Латыннегізді қазақ әліпбиін түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындалып жатыр

14 қазан, 17:29175
Автор: Elorda Aqparat
Сурет интернеттен алынды Сурет интернеттен алынды

Қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшіру бағытында Нұр-Сұлтан қаласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеппен сұхбат құрды.

Сәкен ЕсіркепНұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының орынбасары

– Сәкен Зиябекұлы, латын графикасына көшу жөнінде қандай жоспар құрылды? Сіздердің тарапыңыздан қандай жұмыстар жүргізілуде? 

– Елбасының Жарлығымен «Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі» бекітілгеннен кейін Премьер-министрдің (2018 жылғы 13 наурыздағы № 27 өкім – автор) өкімімен Қазақ тілі əліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін білесіздер. 

Жалпы, аталған жоспар 3 кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі 2018-2020 жылдар болса, екінші кезең – 2021-2023 жылдар, үшінші кезең – 2024-2025 жылдар. Бірінші кезеңде нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жоспарланған. Яғни біз қазір бірінші кезеңдеміз. Бұл – осы салада қызмет етуші уәкілетті орган мамандарының еншісіндегі жұмыс. Ал жергілікті атқарушы органдар, яғни біздер қазіргі уақытта халыққа насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз.

– Жалпы, осы мақсатта елордада қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?

– Жыл басынан бері 60-тан аса іс-шара өтіп, онда 138 000 аса адам қамтылды.

Өткен жылы 600-ден аса маманға қазақ әліпбиін латын графикасында үйрету бойынша 9 семинар ұйымдастырылды. Сол сияқты былтыр жалпыхалықтық диктант өткіздік. Оған 50 мыңға жуық астаналық қатысты.

Биыл қала бойынша 120-дан аса іс-шара ұйымдастырылды. 60-қа жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 250 мемлекеттік қызметкер сертификат алды. Жыл басынан бері 250-ден аса латын әліпбиінде жазылған сыртқы және ішкі атаулар тексеріліп, сараптамадан өтті.

– Тағы қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Нақтырақ тоқталып өтсеңіз.

– Жоспардың 14,16-тармағына сәйкес, 2018 жылы 150-ден аса мектепке дейінгі мекеменің, мектептің, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне, 180 бастауыш сынып мұғаліміне, 120 мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілеріне, мемлекеттік мекемелерден және оның құрылымдық бөлімдерінен 150-ден аса қызметкеріне қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша 9 семинар-курс ұйымдастырылды.

Семинар-курстарда Әлімхан Жүнісбеков, Әлфия Солтанбекова, Қуатбек Дүйсенов, Құралай Күдеринова, Анар Фазылжан сынды професстор, ғалымдар, филология ғылымдарының докторлары мен кандидаттары дәріс оқыды.

Нұр-Сұлтан қаласында Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес үш мектепті, яғни № 68 орта мектеп пен №40 және 76 мектеп-лицейлерін апробациядан өткізу бекітілген. Ғалымдар аталған мектептермен тікелей жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар қосымша екі мектеп, үш колледж қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бағытында нақты жұмыстар жүргізуді қолға алды.

Апробациядан өтіп жатқан мектептердің 5-6-сыныптарында факультатив сабақтары жүргізілуде. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қатысты көпшіліктің пікірін білу мақсатында ата-аналар мен оқушылардан сауалнамалар алынды. «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғыру талабы», «Латын әліпбиі: жаңғыру –  жазудан басталады», «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы», «Латын әліпбиіне көшу – әлемдік руханиятқа қосылудың алғы шарты» деген тақырыптарда оқушылар мен мұғалімдерге арналған дөңгелек үстелдегі отырыстар, ата-аналарға  ақпараттық күндер, «Латын әліпбиі» атты қалалық кіші олимпиада, «Жаңа жазудың көшбасшылары» атты байқау өткізілді.

Латын әліпбиі кабинеті ашылды. Кабинетке латын әліпбиі негізіндегі 3D форматтағы әліпби және оқулықтар сатып алынды.

Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде, медицина мекемелерінде қоғам қайраткерлерінің, білікті лингвисттердің қатысуымен ақпараттық күндер өткізілді. Аталған шараға 1500-ден аса адам қатысты.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің төрағалығымен өткен 2018 жылғы 27 қыркүйектегі қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысы хаттамасының 2-тармағына сәйкес ұйымдастырылған жалпыхалықтық диктантқа Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік мекемелерден, жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан, мектепке дейінгі мекемеден, мектептерден, қосымша білім беру мекемелерінен, мәдениет, спорт, медицина, энергетика және басқа да салалардан 50 мыңнан аса адам қатысты.

Сонымен қатар қала әкімдігінің мемлекеттік қызметшілеріне арналған латын графикасы негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін түсіндіруге арналған оқу-семинары өткізілді.

Басылымдарда 25 мақала, электронды БАҚ-та 10-нан аса жаңалықтық сюжет және бағдарламалар, әлеуметтік желілерде 300-ден аса материалдар, посттар жарияланды.

Қала мектептері мен колледждерінде насихат жұмыстары жүргізіліп, «дөңгелек үстелдер», ақпараттық күндер ұйымдастырылды. 120-дан аса іс-шара өткізіліп, 1360 адам қатысты.

«Latynsha-Like» семинар-тимбилдингі өткізілді. Мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру. Бағдарлама аясындағы латын қарпінің БАҚ-та насихатталуын арттыру. Қоғамға латын негізді әліпбидің таралуына ықпал ету. Шараға белгілі қоғам белсенділері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, блогерлер, әкімдік барлығы 150 қызметкер қатысты.

 «Латынша оқы, латынша жаз!» тақырыбында бейнесабақ өтті. Латыннегізді қазақ әліпбиін үйренуге мүмкіндік беретін 20 сағаттық бейнесабақтар YouTube әлеуметтік желісінде жүктелді.

2019 жылы 800 қызметкерді латын графикасында оқу, жазу дағдыларын қалыптастыру курсынан өткізу жоспарланған болатын. Қазан айына дейін барлығы – 574 тыңдаушы курстан өтті.

Осы қазан айының алдағы күндері қазақ тілі пәнінің оқытушыларына арналған курс ұйымдастырылатын болады.

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары аясында әдістемелік көмек ретінде ұсынылған мобильді қосымшалар мен бағдарламалар, бейне роликтер қаладағы барлық мекемелерге таратылды.

«Астана ақшамы» газетінде «Латын әліпбиін үйренейік» атты айдар ашылды.  Оқырмандарға латыннегізді қазақ әліпбиін үйренуге мүмкіндік беру мақсатында газеттің әр нөмірінде емле ережесінің сабақтары беріліп тұрады.

Әлеуметтік желіде афоризмдер мен латын графикасына байланысты материалдар жарияланды.

– Ал ересектерге латын әліпбиін үйретуде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

– Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп қаладағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне және оқыту орталықтарының оқытушыларына «Жаңа емле: құрлымы мен мазмұны» атты дәріс-семинар ұйымдастырды. Оның негізгі мақсаты – латыннегізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияға оқыта, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындау. Сонымен қатар мәдениет және спорт мекемелері қызметкерлеріне семинар ұйымдастырылып, олар да жаңа емле ережесімен танысты. Онда 120 адам қатысты.

Орталық тарапынан ұйымдастырылған латын ғарпіндегі емле-ережелерінің құрылымын,  емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияға оқыта, түсіндіре алатын білікті тренерлер даярлайтын 72 сағаттық  (2 апталық) курста 10 оқытушы сертификат алды. Жыл соңына дейін 2 оқытушының біліктілігін арттыру жоспарлануда.

– Сұхбатыңызға рақмет.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх