегендей, еліміздің әр өңірінде бабаларымыздың табанының табы қалған киелі мекен аз емес. Бірақ оны қаншалықты білеміз? Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі ішкі туризмнің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген халықаралық экскурсовод, балалар мен жасөспірімдер туризмінің инструкторы, саяхатшы, ардагер ұстаз Мағрифа Сейітбатталовамен сұхбат құрды.

Оқушыларды киелі орындарға апарамыз

– Мағрифа Тасыбайқызы, экскурсия жұмысымен айналысып жүргендеріңізге қанша уақыт болды? Мұндағы мақсат қандай?

– 13 жыл болды. Бұл шараны біз ерікті ретінде 2006 жылы бастаған болатынбыз. Мақсатымыз – жеріміздің қандай керемет екенін өз еліміздің азаматтарына және шетелдіктерге паш ету.

– Сонда нақты қайда экскурсия жасайсыздар? Оған кімдерді апарасыздар?

– Астаналық мектеп оқушыларын еліміздің киелі орындарына алып барамыз. Егер бастауыш сынып оқушылары болса, олармен ата-аналары бірге барады. Жалпы, саяхат жасаймын деген адамдарға шектеу қоймаймыз. Бізбен бірге ел ішіне экскурсия жасап жүргендердің арасында 1 жасар балаларын ертіп шығатын аналар да, 76 жастағы әжелер де бар. Мысалы, жақында Шығыс Қазақстан өңіріне сапарлап келдік. Онда Семей қаласына, хакім Абайдың еліне, Жидебайға, Мұхтар Әуезовтің туған жері Бөріліге, Қоңыр әулиеге бардық.

Қоңыр әулие үңгірінде 7-дегі бала алғаш рет сөйледі

– Жол серіктеріңіз бен балалар бұл сапардан қандай әсер алды?

– Әрине, тамаша әсер. Жол серіктеріміздің бәрі Қоңыр әулиедегі тастай суға шомылды.

Қоңыр әулие үңгіріҚоңыр әулие үңгірі

Оның температурасы минус 4 градус болғанмен, аяғыңды батырсаң, тісіңді сақылдататындай суық. Бірақ оған бірнеше мәрте шомылған адам судан шыққысы келмей қалады. Бізбен бірге барған әйел адамдардың арасында онда 20 рет, тіпті 50 рет шомылғандар болды.

Тастай судың кереметтігі сондай, адам әбден шомылып шыққанда оның бойындағы жағымсыз энергияны тартып алады деседі. Жалпы, Қоңыр әулиедегі судың емдік қасиеті бар. Сондағы білетін адамдар кішкентай сәбилерді де суға бір матырып алып шығады. Онда тіпті қырқынан енді ғана шыққан шақалақтарды да сол тастай суға бір матырып алуға болады. Асанәлі анасымен

Асанәлі анасымен

Бұл суға түсіп шыққан бала аурушаң болмайды. Адамдар түрлі дертінен айығып жатады. Өткенде 7 жаста болса да, әлі күнге тілі шықпаған Асанәлі есімді бала Қоңыр әулиенің суына шомылып шыққан соң Құдайдың құдіретімен «мама» деп алғаш рет сөйлеп кетті. Осыдан кейін де оның даму үдерісінде жақсы өзгеріс байқала бастады.

Бұл жерден бөлек емдік қасиеті бар орындар көп елімізде. Мысалы, Түркістан өңіріндегі Ақмешіт үңгірінде ананың омырауына ұқсас тас бар. Құрсақ көтере алмай жүрген әйелдер сол тасты емсе, аузына сүттің дәмі келетін көрінеді. Бірде 17 жыл бойы сәби сүюге зар болып жүрген келіншек сол жерге барып түнеп, әлгі тасты емген соң Құдайдың құдіретімен бала көтерді. Қазір 4 жастағы Дәмір атты ұлы шауып жүр.

– Бәрекелді! Ел ішін аралап, саяхат жасап келу үшін бір балаға шамамен қанша қаржы қажет?

– Бір балаға бір апта саяхаттап келгенге шамамен 20 мың теңге кетеді. Бұл қаржыға сіз балаңызды қалада тек бір күн ғана қыдыртуыңыз мүмкін. Бірақ ол бәрібір далаға шыққандай рахат әсерді сезіне алмайды.

Қазақ халқының рухани мәдениеті даладан басталады

– Экскурсияның балаға қандай пайдасы бар?

– Қазақ халқының рухани мәдениеті даладан басталады. Жаз айларында далаға, саяхатқа шыққан адам қыс бойы тұмаумен ауырмайды. Табиғатта серуендеу тек демалыс қана емес, оның денсаулыққа да пайдасы зор. Ауру-сырқау мен отасыз өмір сүру мүмкіндігін сыйлайды. Тіпті 1000 түрлі ауруға, әсіресе жүрек, бауыр, бүйрек, буын және онкологиялық дертке шипа табылады.

Балалар қалада жүрсе, телефон мен интернеттен де бас алмай, жалпы, күнделікті бір шеңбердің айналасынан әрі аспайды. Ал табиғатқа шыққанда ата-аналары мен балалары бір-біріне жақындай түседі. Бала да еркіндікті сезінеді. Мысалы, кейде тау-тасты кезгенде шатырда жататын кездеріміз болады. Ондайда қыздар самаурынмен шай қайнатады. Ұлдар отын жарады. «Бұл жұмысты істе» деп біз оларды мәжбүрлемейміз, әрине. Бірақ олар өздері сондай жұмыстарды істегісі келеді. Тіпті біздің кішкентай қыздарымыз ішек-қарын тазалауды да үйреніп алыпты.

Жалпы, адам табиғатпен етене байланыста болуы керек. Таудың ауасымен тыныстап, өзеннің сарқырағанын көріп, оған айызың қанғанша шомылып, табиғаттан бойға қуат, энергия алуымыз керек. Қаланың адамдары міндетті түрде ауылға барып тұруы тиіс. Өйткені ауыл – біздің тамырымыз. Балалар тек теледидардан ғана көріп жүрген аң-құс, үй жануарларын, төрт түлікті ауылды жерлерге барғанда өз көздерімен көреді. Басында жатырқап, алыстан қашса, артынан жылқы, сиырға үйренісіп кетеді. Кейбір бала эмоциясын жасыра алмай, қуанғаннан қатты күледі. Табиғат аясында бәрі шынайы болады. Балалар өздерінің жаңа қырларын ашады. Біз де жасөспірімдердің талантын ұштауға тырысамыз. Олардың кейбірі тамаша табиғатты көргенде жалма-жан соның суретін салады, енді бірі ән айтады, тағы бірі өлең шығарады дегендей. Автобуста, пойызда келе жатып, кейде жол үстінде бәріміз қосылып ән шырқаймыз. Киелі Абай мен Шәкәрімнің топырағында болған 5-7 сынып оқушыларының өлең жаттауға қабілеті артады. 7 күнде 50 өлең жаттаған балаларым бар.

Ата-аналарға «балаларыңызға түрлі емдік қасиеті бар шөптен жастық жасап беріңіз» деп кеңес беремін. Себебі сол жастықтан аңқыған жұпар иіс адамды күнделікті табиғат аясында жүргендей сезіндіреді. Әрі оның денсаулыққа да пайдасы орасан.

Бір рет табиғат аясына шығып, ел аралап келген бала одан алған әсерін ешқашан ұмытпайды. Әрі қарай да ел тануға деген қызығушылығы артып, өз елінің тау-тасын, өзен-көлін зерттей бастайды. Мысалы, жақында Шығыс Қазақстанға барып келсек, балалар келесі жолы Батыс Қазақстанға сапарлауға ниет білдіріп отыр.

Шетелдіктер біздің мәдени мұралармызға таңдай қағады

– Ал ересектер жағы ел аралап, экскурсия жасауға қаншалықты қызығушылық танытады? 

– Ересек адамдардың да ел ішіне экскурсия жасауға қызығушылығы зор. Тек елордалықтар ғана емес, қатарымызда басқа өңірдің тұрғындары да бар. Бірақ қалалықтардың көбі өз еліміздегі қаншама киелі орындарды, кең байтақ даламыздың қадірін білмейтін сияқты. Сондықтан да олар шетелге асығатын көрінеді. Өз елін, жерін танымағандықтан да болар, ел азаматтарның кейбірі шетелге шығуға асық болып тұрады. Олардың санасында шетелге барып келуден асқан демалыс жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ ол дұрыс емес. Себебі біздің еліміздің тұмса табиғатын, бабалардан қалған мұраны, дархан даланы, киелі орындарды біз әлемді жеті рет айналсақ та, еш жерден таба алмаймыз. Бірақ, керісінше, алыстан ат арытып, шетелден біздің елді арнайы іздеп келетіндер аз емес.

– Мысалы, біздің елге қай елдің туристері көбірек келеді?

– Біздің табиғатымызға, мәдени мұрамызға қызығушылық танытып отырған шетелдіктер жетіп артылады. АҚШ, Канада, Германия, жалпы, Еуропа елдерінен Қазақстанға отбасыларымен топталып келетін туристер бар. Осында келіп көрген шетелдіктер біздің жерімізді, киелі орындарымызды, музейлерімізді көргенде көнеден қалған мәдени мұралармызға таңдай қағады. Бірақ біздің өзіміз сол байлығымызды бағаламай отырған сияқтымыз. Үкіметке қарап отырмай, туризмді дамытуға, жақсы өмір сүруге әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет.

«Бабалар әлеміне саяхат» бағдарламасын әзірлеп жатырмыз

– Алға қойған қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазақстанда киелі орындардың көп екенін айтып отырмыз ғой. Олардың әрқайсысының өзіндік қасиеті бар. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша «Қазақстанның киелі картасы» жобасы әзірленіп, еліміз бойынша 100 киелі нысан енгізілді. Енді сол бойынша біз «Бабалар әлеміне саяхат» бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Осы бағдарлама бойынша кез келген қазақстандықты және шетелдік туристерді қатарымызға қосып, осы киелі нысандарды барынша насихаттап, ішкі туризмді дамытуға өз үлесімізді қоспақпыз. Сонымен қатар алдағы уақытта балаларды ел ішіндегі киелі орындарды тегіс аралатып шыққан соң олармен бірге Еуропаға, әлемге саяхаттасақ деген жоспарымыз да бар.

– Енді өзіңіз туралы айтып өтіңізші. Нешедесіз? Неше тіл білесіз?

– 3 тіл білемін. Қазақ, орыс, неміс тілдерінде еркін сөйлеймін. Қырғызстан мен Өзбекстанға барғанда олардың тілдерін де түсінемін. Алдағы уақытта Құдай қаласа, қажылық сапарға барсам деген ниетім бар. Сол үшін қазір арабша үйреніп жүрмін. Жалпы, көп тіл білген жақсы-ақ. Әрине, ана тіліміз бірінші орында тұруы тиіс. Дегенмен басқа бір тілді үйренсең, ішкі әлемің кеңейеді. Оның үстіне, тағы екінші тілді үйрену жеңілдей түседі.

Мен қазір 63 жастамын. 1 ұл, 1 қызым, жиен немерем бар. Олар Алматыда тұрады. Өзімнің әжем 97 жасқа дейін өмір сүрген. Бірақ мен 110 жас жасағым келеді. Осы сөзімді естігенде маған: «Сізге 100 жас жетпей ме?» – деп сұрайтындар болады. Бірақ 100-ге жетіп тұрып, әрі қарай жасамау қылмыс сияқты. Күніне 100 қадам жасау – 100 жасқа жаттығу деп санаймын. Егер табиғаттың энергиясын сезініп, үнемі мотивация алып, осы беттен таймасақ, ол жасқа да жетерміз. 110 жасау, Тәңір алдындағы адами борышымды өтеу, яғни қажылыққа бару, мешіт салу, медресе ашу, жастарды тәрбиелеу, үлгі-өнеге көрсету, ғибратты һәм баянды өмір сүру ата-бабаларымның алдындағы парызым деп білемін. Бірақ, әлбетте, бәрі тек бір Алланың қолында. Ал оған жақындауға ешкім де, ештеңе де кедергі болмайды.

– Сұхбатыңызға рақмет! Істеріңіз оңынан болсын!



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх