Сіз кімсіз, Муаммер Гүл?

06 қазан, 10:531129

Бұл мұғалім әп сәтте дүйім жұртқа әйгілі болғанын жай ғана жымиып қабылдады. Желіде оның парақшасын іздеушілердің күрт көбейгенін де,  қарапайым ата-анадан бастап, әріптестерінің де бұл кім екен деп қызығушылық танытып жатқанын да қалыпты жағдай деп санайды. Осы уақытқа дейін түрлі деңгейдегі олимпиадаларда оқушылары жеңіп алған медальдерінің жалпы салмағы 100 келіге тартады. Алтын медальдерін қалайтын болсаңыз биіктігі 18 метрге жетеді екен. Ия ол математик, ол бәрін санап, есептеп қойған. Медальдердің салмағын да, биіктігін де, тіпті қанша футбол алаңына тең екенін де біледі. 2000 жылы АҚШ-та  өткен бүкіләлемдік олимпиадада оқушылары үш бірдей алтын медаль жеңіп алған. Сөйтіп оның есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді, атап өтерлігі бұл рекорд әлі күнге дейін жаңартылған жоқ. Республикалық «UZDIK PEDAGOG 2019» жеңімпазы ғана емес, «Әлем мұғалімі» байқауына еліміздің атынан шығып, кілең мықтының алдында мінберден сөз сөйлейтін ұстаз. Ол Нұр-Сұлтан қаласындағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің математика пәні мұғалімі. Елорда Инфо бүгінгі мерекеге орай «Жаһандық премияның Қазақстандағы амбассадоры», жылдың үздік мұғалімі Муаммер бей Гүлмен сұхбаттасып қайтты.

Муаммер Гүл «UZDIK PEDAGOG 2019» жеңімпазы, мұғалім

- Кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз. Республикалық байқауға іріктеліп алынған 64 мұғалімнің ішінен топ жардыңыз. Үздік педагог жүлдесін жеңіп алғанда қандай сезімде болдыңыз?   

-Биылғы «Үздік педагог» байқауына 3 мыңнан астам әріптесім өтінім берген екен. Олардың 64-і республикалық байқауға жолдама алған. Оның ішінен 10 ұстаз ақтық сынға өтті. Мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты рәсімге шақырту алған соң бардым. Бірақ сол он адамның ішінен қазылар алқасының мені таңдағанын мүлдем білмедім. Тіпті еш дайындықсыз сахнаға шықтым десем де болады. «Әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту» қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлия Назарбаева менің есімімді атағаны мен үшін тосын жағдай болды. Келесі жылы Дубайда наурыз айында өтетін халықаралық «Әлем мұғалімі» байқауына Қазақстанның атынан баратынымды білгенде бұл қалай болар екен, олимпиадаға дайындап жатқан балаларды қайтем деген ой мазалады. Өзімді емес, оқушыларымды ойладым. Өйткені оқушыларды олимпиадаға дайындау деген үздіксіз жүреді, жылдар бойы жалғасатын жұмыс. 7-сыныптан бастасақ мектеп бітіргенше сүйемелдейміз, көмектесеміз. Сабақтан тыс уақыт, сенбі, жексенбі, каникул, мереке күндері бәрі тек дайындықпен өтеді.

-Ал өз балаларыңыз да математикаға қызығады ма?

-Екі балам бар. Үлкенім республикалық, халықаралық білім жарысына қатысып жүр. Нәтижесі жаман емес. Кіші ұлым бесінші сыныпта, оған олимпиадаға қатысуға ертерек. Сондықтан робототехника курсына барады. Болашақта көреміз, егер өмірін математикамен байланыстырса қарсы емеспін.

-Сіз 25 жылдан бері Қазақстанда ұстаздық етіп жүрсіз. Түркияға оралғыңыз келмейді ме?

-Университет бітіргенде шетелде мұғалім болу туралы ұсыныс айтылды. Тізімде бірқатар мемлекеттер болғанымен маған Қазақстанға барасың деді. Бірден келістім. Сөйтіп  Ақтөбеге келдім.  Сол жақта мектепте жұмыс істеп, кейін елордаға қоныс аудардым. 14 жыл болды бас қалада тұрып жатқанымызға. Бастапқыда жерсіне алмай жүрдік, қазір біраз бейімделдік. Түркияға жылына бір рет жаз айында барып келеміз. Бірақ соңғы 3 жылдан бері сапардың сәті түспей жүр. Ол жаққа барғанда Қазақстанға қайтқымыз келмей қалатыны бар және әбден шаршағанда елге оралғым келеді. Бірақ ол бір сәттік сезім ғана. Әзірге тағдырымызды Қазақстанмен байланыстырамыз, көшу туралы жоспарымыз жоқ. Түркияның жаңалығын тұрақты түрде қараймын. Галатасарайдың ойынын да үзбей көремін. Басқа салаға ауысуды қарастырмаймын. Себебі сабақ бергенді жаным сүйеді, білгенімді балаларға үйретуден рахаттанамын. Өзім балаларды жақсы көремін. Қатал мұғалім, қатал әке бола алмайды екем. Әрине сабаққа байланысты ұрсып, жекуім мүмкін. Бірақ ол баланың назарын тақырыпқа бұру үшін жанашырлықпен ұрсу ғана.

-Балама сабақ беріңіз деп өтінетін ата-аналар көп пе?

-Ия, ондай ұсыныс жиі түседі. Бірақ бәрінен бас тартамын. Себебі уақытымыз жоқ. Таңертең сабаққа келем, одан соң кешкі 6-7 –ге дейін дайындық. Үйге барғасын сәл тынығып алып, өзімнің екі ұлымның сабағын қараймын, түсіндіремін.

-Үйде қай тілді сөйлейсіздер?

-Үйде тек түрікше сөйлейміз. Кіші ұлым жекеменшік мектепте оқиды, ол жерде сабақ таза ағылшын тілінде. Сондықтан сабаққа дайындық кезінде ғана ағылшынша айтамыз, болды.

-Кітап қорыңызда математика кітаптары көп пе?

-Бұрын баспадан шыққан кітаптарды жинайтын едім. Қазір бәрі электрондық нұсқада. Математикадан олимпиадалық кітаптарды қызығып жинаймын. Олимпиада деген шексіз, ұшы қиыры жоқ дүние. Том-том кітаппен шектеліп қалмайды. Шәкірттерді халықаралық олимпиадаға дайындаған соң шығып жатқан жаңалық, есепті шешу тәсілдерінің озық үлгісінен хабардар болуға тиіспіз. Оның жолы кітап оқу, үнемі ізденісте болу. Өткен жылғы олимпиадада болған сұрақ бұл жолы қайталанбасы анық.

-Әлем мұғалімі байқауының жүлдесі 1 млн доллар екен. Мұндай қаржыны қайда жұмсар едіңіз?

-Мектебімізде оқитын балалардың қосымша біліміне жұмсар едім. Оларға шетелдік мұғалімдерден сабақ алуға, түрлі лагерлерге қатысуға мүмкіндік бергім келеді.  Жүлденің бір тиынын қалдырмай балаларға бер десе еш ойланбай, еш қиналмай бере саламын. Ақшаға мүлдем қызыққан емеспін, байқауларға да ақша үшін қатысып көргенім жоқ.

-Осы уақытқа дейін қанша баланы олимпиадаға дайындадыңыз? Медальдердің саны қаншаға жетті?

- 1994 жылдан бері  ұстаздық қызмет етіп келемін. 824 алтын, 390 күміс, 1199 қола жүлде иеленді шәкірттерім. Бүкіл медальді қосса жалпы салмағы 100 келіге тартады. Қалайтын болсақ алтыны 18 метр, күмісі 28 метр болады екен. Қола жүлделер 6 футбол алаңына тең. Республикалық, халықаралық деңгейде жалпы саны 2413 медаль жеңіп алдық,  олимпиадалық жобаларға 1173, ғылыми олимпиадаға 1224 баланы дайындаппын. Бұл жерде ерекше тоқталғым келетіні, мұның бәрі оқушылардың жетістігі, оқушылардың еңбегі деп түсінемін. Мұғалім жол сілтеуші, бағыт беруші ғана. Негізгі салмақ оқушыға түседі, жауапкершілік те оқушыда.

- Математикадан халықаралық олимпиада бар.Онда қазақстандық балалардың рейтингі қандай?

-Математика пәні бойынша әлемде ең танымал жарыс ол іМО. Халықаралық деңгейде біздің оқушылар қазір 18-25 орын аралығында көрініп жүр. Бұл жақсы сияқты көрінгенімен, мынаны ескеруіміз керек. 2001 жылы біз 3- орында болдық. 2012 жылы Қазақстанда болған ІМО олимпиадасында 4 орын еді. Қазір оның төмендеуі балалардың өзіне байланысты деп ойлаймын. Тек олимпиаданы ойлау керек, басқа нәрсемен бас қатыруға мүлдем болмайды. Оның үстіне балалардың қызығушылығы өзгерді,  гаджеттер алға шықты, көп нәрсені алмастырды. 10-15 жыл бұрынғы оқушылар үшін гаджеттер қолжетімсіз болғаны бәрімізге аян, есесіне бар уақытын, күшін, зейінін сабаққа аударды.

-Кез келген баланы олимпиадаға дайындауға болады ма?

-Егер шындап кіріссе, бүкіл күшін сабаққа жұмсаса болады.  Және бірнеше сабақтан олимпиадаға қатар дайындалу балаға ауыр тиеді. Нәтиже шықсын десеңіз өзінің ыңғайы бар, қызығатын пәні бойынша дайындаған дұрыс. Баланың қабілетін көру үшін оны дамыту керек. Бала үнемі ізденісте жүруі керек. Себебі оның миы дәл қазір алапат күшке ие. 11-12 және 18-19 жастағы адамдардың миы кез келген жаңашылдықты жедел қабылдап, дамытып әкетеді екен. Осы кезеңде оның миына салмақ түсетіндей ой жұмысымен айналысып, содан шаршауы тиіс. Мұның пайдасы зор.  Бала нәтиже көрсету үшін сабақтан кейін кем дегенде 3-4 сағат уақытын дайындыққа жұмсағаны абзал.

-Балалармен жұмыс жасағанда, сабақ өткізгенде қандай ережені ұстанасыз?

Тәжірибем болғандықтан қазір күнделікті сабаққа дайындалуға көп дегенде бір сағаттай ғана уақытымды жұмсаймын. Тақырыпты тек теориямен айтуға әсте болмайды, онда ол оқушыны қызықтырмайды, санасына сіңбейді. Мұғалім мамандығын жақсы көріп, түсіндіріп жатқан тақырыпты алдымен өзі зерттеп, есепті шешудің түрлі жолын қарастырса баланы баурап алады. Мәселен бір адам өзі дәмін татқан тамақты сипаттауы мүмкін. Енді біреуі суретін көрген немесе жай оқығанын айтып беруі мүмкін. Екеуінің қайсысы дәмін неғұрлым дәл жеткізеді? Сабақ та дәл сондай.

- Әлем мұғалімі байқауында қандай жобамен баратыныңыз белгілі ме?

- Әзірге дайындықты бастамадық. Осы уақытқа дейін халықаралық олимпиадаларда топ жарған балалардың жұмысының қорытындысы не шолу ретінде болуы мүмкін. Бұл әзірге ғана ой. Дегенмен олимпиаданың пайдасы туралы міндетті түрде айтамын. 

-Сұхбатыңызға рахмет.

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх