• USD 385
  • EUR 434

Түріктерге қазақ күйін таныстырған жапон жігіт

08 шiлде, 16:3987
Фото: Елорда Инфо Фото: Елорда Инфо

Алда-жалда жолыңыз түсіп Стамбұлға барсаңыз, Таксим алаңына соқпай кетпеңіз. Онда қазақ күйлері мен әндерін тартып отыратын домбырашы жігіт бар. Қос ішекті құйқылжыта шерткенде, оның жапон екеніне сену қиын. Аты-жөні – Акира Такегучи. Ұлттық домбыра күніне орай, Елорда Инфо тілшісі Акирамен байланысып, аз-кем сұхбаттасқан еді.

Акира Такегучижапондық күйші

– Акира, өзің қай жақтан боласың? Музыкамен қашаннан бері айналысасың?

– Мен Жапониядағы Канагава облысына қарасты Кавасаки қаласында дүниеге келдім. Музыкаға деген қызығушылығым он екі жасымда оянды. Жасөспірім кезімде электрлі гитараға, кейіннен фламенко гитараға қызықтым. Одан соң орта Азиядағы музыкалық аспаптарға аңсарым ауды. Осы саланы түбегейлі зерттемек болып университетке түсерде де музыканы, дәлірек айтсам, этностық музыка мамандығын таңдадым. Университетте оқып жүргенімде, удта ойнауды үйрендім, ол — түріктердің ұлттық музыкалық аспабы. Оқуымды аяқтаған соң, өнерімді әрі қарай жетілдірмек болып Стамбұлға келдім. Бұл менің Түркияға жасаған алғашқы сапарым еді.

– Демек оқуыңды бітірген соң сонда біржолы қалып қойдың ғой?

– Жоқ, бастапқыда Стамбұлда үш айдай оқып, сосын еліне қайттым. Бірнеше ай бойы ондағы кафе-барларда удта ойнап, нәпақа тауып жүрдім. Алайда өз өміріме қанағаттанбайтын едім, ақыры несібемді сырттан іздемек болып, қайтадан Түркияға аттандым.

– Домбырамен де сол шақта таныстың ба?

– Иә. 2016 жыл еді. Мен Анкарада жүргенімде, Акдениз атты ноғайдың әнші жігітімен таныстым. Домбыраны да өмірде тұңғыш рет соның қолынан көрген едім. Оған дейін 2011 жылы теледидардан Қазақстанның тарихына қатысты деректі фильмді тамашалағанымда домбыра жайлы ақпаратты естігенім бар. Сол жылы Кеңес үкіметінің құлағанына 20 жыл толуына байланысты, Қазақстан туралы хабарларды жиі көрсететін. Акденизбен таныстығымнан соң, домбыраны үйрене бастадым. Маған күй шертуді Түркияда тұратын қазақ жігіт үйретті.

– Күйлерді интернеттен де үйренесің бе?

– Өкінішке қарай, YouTube желісіндегі домбыра сабақтарының бәрі қазақ не орыс тілінде. Сондықтан ондай әдіспен меңгеру маған қиынға соғады.

Қазір қанша күйді жатқа білесің?

– Он алты. Оның ішінде «Адай», «Балбырауын», «Көроғлы» секілді белгілі туындылар бар.

– Күй тартып отырғанда, домбыраның даусын естіп, сені іздеп келетін кісілер көп пе?

– Иә, әсіресе қазақтар маған өздерінің ризашылықтарын білдіріп кетіп жатады. Олардың кейбірі сондағы жергілікті тұрғындар болса, кейбірі – қазақстандық туристер. Бастапқыда мені көбісі қазаққа ұқсатады.

– Ал қазақтар туралы басқа қандай ақпарат білесің?

– Домбыраны үйренген соң, қазақтың салт-дәстүрі мен тарихына да аздап көз жүгірте бастадым. Маған бәрінен бұрын сіздердің өз шыққан тектеріңізбен мақтанатындарыңыз, өздеріңізді бар күйлеріңізде қабылдайтындарыңыз ұнайды. Жапондарға осы қасиет жетіспейді. Мысалы, жапонның заманауи кейіпкерлерін көре қалсаңыз, шаштары ақ сары, көздері үлкен, бір сөзбен айтсақ, түр-тұлғасы — аумаған еуропалық адамдардікі. Меніңше, өзіңнің азиат екеніңнен қашу, оны ұмытуға тырысу – өте үлкен қателік. Осы тұста мен сіздерден үлгі алғым келеді.

Қазақстанға келіп-кеткің келмей ме?

– Былтыр барып қайтқан болатынмын. Алматыға соқтым. Қазақстанның халқын да, асын да, табиғатын да ұнаттым. Қазақстан мен Балқан түбегінде орналасқан кейбір мемлекеттер арасында ұқсастық байқадым. Алматыда да Белград, София, Скопье секілді қалаларға тән атмосфера сақталған. Алдағы уақытта жолым түссе астаналарыңызға да барармын.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх