• USD 385
  • EUR 434

Онлайн сервистен рәсімделген 150 мың теңгенің несиесі 2 млн. теңгеге дейін өсіп кеткен

08 тамыз, 08:59151
Фото: Хабар 24 Фото: Хабар 24

Бүгінгі таңда интернет арқылы онлайн несие ұсынатын микроқаржылық ұйымдар аз емес. Алайда әп-сәтте банктік картаңызға келіп түсетін «оңай олжаны» қайтару қиынға соғып жатады. Тіпті қарызды уақытынан кешіктірсеңіз, алғаныңызды еселеп қайтаруыңызға тура келеді. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры Тұтынушылар құқығын қорғау орталығының жетекшісі Альбина Юлдашевамен сұхбат құрды.

Альбина Юлдашева "Менің Атамекенім" қоғамдық бірлестігі Тұтынушылар құқығын қорғау орталығының жетекшісі

– Альбина, онлайн қарыз ұсынатын компаниялар қай Заңға және нормативтік-құқықтық актілерге сүйеніп жұмыс жүргізеді?

– Онлайн қарыз Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекспен қаралады.

Тұтынушылар онлайн заем ұсынатын компаниялардың қарыздың үстіне, жеке кабинет жүргізу сияқты қосымша қызметтердің ақысын қосуына, заемші қарызды уақытында өтемесе, айыппұлдар салуы бойынша шағымданады.

– Қарыз алушылар бұдан басқа қандай мәселемен шағымданады?

– Шағымдар көбіне қарыз алушыны іздестіру кезіндегі процесс барысында болады. Мысалы, қарыз беруші компания қызметкерлері тұтынушыларға үнемі қоңырау шалып, жұмыс орындарына, жақын араласатын адамдарына хабарласып, түрлі қорқыту шараларын жүргізеді. Тіпті заемшінің әлеуметтік желідегі парақшасын тауып алатындар да бар. Сол сияқты борышкерді іздестіру кезінде қарыз беруші компания мамандары заемшіге өздерін құқыққорғау органдарының қызметкерлері, сот орындаушылары, сот қызметкерлері болып хабарласатын жағдай да жиі кездеседі.

– Егер борышкер қарызын мерзімінен кешіктірсе, мұндай микроқаржы ұйымдары қандай шара қолдана алады? Мысалы, олар борышкердің қаладан немесе елден шығуына тыйым сала ала ма?

– Онлайн заем ұсынатын компания мамандары өз беттерінше борышкерлердің Қазақстан Республикасынан сыртқа шығуға тыйым салуға, банктік есеп-шоттарын бұғаттауға құзыреттері жоқ. Егер олар істі тек сотқа берсе немесе нотариус арқылы жеке сот орындаушыларына берген жағдайда ғана борышкердің банктік есеп-шоттарын бұғаттап, мүліктеріне «арест» қойып, шекара асуға тыйым сала алады.

– Заемді қайтармағаны үшін борышкерді түрмеге тоғытқан жағдайлар болды ма? Содан соң онлайнерлер қарыз алушының есеп-шотынан өз бетінше ақша шеше ала ма?

– Қарызды өтемегені үшін заемшіні қамаған жағдайлар әзірге болған жоқ. Бірақ акцептісіз банктік есеп-шоттардан ақша шешу дерегі тіркелді. Онлайнерлер «сатып алу» тәсілі арқылы борышкерлердің шоттарынан ақша шеше алады. Бірақ бұл заңды емес, әрине.

– Өз тұтынушыларыңыздың басынан өткен бірер жағдай туралы айтып беріңізші.

– Жақында маған өзінің банктік шотының бұғатталғаны туралы бір заемші жүгінді. Бірақ ол ешқандай ескерту, хабарландыру құжаттарын алмаған. Талдау кезінде оған нотариустың жазбасы бар екені анықталған. Содан біз арызданушыларға қарсы арыз жаздық. Нәтижесінде 10 күн ішінде заемшіге қарсы жазылған арыз қайтарылып алынып, оның бұғатталған банктік шоты қалпына келтірілді.

Сол сияқты жақында біз тағы бір сотта жеңіп шықтық. Тұтынушы 150 мың теңгенің қарызын рәсімдеп, жағдайы қиын болғандықтан, қарыз мерзімі уақытынан асып кеткен. Маған жүгінген уақытта тұтынушының жеке кабинетінде қарыз көлемі 1 846 878 теңгені құрады. Кешіктірілген қарыз мерзімі – 426 күн. Келісімшартты орындамағаны үшін компания өсімпұл, айыппұлмен қатар, жылдық үстемеақыны 511 пайызбен есептеген. Талдау барысында келісімшарт пунктінде бұзушылық дерегі анықталып, осыған байланысты сотқа шағымданып, келісімшарт жарамсыз деп танылды.

Сот ісі барысында біздің талабымыз орындалды. Келісімшарт жарамсыз деп танылған жағдайда борышкер тек негізгі қарызды ғана қайтарады.

– Тұтынушылардың мәселесін шешуге қанша уақыт керек?

– Тұтынушылардың мәселесі оның шаруасының қиындығына байланысты 10 күннен 4 айға дейінгі аралықта шешіледі.

– Егер клиент бір емес, бірнеше онлайн компаниядан үлкен көлемде қарыз алып, оны уақытында қайтара алмаса, не істеуі керек? Қайда және кімге жүгінуі қажет?

– Егер қарыз алушы заемді мерзімінен кешіктіріп алса, үрейленбеу керек.

Бірінші кезекте, қарыз берушіге өтініш жазып, жағдайды түсіндіруі тиіс. Сонда компания оған түсіністікпен қарауы мүмкін. Сондай-ақ келісімшарттың заңдылыққа сәйкес болуы үшін заңгерлерге жүгінуі қажет. Сол сияқты қарызды аз уақыттың ішінде жауып береміз деген күдік туғызатын ұйымдарға жоламаған абзал. Өйткені алаяқтарға тап болуы мүмкін.

– Онлайн компаниялардан қарыз сұрамай тұрып, келісімшартқа қол қоймас бұрын тұтынушы ең алдымен неге мән беруі керек?

– Онлайн қарыз алатын кезде, бірінші кезекте, пайыздық үстемеақысына қарау керек. Жылдық үстемеақы 100 пайыздан аспауы тиіс. Қарызды уақытынан кешіктірген жағдайда айыппұл санкциясы күніне 0,5 % болуы керек. Жалпы, барлық сома 10 пайыздан аспауы шарт. Келісімшартты толықтай оқып шығу қажет. Сол сияқты ұсақ шрифтерге де назар аударып, келісімшартта түсініксіз жер болса, менеджерден анықтап алған жөн.

– Сіздің борышкерлердің мәселесімен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?  

– Бұл іспен айналысып жүргеніме 3 жыл болды.

– Онлайнерлердің заңсыз әрекеттерінен қалай қорғанған дұрыс?

– Онлайнерлер тарапынан қолданылатын шаралардан қорғану үшін өзіңіздің құқығыңызды, міндетіңізді жақсы білуіңіз керек. Ол үшін Азаматтық кодексті, Коллекторлық қызмет туралы Заңды мұқият оқып шығу қажет. Егер онлайн компанияларының мамандары мен коллекторлардың тарапынан аздаған күдік тудыратын әрекет байқасаңыз, Ұлттық банкке немесе сот органдарына өз құқығыңызды қорғау жөнінде арыз жазу керек.

Заңға қайшы әрекеттерге үнсіз қалуға болмайды. Өйткені үндемей жүре берсеңіз, ештеңе өздігінен жақсы жаққа өзгермейді.

– Сұхбатыңызға рақмет.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх