• USD 385
  • EUR 434

Аладдинді қазақша «сөйлеткен» қыз

24 мамыр, 12:50464

Кешеден бері отандық кинотеатрларда Уолт Диснейдің «Аладдин» фильмі қазақ тілінде көрсетілуде. Бұл кино – «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақша «сөйлеген» 29-шы туынды. Премьерадан соң Елорда Инфо «Аладдинді» аударған кәсіби маман Әсел Мамыровамен сұхбаттасты.

Әсел Мамыровааудармашы

– Әсел, әуелі өзіңіз жайлы қысқаша айтып өтіңізші. Аудармашылық қызметпен қашаннан бері айналысасыз? Оның ішінде Дисней фильмдерін аудару ісіне қай уақытта кірістіңіз?

– Мен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аударма ісі мамандығын бітірдім. Он жылдан бері 31-арнаның дубляж бөлімінде аудармашы болып істеймін. 2017 жылдың күзінде елордалық Aray Media Group студиясы хабарласып, «Коконың құпиясы» анимациялық фильмін аударуға ұсыныс жасады. Бұл салаға алғаш рет бет бұруым осы туындыдан басталды. Содан бастап әлі күнге дейін аталған студиямен бірлесіп жұмыс істеп келеміз.

– Өзіңіз Диснейдің фанатысыз ба?

– Әрине. Бала кезімізден Диснейдің әдемі астармен мейірімділікке, шынайы достыққа үндейтін, тәрбиелік мәні зор фильмдерін көріп өстік. Қыздардың әрқайсысының ішіндегі ханшайым болуға деген тілекті оятуға Диснейдің дүниелері көп көмектеседі деп ойлаймын.

– Фильмді аударуға кіріспес бұрын не істейсіз?

– Ең алдымен, сол фильм жайлы, оның кейіпкерлері туралы жан-жақты ақпаратты ғаламтордан іздеймін. Бұрын түсірілген бөлімдері немесе нұсқалары болса, соларды да міндетті түрде қарап шығамын. Мұнымен қоса, бізде «Шығармашылық хат» деген құжат бар, сол жерден қаһармандардың жасы, мінез-құлқына қатысты толық мағлұмат оқимын. Видеоны басынан аяғына дейін мұқият көріп, содан соң ғана аудармаға кірісемін.

Аударманың қиын тұстары қандай?

– Жалпы, басқа тілдегі туындыларды, оның ішінде балаларға арналған кино немесе мультфильмдерді қазақшаға аударудың қиын жақтары көп. Өйткені біз ересек адамбыз. Ал фильмдерді кішкентайлардың түсінігіне, қабылдауына, тіліне барынша ыңғайластырып аудару керек. Кейіпкерлерді тым жасанды сөйлетіп қоюға да болмайды. Сондықтан арасына кейде заманауи, ауызекі стильдегі сөздерді де қосамыз. Бірақ соның арқасында өзіміз де балалық шаққа барып қайтқандай әсерге енеміз.

– Осыған дейін қанша фильмді аудардыңыз? Олардың әрқайсысына тән өзіндік қиындықтары болған шығар, иә?

– Дисней туындыларынан «Коконың құпиясы», «Монстарлар демалысы – 3», «Суперотбасы – 2», «Ральф интернетке қарсы», «Дамбо» және «Аладдин» фильмдерін аудардым. Қазір «Ойыншықтар хикаясы – 4» және «Арыстан патша» фильмдерімен жұмыс істеп жатырмын. Әр жобаның қиындықтары да, қызық тұстары да бар. Мысалы, «Ральф интернетке қарсы» фильмінде терминдер өте жиі кездеседі, олардың қазақ тілінде әлі нақты аудармасы жоқ. Сондықтан көп ізденуге тура келді. Осы мультфильмде де, сондай-ақ «Суперотбасы – 2» мульфильмінде де кейіпкерлер саны әлдеқайда көп, әрқайсысының есімін аудару оңайға түспеді.

– Енді «Аладдин» фильміне келсек... Бұл фильмді аударуға қанша уақытыңызды жұмсадыңыз?

– «Аладдин» балалық шағымдағы ең сүйікті мультфильмдерімнің бірі болған. Ондағы Жасминге ұқсап ақылды, батыл, шыншыл болғым келетін. Осы фильмді аудару жұмысына да ерекше қызығушылықпен кірістім. Аудармаға бір айдай уақыт кетті.

– Фильм кейіпкерлері әнді көп айтады. Аударманы өлең жолдары етіп жазу қаншалықты қиын болды?

–  Иә, өйткені бұл мюзикл жанрындағы фильм. Менің басты міндетім өлең жолдарын түсінікті етіп аудару болды. Ал сол мәтінді ақын Рахат Әбдірахманов өлең ретінде құрастырды. Киноны тамашалау кезінде бірнеше қазақша мақалды, қазаққа тән сөздерді құлағымыз шалып қалды. Мысалы, Аладдин мен Жын екеуі Аграба патшасының сарайына кіргенде «Қалыңмал әкелдік» деп айтады.

– Фильмді тек аударып қана қоймай, ондағы кейіпкерлер шынымен де қазақша сөйлеп тұрғандай етіп үйлестіру өте маңызды. Бағана өзіңіз айтқан «қалыңмал» сөзін қолданудағы мақсатымыз да осы еді. Фильмнің түпнұсқасында оны «сый» деп береді. Бірақ біздің әдет-ғұрпымызға сай оны «сый» емес, «қалыңмал» дегеніміз дұрысырақ. Осы орайда режиссер Шах-Мұрат Ордабаев, редактор Еркебұлан Әбдірахманов, мәтін үйлестіруші Гүлжан Сауртаева сияқты команда мүшелерінің еңбегін айтпай кетуге болмас. Аударманың қызықты, шынайы шығуына менің ғана емес, осы кісілердің де еңбегі сіңді.

– Жынның Аладдинге «Қыз сынып тұрса, ханзада болып не керек?» деп айтатын сөзі бар. Осындағы «сыну» тәрізді заманауи немесе жаргон сөздерді аудармаға кірістіруде қаншалықты еркіндік бар? Редакторлар тарапынан мұндай сөздер сызылып тасталатын кездер жиі бола ма?

– Жоқ, қайта керісінше, редакторлар мен үйлестірушілер кем-кетік жерлерімізді түзеп, мәтіннің мейлінше сүйкімді, табиғи шығуына мүмкіндік жасайды. Жаңағыдай сөздерді пайдалану арқылы баланың сюжетті қабылдауын жеңілдетеміз. Бұдан бөлек, тағы бір тұста жолбарысты «піш-піш» деп шақырады. Мысықты «піш-піш» деп шақыруды әр қазақ біледі ғой. Сәйкесінше бұл да – бала үшін күнделікті өмірден алыс емес сөз.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Алдағы жұмыстарыңызға да шығармашылық табыс тілейміз.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх