Қазақстандағы бірегей оқу орнында оқып, АҚШ университетінің де дипломын алуға болады

17 қазан, 18:33602
Фото авторы: Динара Киндербаева Фото авторы: Динара Киндербаева

Елорда Инфо тілшісі заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры Еркін Дүсіповпен академияның атқарып жатқан жұмысы мен мемлекеттік қызметшіні даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру тұрғысында сұхбат құрды. 

Еркін ДүсіповҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор

Еліміздегі баламасы жоқ оқу орны

– Еркін Шажаұлы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы басқа жоғары оқу орындарынан несімен ерекше?

– Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – еліміздегі мемлекеттік қызметшілерді дайындайтын бірден-бір оқу орны. Басқа оқу орындарымен салыстырғанда ерекшелігі сол, аталған оқу орнында тек  мемлекеттік қызметшілер ғана білім алады. Бізде бакалавриат бөлімі жоқ. Жалпы, мемлекеттік қызметші дегеніміз – мемлекеттік маңызы бар, жоғары деңгейде шешім қабылдай алатын, мемлекеттік қызметтегі тұлға. Академияда мемлекеттік қызметшілер даярлаумен қатар, оларды қайта  даярлаудан өткізеді және біліктілігін арттырады. Қазіргі ХХІ ғасырда мемлекеттік қызметші қандай болуы тиіс? Қандай деңгейде дайындауымыз керек? Олардың алдына қандай мақсат-міндет қоюымыз керек? Оларды даярлау – үлкен міндет, себебі олар еліміздің өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатының жоғарлауын қамтамасыз етуге, еліміздің дамыған елдер қатарында болуға бірден-бір тікелей қызмет жасайтын лауазымды тұлға ғой. Сондықтан да осындай іс-шараны жүзеге асыратын академияның да рөлі зор болуы тиіс деп ойлаймын.

Елбасы былтыр халыққа арнаған Жолдауында жаңа формацияның басшысы жетекшілерін даярлау қажеттігі жөнінде академияға арнайы тапсырма жүктеген болатын. Қазіргі уақытта осы тұрғыда жобалар дайындалып қойды. Сәтін салса, 2020 жылдан бастап жаңа формат жетекшілерін даярлауды іске қосамыз, ол бізге тапсырылған үлкен сенім деп айта кетер едім.

– Биылғы оқу жылында академиядағы оқыту бағдарламасына қандай да бір өзгеріс енгізілді ме?

– 2017 жылдан бастап біздегі бағдарламалар толығымен өзгерді. Сонымен қоса, бұрынғы көзқарасты да өзгерттік. Себебі мемлекеттік қызметшіні даярлау оңай іс емес, мемлекеттік көзқарасты талап етеді. Ол жайында жоғарыда айтып кеттім. Бұл өте жауапты іс.

Бұрынғы бағдарламалармен қатар, 2017 жылы ақпарат және киберқауіпсіздік атты жаңа  бағдарламалар аштық. Себебі қазір ХХІ ғасыр болғандықтан, компьютерлік жүйені біздің мемлекеттік қызметшілеріміз де пайдаланады ғой, сонымен қатар  өздерінің күнделікті жұмыстарында маңызды мемлекеттік құжаттармен жұмыс жасайды, ондағы ақпараттың сақталуы өте маңызды.  2016 жылы осында қызметке келген кезімде мұнда небәрі 4-5 бағдарлама болды. Қазір магистратура бойынша 11 бағдарлама бар. Соның ішінде бұрыннан келе жатқан бағдарлама – мемлекеттік саясат бағдарламасы. Бұл бұған дейін қазақ және орыс тілдерінде жүргізілсе, биылдан бастап ағылшын тілінде даярлау қолға алынды. Негізінен академияда барлық дәріс 3 тілде жүргізіледі. Әлбетте, алдымен ана тілімізде, одан кейін орыс және ағылшын тілінде. «Неліктен?» деген сұрақ туындайтын болса, біз өз дамуымызда алдыңғы қатардағы батыс елдерінен қалып қоймауымыз керек. Оларда қандай өзгеріс болып жатқанынан, жаһандану кезеңінде дүние жүзіндегі қажетті  ақпаратты өз игілігімізге пайдалану сияқтыларды түпнұсқасынан білуіміз керек. Ол үшін бізге әлемдік тілді меңгеру ауадай қажет деп санаймын. Бұл тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы тұжырымға аса көңіл бөледі. Себебі біз дамыған   озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуды  ел алдына мақсат қылып қойып отырмыз. 

Сарапшылар қалай қабылданады? 

– Академияға шетелдік оқытушылар жиі шақыртыла ма? Оларға қандай талап қойылады?

– Орынды сұрақ. Жалпы, Нидерланды, Сингапур, Оңтүстік Корея, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания мемлекеттерімен жұмыс жүргізіп отырмыз. Бірақ 2016 жылдан бастап шетелдік және отандық сарапшыларды біз байқау арқылы қабылдайтын болдық. Олардың біліктілігін қатаң тексереміз. Шетелдіктердің қолданатын бағдарламасы біздің бағдарламаға сәйкес келе ме? Қай бағытта жүруіміз керек? Еліміз көпвекторлы саясатты ұстанғаннан кейін біз бәріне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Сонымен қатар біз АҚШ-тың Сиракуз университетімен қос дипломды алуға келісімшартқа отырғанбыз. Биыл үш магистріміз біздің және аталған университеттің дипломын алып шықты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып жүргендей, қай мемлекеттің болмасын ең басты мәселесі ол – халықтың әл-ауқатын көтеру. Кез келген мемлекеттік қызметкер халық мүддесі үшін жұмыс істеуге тиісті. Бұл тұрғыда өркениетті елдерде қалай жүзеге асып жатыр? Біз солардың тәжірибесін әруақытта да бақылап отырамыз.

– Яғни шетелден осында келіп оқитын магистранттар да бар ғой?

– Бар. Мысалы, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Ресей, Моңғолия және басқа да 8 мемлекеттің магистранттары біздің академиядан бітіріп шықты. Биыл Украинадан да осында арнайы келіп, оқып жатқандар бар. Осы елдермен меморандумға қол қойғанбыз. Ынтымақтастықта жұмыс жүргіземіз.

Елорданың екі әкімі – академия түлегі

– Академияда қай жоғары лауазымды тұлғалар оқыды? Қанша ғылым докторы шықты?

– Жақсы сұрақ. Биыл біздің академияның құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ең басында 1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебі болып ашылса, артынан біраз өзгерістерге ұшырап, бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы болып отыр. Содан бері қаншама саяси тұлғалар шықты. Мысалы, елорданың бұрынғы әкімі Әсет Исекешев пен қазіргі қала басшысы Алтай Көлгінов те – осы академияның түлектері. Соңғы жылдары академияға түскен магистранттардың сапасы өсіп келеді. Соған орай білім сапасына да қатты мән беріледі. Жалпы, академия жылына 120 магистрант пен 12 докторантты қабылдайды.

Доктарантура 2009 жылдан бастап ашылды. Содан бері 60-тан аса ғылым докторы шықты. Докторанттар 3 жыл оқиды. Алдымен олар магистратураны бітірулері керек. Оларға талапты әлі де күшейтіп жатырмыз. Мемлекеттік органнан келген доктаранттар оқу барысында алған тапсырмалары бойынша диссертацияларын өздерінің тәжірибелеріне енгізіп, соны мемлекетті басқару ісінде де жүзеге асырулары тиіс.

– Ал мұнда оқуға кімдердің түсуіне мүмкіндік бар?

– Оқуға тек қана мемлекеттік қызметкерлер ғана қабылданады. Журналистер маған: «біз де тапсырып көрсек бола ма?» деп сұрақ қойып жатады. Жоқ. Біз басқа саланың мамандарын қабылдамаймыз. Академияның басқа оқу орындарынан тағы бір ерекшелігі – осы.

– Жалпы, докторанттар мен магистранттарға қандай талаптар қойылады? Мемлекеттік қызметте қанша жыл істеуі керек?

– Ол бағдарламаға байланысты. Біріншіден, мемлекеттік қызметші болуы тиіс. Екіншіден, бірнеше сатыдан тұратын іріктеуден өтулері керек. Іріктеу кезінде олардың құзыреттілігі анықталады, ағылшын тілін игеру бойынша тәуелсіз тестілеуден өтеді. Оны біз қабылдамаймыз. Сол сияқты олар өздерінің мемлекеттік қызметтегі нәтижелерін анықтауға қатысты бұл қызметтің болашағы туралы эссе жазады. Үшінші саты кезінде мемлекеттік органдардың жетекшілері мен қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйымдар өкілдері және академия оқытушыларының қатысуымен әңгімелесу өткізіледі. Ол кезде 3 тілде сұрақтар қойылады. Осы аталған сатылардың негізінде магистратура қатарына қабылданады.  Сонымен қатар әр бағдарламаның талабы әртүрлі. Магистратурада 11, доктарантурада 4 бағдарлама бар. Олардың негізінен істеген қызмет өтілі 1 жылдан кем болмауы керек болса, енді бірінде 3 жылдан кем болмауы керек.

Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі бар. Онда қойылатын талап – жалпы мемлекеттік қызметтегі еңбек  өтілі 3 жылдан 5 жылға дейін болса, оның ішінде  басқарушы қызметте 1 жылдан кем болмауы қажет. Кейбір бағдарламалар бойынша одан басқа да талаптар қойылуы мүмкін. Ал бұл мектепті бітіріп шыққан түлектер келешекте жоғары лауазымға тағайындалуға мүмкіндік алады.

Докторанттардың жұмыс орны сақтала ма? 

– Академияға оқуға түскен мемлекеттік қызметшінің орны сақтала ма?

– Кез келген магистранттың да, докторанттың да жұмыс орны сақталады. Онымен қоса, олар қызмет істеп жүрген кездегі жалақысын шәкіртақы ретінде ала алады. Мысалы, мемлекеттік қызметші жұмыс орнында орта есеппен 200 мың теңге жалақы алса, ол бізде оқыған уақытта да сондай көлемде шәкіртақы алып отырады. Біздің ережеміз бойынша олар бітірген соң өз орнына барып, кем дегенде бір жыл қызмет істеуге міндетті. Содан кейін басқа мемлекеттік қызметке ауысуға  мүмкіндігі бар.

– Мемлекеттік қызмет «А» корпусы мен «Б» корпусы болып бөлінген кезде оқыту бағдарламасында қандай өзгеріс болды?

– Мемлекеттік қызметкерлер «А» корпусы, «Б» корпусы болып бөлінгенмен, оларды оқыту бағдарламасы барлығына ортақ. Ал біліктілікті арттыру кезінде ол бағдарламаға қарай өзгереді.

– Мұнда ерекше машықпен оқытыла ма? Яғни осындағы бағдарламалар өзге оқу орындарында қолданылмай ма?

– Өте дұрыс сұрақ қойдыңыз. Еліміздің университеттерінде студенттерге алғашқы жоғары білім беріледі. Ал бізге жоғары білімі бар, мемлекеттік қызметте істеген азаматтар қабылданады. Оларға мектепті енді бітірген түлектерге оқытатын бағдарламаны оқытудың мүлде қажеті жоқ. Сондықтан бізде мемлекеттік қызметкердің жұмысында орын алып жатқан мәселелерді шешу жолдары, халықтың мұң-мұқтажы бойынша жұмыс жүргізу жөнінде білім беріледі. Яғни ең бастысы нәтижеге жұмыс істеуге үйренеді.

Магистр мен магистранттың айырмашылығы – жер мен көктей

– Жалпы, дәріс барысында не нәрсеге баса мән бересіздер? Шәкірттеріңізге қандай ақыл-кеңес айтасыздар?

– Біз қарапайым адамдарды әрі-бері сабылтып жүгіртпеуіміз керек. Керісінше, халыққа өзіміз баруымыз қажет. Жалпы, халық пен мемлекеттік органдар арасында ешқандай кедергі болмауы тиіс. Мен магистранттарға дәріс бергенде оларға халықпен жұмыс жасай білуі керектігін, оларға мәселенің мән-жайын тиісінше түсіндіре білу керек екенін жиі айтамын. Халықтың мәселесін шешуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Біз олардан қашпауымыз керек. Арақашықтық жақындай түсуі тиіс. Кейбір халықтан қашқақтайтын, болмаса орынбасарларын жібере салатын басшылар да бар. Егер кез келген мәселені түсіндіре білсең, халық түсінеді. Халықтан қашқан сайын олар ашына түседі. Оларды ашындырмауымыз керек. Мемлекеттің өзі не үшін керек? Ол халықтың жағдайын жақсарту үшін керек. Халыққа қызмет жасай білуіміз керек. Сонда ғана біздің мемлекетіміз алға басады.

– Яғни шенеуніктердің халыққа жақындай түсуі керектігі жөніндегі дәріс оқыту бағдарламасына енгізілген ғой?

– Енгізілген. Сонымен қатар бұл туралы күнделікті өмірде де ақыл-кеңес ретінде айтып жүреміз. Онымен қоса біз білім алушыларға халықпен жұмыс істей білу тәсілдерін үйретеміз. Жалпы, адамдар көшеге мәселенің мәнісін түсінбей шығуы мүмкін, енді бірі біреудің сөзіне еріп шығуы мүмкін. Егер сол азаматтармен дұрыс сөйлесетін болса, мәселенің түйінін сол жерде-ақ шешіп тастауға болады. Осы бағытта жұмыс істеу керек. Біз сондай тұлғаларды даярлап жатырмыз деп айтар едім.

– Ал сіздердің түлектеріңіз бұл тұрғыда қаншалықты үдеден шығып жатыр?

– Мемлекеттік қызметкерлерді даярлау, қайта даярлау немесе біліктіліктерін арттыру бойынша жаңа қабылданған магистранттар мен бітіріп шыққан магистрлердің айырмашылығы – жер мен көктей. Олардың санасы өзгеріп шығады. Президентіміз айтқандай, адам ең бірінші өзінің санасын өзгерте білуі керек. Кез келген адамды қажетті деңгейде, қажетті бағытта тәрбиелеуге болады. Ол үшін не қажет? Жүрек қажет. Халыққа жүрегімен қызмет істеуі тиіс. Ол болмаса ештеңе өнбейді, ешқандай да нәтиже болмайды. Сондай үлкен жүректі жастарды көргенімде қуанамын, еліміздің болашағының жарқын болатынына сенімім нығая түседі.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – кредомыз

– Антикоррупциялық мазмұндағы дәрістер өткізіле ме?

– Орынды сұрақ. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әңгіме басталған кезде мынаны айту керек, ол бар бізде. Тек біздің елде ғана емес, барлық мемлекетте бар. Тарихта да болған. Бірақ бабаларымыздан келе жатқан парасаттылық деген ұғым бар. Осы тұрғыда жоғарыда айтқанымдай, әр адам өзінің санасын өзгертіп, рухани деңгейін көтерсе, ондай дүниеден аулақ болады деп ойлаймын. Әрине, сыбайлас жемқорлықты түбірімен жойып жіберу мүмкін емес. Бірақ алдын алуға болады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің белгілі бір ұйымы болып саналатындықтан, академияда тек қана осы іспен айналысатын орталық бар. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – біздің кредомыз.

– Мемлекеттік қызметті жоғары лауазым деп қарау керек пе, әлде отансүйгіштік деп есептеу қажет пе?

– Қиын сұрақ бір жағынан. Кейбір адам мемлекеттік қызметті өзінің күнделікті өмірі үшін қажетті мүмкіншілік деп түсінуі мүмкін. Бірақ біз академияның табалдырығын аттаған білім алушылардың ойын өзгерте аламыз. Ең бірінші мемлекеттік қызметкер халыққа қызмет ететін адам екенін түйсінуі керек. Әр қазақстандық азамат туған халқыма қызмет жасаймын деп келуі керек мемлекеттік қызмет лауазымына. Егер солай келсе, оның қызық жағы да бар, үйренетін жағы да жетерлік.

– «Цифрлық академия» жобасы туралы айтып берсеңіз.

– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша «Цифрлық академия» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір біз төртінші өнеркәсіптік революция заманында өмір кешіп отырмыз ғой,  сондықтан да осы мүмкіншілікті дұрыс пайдалана білуіміз керек деп есептеймін. Ел экономикасын цифрландыру – заман талабы. Бұл ретте халқымыздың копьютерлік сауаттылығын арттыруымыз керек. Егер компьютерлік адамдарда  сауаттылық болса, қызмет көрсету орталықтарындағы кезек саны азаяды еді. Қазір адамдар, әсіресе жастар ешқайда бармай, бір орында отырып-ақ көптеген қызметті ала алады. Әр істің өзі тәжірибеге байланысты және нәтижелі болуы керек. Бара-бара қызмет көрсету орталықтары жойылуы мүмкін. Жойылуы тиісті  те деп есептеймін. Себебі халқымызда компьютрлік сауаттылық болатын болса, олар өз мекенжайларында отырып-ақ, кез-келген мемлекеттік қызметті алуға болады емес пе? Біз де мемлекеттік қызметшіні соған үйретуіміз қажет.  

– Осылайша, қағазбастылықтан арылуға болады дейсіз ғой?  

– Иә. Біз «Цифрлық академия» жобасы аясында қағазбастылықтан біршама арылдық. Қағазды пайдаланудан бас тарта отырып, біз белгілі бір деңгейде экологияны да жақсартуға үлес қосып отырмыз. Қалай десеңіз, егер біз күнделікті өмірде қағазды пайдаланбасақ немесе аз мөлшерде пайдаланатын болсақ, қаншама ағаштың «өмірін» сақтап қалады екенбіз. Осыны да ойлаған дұрыс деп санаймын.

– Президенттік жастар кадр резерві жайлы айтып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде 300 президенттік жастар кадрлық резервін жасақтау жөнінде айтқан болатын. Бұл жүйелі жұмыстың жүргізілуіне академия да тиісті деңгейде атсалысып жатыр. Қыркүйек айының 30-да құжатты тіркеу жұмыстары аяқталды. Еліміздің барлық өңірінен 13 мың азамат ниет білдіріп, 7300-ден аса үміткер тиісті құжатты тапсырып үлгеріп, олардың 904-і келесі кезеңге өтті. Енді бұл бағыт бойынша жұмыс қыза түсетін секілді. 2020 жылы бұл жұмыс нәтижесін беріп, мемлекетіміздің алға басуына үлес қосатын жас азаматтардың резерві құрылады деген сенімдеміз. 

– Сұхбатыңызға рақмет.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх