• USD 385
  • EUR 434

Мұқтаж жанға көмектесу үшін кәсіпкер болудың қажеті жоқ

24 шiлде, 08:35189

Қайырымдылық жасау – ізетті іс. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі түрлі қайырымдылық жобаны жүзеге асырып, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге арналған «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаевамен сұхбат құрды.

Ләззат Шыңғысбаева«Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры

– Ләззат Алтынбекқызы, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігін құру идеясы қалай туындады? Мақсаты не?

– Біздің қоғамдық бірлестіктің құрылтайшысы – әр өңірдегі кәсіпкерлер мен қоғамда өзіндік орны бар белсенді азаматтардан құралған 10 адам. Оның ішінде Жақсылық Үшкемпіров те бар. Негізінен кәсіпкерлермен ақылдаса отырып, осы идеяны ортаға салған Жақсылық аға. Бұл бастамаға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қолдау көрсетіп, осылайша, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі өз жұмысын бастады. Өткен жылдың ортасында тіркеуден өтіп, одан бері біраз жобаны қолға алдық. Соның бірі «Әр ауылға – бір қамқоршы» деп аталады. Бұл тұрғыда «еліміздегі 6 мыңға жуық ауылдың қандай әлеуметтік мәселелері бар? Сол мәселелерді шешу үшін не істеу керек? Оның құны қанша?» деген сияқты сұрақтар бойынша пакеттік жобалар әзірлеп жатырмыз. Оның жұмысы өте көп, әрине. Онлайн сауалнамалар жүргізіп, бұл жөніндегі сұрақтарды әлі де реттестірудеміз.

Сонымен қатар биылғы ақпан айында елордада өрттен қайтыс болған 5 баланың оқиғасынан кейін құрылтайшыларымыз тек жүйелік мәселелерді ғана емес, әр адамның жанайқайына үңіліп, жекелеген әлеуметтік көмекті де қолға алсақ деген ұсыныстарын айтты. Содан порталымыз atamekenim.kz арқылы 4-5 айдың ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі мұқтаж жандарға 70 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.

– Мұқтаж жандар көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?

– Көмек сұраушылар денсаулық, оқу ақысын төлеу, күнделікті қажеттілік, азық-түлік, киім-кешек, қарызды жабу сияқты түрлі мәселемен жүгінеді. Бұл платформалық алаңда көмекке мұқтаж жандар мәселелерін өздері жариялайды. Жалпы, порталда екі батырма бар. Біріншісі «Маған көмек қажет» деп аталады. Онда смартфоннан немесе компьютер арқылы кіріп, шағын анкета толтырып, отбасының жағдайы туралы қысқаша жазып, жеке куәлігінің және өзінің немесе жанұясының фотосын жүктеп, проблемасы туралы қысқаша жазуы қажет. Бірнеше айдың ішінде осындай 1500-дей өтініш тіркелді. Екіншісі – «Көмек бергім келеді» батырмасы. Онда көмек бергісі келетін кез келген қайырымды жан «Маған көмек қажет» дегендердің арасынан өзі қалаған мұқтаж адамға шама-шарқынша қол ұшын бере алады. Нәтижесінде кәсіпкерлерден бөлек, мұқтаж жандарға көмектескісі келетін қарапайым азаматтар қатары да көбейіп келеді. Жалпы, қол ұшын созу үшін кәсіпкер болудың қажеті жоқ.

– Көмек көрсеткендердің арасында баспанамен қамтамасыз еткендер болды ма?

– Иә, екі кәсіпкер мен IRON PLAST компаниясы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы 3 отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Екі отбасы көпқабатты тұрғын үйден пәтерлі болса, бір отбасы 108 шаршы метр болатын 4 бөлмелі үлкен жер үйге ие болды. Жер үйге қоныстанған жалғызбасты ананың 5-6 баласы бар. Бір баласы – мүгедек. Өзі денсаулығына байланысты еш жерде жұмыс істемейді. Қайырымды жандар енді оның үйіне қажетті заттар алып беріп, басқа да көмек көрсетіп жатыр.

Айта кету керек, меценат кәсіпкердің бірі – Жандар Садықов. Ал екінші кәсіпкер атын жасырын ұстауды өтінді. Арасында осындай атын жария еткісі келмейтін меценаттар болады. Бірақ біз көмек көрсеткен адамдардың атын барынша жариялауға тырысамыз. Өйткені ол қайырымды жандарды басқа адамдарға үлгі етуіміз керек қой. Қамқоршылыққа үгіт-насихат қажет. Ол жарнама емес, ол – мейірімділік вирусы. Жақсылық жасау бәріміздің қолымыздан келеді. Ол үшін көп ойланудың қажеті жоқ. Тек интернет болса жеткілікті. Смартфон немесе компьютерден порталға кірсеңіз, екі-ақ минут ішінде біреудің мәселесін шешіп беруіңіз мүмкін.

Жалпы, порталдағы «Кімге көмектесті?» деген айдарымызда көрсетілген көмектің барлығы жарияланып тұр.

– Меценаттар банкке қарызы бар адамдарға да көмектесе ме?

– Қазіргі уақытта банкке қарызы жоқ адамдар кемде-кем. Сондықтан банк қарыздарын жабуға көмектесуге меценаттар аса құлық танытпайды. Өйткені әр адам кредит аларда ойлануы керек. Оның соңы неге алып баратынын білу үшін профессор болу қажет емес. Оны кез келген адам жақсы біледі. Сондықтан тек өтей алсаңыз ғана банкке жүгіну қажет. Егер мүмкіндігіңіз жоқ болса, банкке мүлде жоламаған дұрыс. Біз арқылы қайырымды жандар көбіне тек қиын жағдайға түскен, емге зәру немесе ішерге асы жоқ болып отырған адамдарға көмек көрсетеді. Бірақ біздің портал әртүрлі таптағы адамдарға арналған ортақ алаң болғандықтан, онда қарыздарын өтеп беруге көмек сұрайтын жандар да көп. Біз оларға «қарыз туралы көмек сұрамаңыздар» деп тыйым сала алмаймыз. Не жазса да, әркім өзі біледі. Алайда көмек берушілер мұқтаждардың жағдайына назар аударады.

– Ипотекамен пәтер алу үшін бастапқы жарнаға көмек сұрайтындарға ше..?

– Бастапқы жарна бойынша көмек сұраған өтініштер бар. Бірақ әзірге ондай көмек көрсетіле қойған жоқ. Себебі қазіргі таңда пәтер ақысын төлей алмай отырған адам ертең ипотекалық несиені төлей алмай қалса, бәрібір банк үйді қайтарып алуы мүмкін. Сол кезде көмек бекер болады. Көмек бергісі келетіндер осыған да мән береді. Сонымен қатар көмектесушілер отбасындағы ер адамның болу-болмауына да назар аударады. Егер мұқтаж адамның жұбайы немесе әкесі болса, оларға қол ұшын бермеуі мүмкін. «Қанша айтқанмен, ер азаматы бар ғой. Сондықтан мәселені ері өзі шешер» деп жатады. Жалпы, көмек көрсететіндер мұқтаж жандарға ақшаны тікелей аудармайды. Қаржы қайда қажет болса, тек сонда жолдайды. Мысалы, өткенде бір отбасы баласының оқу ақысын төлей алмай отырғанын жазыпты. Оған жәрдемдескісі келген адам өзінің ниетін білдірді. Біз студенттің қай оқу орнында оқитынын анықтап, сол колледжге хабарласып, реквизиттерін сұрадық. Кәсіпкер қаржыны бірден оқу орнының шотына аударды. Ол туралы отбасыға хабарладық. Егер көмек біз арқылы жүзеге асса, міндетті түрде отбасы мүшелерін фото-бейнеге түсіреміз. Өйткені басқа өңірдегі кәсіпкер Нұр-Сұлтан қаласындағы отбасыға көмектескісі келсе, осында арнайы келіп жатпайды. Ол бізге хабарласады. Содан ол да кімге көмектескенін біліп, соған көз жеткізуі керек. Оларға біз фото-бейнемен есеп береміз. Бірақ көмек сұраған адамдардың кейбірі өздерін жасырын ұстағысы келеді. Алайда біз тығылып отырған адамға жасырын көмек бермейміз. 

– Ал арыстықтарға қандай көмек көрсетілді?

– Қазіргі уақытта Арыс қаласының жағдайына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Арыс оқиғасы болған 24 маусым күні «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Менің Арысым» атты арнайы жобаны іске қостық. Бұл тұрғыда еліміздің түкпір-түкпірінен қаржылай көмек көрсеткен азаматтар өте көп. Олардың тізімі «Менің Атамекенім» сайтында жарияланды. Сол сияқты түрлі компаниялар да көмек көрсетіп жатыр. Қазіргі уақытта Арыстың өзі 17 секторға бөлініп, 14 облыс пен 3 қала бір-бір секторды еншілеп, сол бойынша үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді сондағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйінің ішін қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етсек деген жоспарымыз бар. Әрине, барлық үйді қамту мүмкін емес. Бұдан бөлек, екінші арнайы есеп-шот «Бизнес бизнеске көмектеседі» жобасы бойынша жұмыс бастадық. Бұл жоба бойынша еліміздегі ірі компаниялар өздерінің бюджеттеріне қарай қаржы аударып жатыр.

Жалпы, Арыс қаласында 500-ге жуық шағын және орта бизнес нысаны бар болса, жарылыс кезінде соның 400-ден астамы бүлінген екен. Кейбірінің есік-терезесі, енді бірінің шатыры жоқ деген сияқты. Оның ішінде 8-і тіпті қалыпқа келтіруге келмейтіндей жарамсыз болып қалған. Оларды күреп, ғимаратты қайтадан салу керек. Оның алтауының сметалық құжаты дайын болса, екеуінікі әзірленіп жатыр. Көмек алу үшін құжаттың да дұрыс болғаны маңызды. Алайда Арыстағы шағын және орта кәсіпкерлердің көбінің құжаттары дұрыс болмай, қазіргі уақытта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Түркістан облысындағы өңірлік палатасының қызметкерлері құжаттарды ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Арыстағы шағын және орта бизнес нысандарын қалыпқа келтіру үшін ірі компаниялардан 500 миллион теңгеден аса қаржы жиналса, бүгінде сметалық құжаты дайын 21 нысанға 63 миллион теңге аудардық. Сондай-ақ сметалық құжаты дайын қайта салуды қажет ететін 6 нысанның құны 275 миллион теңгені құрап отыр.

– Бұл тұрғыда есеп бересіздер ме?

– Әлбетте. Көмек көрсетілетін нысандардың қазіргі және жөнделгеннен кейінгі фотолары жарияланатын болады. Жалпы, кімге, қанша көлемде көмек көрсетілгені туралы демеуші болып отырған компанияларға олардың тиісті формаларымен 10 күн сайын есеп беріп отырамыз. Ал жеке адамдардың көмек көрсеткені туралы есебіміз сайтымызда тұр.

– Қай заңмен жұмыс істейсіздер?

– Қайырымдылық туралы Заң бар. Бірақ ол заңда көп нәрсе жазылмаған. Көмек берушілер де әртүрлі. Мысалы, біреу шын жүректен жәрдемдессе, енді бірі содан тиімділік іздеуі де мүмкін.

– «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі онлайн қарыз мәселесі жөнінде тегін қызмет көрсетеді деп естідік. Осы туралы айтып берсеңіз.

– Тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша 1-2 айдан бері онлайн кредит бойынша қиын жағдайға түскен азаматтардың құқығын қорғайтын қанатқақты жобаны бастадық. Мұндағы мақсат – оайланбай немесе қатты қысылған уақытта онлайн заем алып, артынан оны төлей алмай, бірнеше ай ішінде қарыз көлемі миллиондап өсіп кеткен адамдарға заңгеріміз сот арқылы өсімпұл, айыппұлдарын алып, о бастағы негізгі қарызын ғана қайтаратындай етіп беруге көмек көрсету. Бұл бойынша да көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, 100 мың теңге заем алған кісілердің қарызы 1,5 миллион теңге болып кеткен жағдайлар бар. Олардың біразының мәселесі шешілді, кейбірінің мәселесі әлі де процесс үстінде. Шаруасы шешілген адамдар алғыстарын айтып жатыр.

– Тағы қандай жобаларыңыз бар?

– «Мектепке жол» акциясына үлес қоспақ ойымыз бар. Ел ішінде осы акцияның жүріп жатқанына 11 жыл болған екен. Бізге тұрғындар тарапынан аталған акцияға өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Өйткені бұған дейінгі өткен шараларда «маған көмек берілмеді, кейбір зат жетпей қалды, сапасы дұрыс болмады» деген сияқты арыз-шағымдар түсті. «Осы жылы басқаша өткізейікші» деп бізге хабарласып, өтініш білдіруде. Сондықтан қазір біз осы бойынша арнайы жоба дайындап жатырмыз.

– Сонда қандай өзгеріс болуы мүмкін?

– «Халық» банкі арқылы арнайы шот аштық. Жақында онлайн транзакцияны іске қосамыз. Мұқтаж адамдар сайтқа кіріп, балаларына қажетті мектеп құрал-жабдықтарынан нақты ненің қажеттігін жазып, өтініш қалдырады. Сол бойынша білім беру мекемелеріндегі әлеуметтік мамандар, Білім және ғылым министрлігі мен түрлі компания бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Сауда орындарында жеңілдік көрсетуді қарастырамыз. Содан көмекке мұқтаж ата-ана сауда орындарына барып, балаларына қажетті мектеп формасы мен құрал-жабдықтарды өздері таңдап алатындай жағдай қарастыру көзделіп отыр. Қазір осы акцияның техникалық жағын реттестіріп жатырмыз. Тізімді министрліктегі және мектептердегі тізіммен салыстырамыз. Содан көмекке ие болған ата-аналарды фотоға түсіріп, сайтта жариялаймыз. Оны министрліктегілер де көріп отыруы керек.

– Сұхбатыңызға рақмет.  



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх