• USD 385
  • EUR 434

Жігіттер сұлулық салонына емес, жаттығу залына баруы керек – әлемдік байқау финалисі

07 тамыз, 11:43110
Автор: Elorda Aqparat

Нұр-Сұлтандық Әділбек Нұрақаев Филиппин астанасы Манилада өтетін «Әлем мистері-2019» байқауының финалында өнер көрсетеді. Елорда Инфо тілшісі байрақты бәсекеде Қазақстанның намысын қорғайтын Әділбек Нұрақаевпен оның халықаралық додаға дайындығы жөнінде сұхбат құрды.

Әділбек Нұрақаев«Әлем мистері-2019» байқауының финалисі

Әділбек, қазіргі уақытта студентсіз бе, әлде жұмыс істейсіз бе?

– Мен қазір Қытайдың Шанхай қаласында оқып жүрмін. Жасым 21-де, болашақ инженермін. Сонымен қатар шанхайдағы модельдік агенттікте жұмыс істеймін. Бірақ менің негізгі мақсатым – қытай тілін толық меңгеріп, өз мамандығымның нағыз шебері болу.

– Ал «Әлем мистері-2019» байқауына қандай мақсатта қатыспақсыз?

– Мұндағы ең бірінші мақсатым – Қазақстандағы модельдік бизнесті халықаралық аренада көрсетіп, модельдік бизнестің елімізде тек қыздар арасында ғана емес, жас жігіттер арасында да бар екенін дәлелдеу. Жалпы, модельдік бизнестің біздің елде де дамығанын және біздің талантты әрі сымбатты ер азаматтарымыздың бар екенін жалпыға паш еткім келеді.

– Байқауға дайындық қалай? Қандай да бір қиындықтар бар ма?

– Байқау туралы ақпаратты кеш естідім. Сол жағынан уақыт өте тығыз болды. Тез арада видеомонтажер, келісімшарт жөніндегі маман қажет болып, қандай костюм дайындау керектігін шешуде де қиындықтар туындады. Одан кейін виза мен билеттер жөнінде де мәселе пайда болды. Сонымен қатар «бұл байқау оқуыма кедергі келтірмей ме?» деп те ойладым. Бірақ бәрі ойдағыдай шешілді. Қиындықтар артта қалды. Ендігі жерде байқауда ТОП 10-ға кіруді көздеп отырмын.

Ата-анаңыз қарсы болмады ма? Жігіттерге мұндай байқауарға қатысу ұят емес пе?

– Неге ұят болуы керек. Әрине, жоқ. Жігіттерге өзінің өнерін әлемге көрсетудің ешқандай да ұяты жоқ деп ойлаймын. Керісінше, мүмкіндік болып жатса, неге қатыспасқа? Неге өзінің талантын әлемге паш етпеске? Ата-анам да қарсы болған жоқ. Қайта қолдау көрсетті.

Салонға жиі барасыз ба?

– Жо-жоқ. Негізі маған осы сұрақ жиі қойылады. Бірақ мен сұлулық салонына мүлде бармаймын, барған да емеспін. Жаттығу залы әр ер азамат үшін сұлулық салонына тең деп есептеймін.

Байқауға қандай нөмір дайындадыңыз?

– Ол жағы әзірге құпия. Оны уақыты келгенде тамашалай жатарсыздар. Менен жаңалық күтіңіздер және сәттілік тілеп қойсаңыздар болады.

– Жақсы, сәттілік. Сұхбатыңызға рақмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх