• USD 385
  • EUR 434

Қазақстанда әлеуметтік бизнес ашу: «Zhasproject» тәжірибесі

26 тамыз, 16:5758
Фото: «Zhasproject» баспасөз қызметінен алынды Фото: «Zhasproject» баспасөз қызметінен алынды

«Zhasproject» жастар корпусын дамыту жобасы үш жылдан бері жастардың әлеуметтенуіне және пайдалы дағдыларды алуына көмектесіп келеді. Жобаны іске асыру барысында Қазақстанның барлық жерінен 8500-ге жуық жас қатысты. Жастар корпусының жобасын жүзеге асыратын үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким Елорда Инфо тілшісіне жобаның қатысушылары, оның мақсаты мен болашақ жоспары туралы жан-жақты түсіндіріп берді.

Вера КимЖастар корпусының жобасын жүзеге асыратын үйлестіру агенттігінің басшысы

– Кандидаттарды іріктеу кезіндегі негізгі талаптар туралы айтып берсеңіз. Жобаға кімдер қатыса алады?

– Жобаға мектеп оқушыларынан басқа 29 жасқа дейінгі кез келген адам қатыса алады. Біз, алдымен, жұмыс істемейтін және оқымайтын немесе табысы төмен адамдарға басымдық береміз. Бұл қатысушылардың шамамен 60%-ы. Ал қалған 40%-ы – негізінен студенттер немесе жұмыс істейтін жастар. Сондай-ақ, маңызды критерийлердің бірі – тұрғылықты жері. Жастар жоба іске асырылып жатқан облыста кемінде 6 ай тұруы тиіс.

– Алыс аудандардан келген жастар сіздерге жолығуға аса мән бермейді. Кейбірі тіпті мұндай жобаның бар екендігін де білмейді. Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын жастарды қалай іздейсіздер?

–  Бізде барлық аудандарға, елді мекендерге шығып, жоба туралы түсіндіретін, қатысуға шақыратын ақпараттық кеңесшілер бар. Қатысушылардың бәрі конкурстардың ең үздік екенін айтып жатады. Олардың арасында олимпиадалар, бизнес-стартаптар бар. Біздің жобамыз түрлі мемлекеттік, халықаралық бағдарламалардан оқшауланған, яғни оған қатысуға мүмкіндігі жетпейтін жастарға бағытталған.

– Жобаны жүзеге асырумен қатар, сіздің әлі де дәрістер өткізіп жүргеніңіз белгілі. Жоба аясында оқытудың мәні неде?

– Бағдарлама бірнеше оқу платформасында құрылған. Ал біздің жобамыз оқытудың теориялық және практикалық бөлігін қамтиды. Оқыту барысында қатысушыларға өз жобасын қалай басқаруды, оны қалай тұрақты етуді түсіндіреді. Одан әрі әрекет арқылы оқыту, яғни практикалық бөлім жалғасады. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін жастар болашақ туралы ойланып, жоспарлауды үйренетін бөлімі өтеді. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар тест тапсырады.

– Жобаға қатысуға бас-аяғы қанша уақыт кетеді?

– Шамамен 9 ай. Бірақ жобалардың іске асырылуына 6 ай жеткілікті. Осы уақыт ішінде біз әрбір жобаға ментор көмегін ұсынамыз. Менторлар тәлімгерлер ретінде жұмыс істейді.  

– Жобаға қанша ментор іріктелінеді?

– Жобаға қатысуға ниет білдірушілерге конкурс ашқанға дейін біз менторларды іріктейміз. Шығармашылық, ауыл шаруашылығы, білім беру секілді салаларда жастармен өз дағдыларымен бөлісе алатын, өмірлік тәжірибесі мол адам ментор бола алады. Менторларды біз жобалар жүзеге асырылып жатқан облыстан жинаймыз. Олардың саны жобалар санына байланысты. Биыл бізде 200 ментор бар, әрқайсысына 5 жобадан келеді.

– Биыл қанша жоба жүзеге асырылды және қандай облыстар қамтылды?

–  2017 жылы 589, былтыр 1027, ал 2019 жылы 1063 жоба іске асырылды. Биыл біз Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жұмыс істеп жатырмыз.

– «Zhasproject» бастамасын іске асыру кезінде қандай табысты жобаларды ерекше айтып бере аласыз?

– Бізде көптеген оқиғалар бар, бірақ оларға қатты көңіл бөлмейміз, әрбір жоба және әрбір қатысушы біз үшін маңызды. Егер ерекше қабілеті бар адамдар туралы айтатын болсақ, Алматы облысында арбаға таңылған адам мүгедектер креслосына электронды приставка жобасын ойлап тапты. Оның көмегімен мүгедектер арбасының жылдамдығын сағатына 30-дан 60 километрге дейін арттыруға болады. Яғни, мұндай приставкасы болса ешкімнің көмегіне сүйенбей, қала ішінде емін-еркін қозғала алады. Ол кісі бізге түрлі қорларға қатысу үшін құжаттарды қалай жинағанын және барлық жер одан бас тартқанын айтты. Тек біздің жобаға қатысқаннан кейін ғана бірнеше марапатқа ие болып, қорлардың қолдауына ие болды. Тіпті шетелден де оның приставкаларын сатып алуға тапсырыс түсе бастапты. Былтыр оның үйленгенін естідік. Әрине, қатысушыларымыздың мұндай жетістіктеріне қуанып отырамыз.

– Гранттық қолдаудан бөлек, қандай да бір қаржылық көмек көрсетесіздер ме?

– Жобаны жүзеге асыру кезінде ай сайын барлық қатысушыға ЖОО түлектері үшін 60 мың теңге және қалғандарына 40 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Біздің қатысушылар стипендияларды екі негізгі тармақ негізінде алады: ай сайынғы есеп беру және ментормен кездесу. Ал келіп қатыса алмайтын адамдар онлайн оқиды.

– Қатысушылар грант алып, бірақ іс аяғына дейін жеткізілмеген жағдайлар болды ма? Ұйымдастырушыларды алдауға тырысып, есептерде теріс мәліметтер көрсетілген сәттер кездесті ме?

– Мұндай жағдайлар кездесіп жатады. Мысалы, біздің жобада ақылы қызмет көрсетуге болмайды, бірақ біреулер оның да амалын тауып жатады. Бірден болмаса да белгілі бір уақыт өткеннен кейін бұл туралы білдік. Жарты жылда кем дегенде бір рет қатысушылардың қызметіне мониторинг жүргізіледі. Яғни, біздің үйлестірушілеріміз бен менеджерлеріміз тексеріп шығады. Сондай-ақ, бізде байланыс орталығы, әлеуметтік желілер бар, онда жұрт өз шағымдарын қалдырады және біз оларға бірден жауап береміз. Бірақ жағдайдың бәрі расталмайды.

– Мұндай жағдайлар расталатын болса қатысушылармен келісімшартты бірден үзесіздер ме? Ал кеткен шығынды қалай қайтарасыздар?

–  Бізде гранттар бойынша комиссия бар, оған ҚР БҒМ өкілдері, жобаларды басқару тобы мен үйлестіру агенттігінің қызметкерлері кіреді. Осы комиссияда біз жабылуы тиіс немесе ауыстыру қажет жобаларды қарастырамыз.

Ақшаның бәрі бірден аударылмайды. Алдымен 50%, содан кейін тексеру және есеп бергеннен кейін қалған сома беріледі. Грант қаржысы сот тәртібімен қайтарылған сәттер де болған.

– Қандай жағдайда жоба жабылуы мүмкін?

– Көбіне қатысушылар денсаулық жағдайына немесе басқа аймаққа көшіп кетуіне байланысты қатыса алмаса жобалар жабылады. Сондай-ақ, жауапсыздық танытқан жағдайлар да кездесіп жатады. Сол сияқты бір жобаның қатысушылары бірлесіп жұмыс істегісі келмейді. Олардың әрқайсысы жұмысқа орналасады немесе одан әрі жобаны жалғастырады. Ал біз қатысушыларға өз қабілетін жүзеге асыруға көп күш саламыз. Ең бастысы, болашақта олар жобаға қатысу кезінде алған дағдылары мен білімдерін қолдануы қажет.

– Алдағы уақытта жобаны тағы бір мерзімге ұзарту жоспарланып отыр ма?

– Қазіргі уақытта Дүниежүзілік банк пен ҚР БҒМ арасында жобаны тағы бір жылға ұзарту туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

- Сұхбатыңызға рахмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх