Қоғам

Елордада ЮНВТО-ның VIII жаһандық саммиті басталды

09 қазан, 15:5443
Автор: Elorda Aqparat
Фото astana.gov.kz сайтынан Фото astana.gov.kz сайтынан

Қазақстан астанасында ЮНВТО-ның «Ақылды қалалар – Ақылды дестинациялар» VIII жаһандық саммиті жұмысын бастады. Шара Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр, деп хабарлайды Елорда Инфо қалалық әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Бүгін форум барысында кездесу индустриясы бойынша ЮНВТО-ICCA семинары өтіп жатыр. Шара қатысушыларына ICCA сарапшылары өткізетін тегін оқуға қатысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол аталған сегменттің әлеуетімен танысу үшін алаң ретінде қызмет атқаратын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, семинар Қазақстанның мемлекеттік және жекеменшік компаниялар, қауымдастықтар мен жоғары оқу орындары, кездесу индустриясын дамытуға мүдделі кәсіби мамандар үшін өткізіледі. Оған 40 шетелдік және 60 жергілікті делегат қатысуда.

Бұған қоса, бүгін медициналық туризм бойынша семинар өтіп, оған 200 адам қатысты. Қазақстанда жергілікті тұрғындар мен шетелдік емделушілерге жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Олардың барлығы халықаралық стандарттарға сай келеді. Айта кету керек, «Ұлттық кардиохирургиялық орталық» АҚ, «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ, «ҚР Президенті іс басқармасының ауруханасы» РМК, «University Medical Center» корпоративтік қорының «Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығы», «University Medical Center» корпоративтік қорының ұлттық балаларды оңалту орталығы», «Орталық клиникалық аурухана» АҚ, ҚР Президентінің іс басқармасының Медициналық орталығы денсаулық сақтау сапасы бойынша әлемдегі көшбасшысы – JCI аккредитациясына ие болды. Бұл науқастардың қауіпсіздігі мен кез келген операция жасауға қауіпсіздікке кепілдік беретін алтын стандарт болып табылады.

ЮНВТО-ның «Ақылды қалалар – Ақылды дестинациялар» VIII жаһандық саммитінің ресми ашылу салтанаты ертең, 10 қазанда өтеді. Оған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен UNWTO-ның бас хатшысы Зураб Пололикашвили қатысады.

Күн тәртібінде «Ақылды қалалар және туризм» тақырыбында кездесу өтіп, декларация қабылданады, сондай-ақ ақылды бағыттар туралы панельдік пікірталастар өтеді.



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




Наверх