• USD 385
  • EUR 434

Әскери соттың басқа сот құрылымдарынан айырмашылығы неде

30 шiлде, 15:58543

Адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғауда тиісті деңгейде жауап беруі үшін судьялардың бойында қандай қасиет болуы керек? Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі ҚР Әскери сотының судьясы Дамир Ахтямовпен сұхбат құрды.  

Дамир АхтямовҚР Әскери сотының судьясы

– Дамир Нұртасұлы, әскери сот қызметінің басқа соттардан ерекшелігі, айырмашылығы қандай?

– 1992 жылғы маусымда құрылған Қазақстан Республикасының Әскери соты тәуелсіз еліміздің алғашқы мамандандырылған соты болып саналады. Бірақ әскери сот құрылымының басқалардан айтарлықтай өзгешелігі жоқ. Ең басты айырмашылығы – онда қаралатын істердің ерекшелігінде. Мәселен, азаматтық істер бойынша тараптардың бірі әскери қызметші, әскери басқару органы немесе әскери бөлім болуы тиіс. Ал қылмыстық істерде сотталушылардың біреуі әскери қызметші болуы ләзім. Демек әскери соттар Қазақстанның бірыңғай сот жүйесінің құрамында және жалпы юрисдикциялық соттарға жүктелетін қызметтер мен өкілеттіктерді еншілейді. Сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыруда ортақ қағидаттар бойынша қызмет етеді. Қазақстан Республикасы Әскери сотының мәртебесі облыстық соттарға теңестірілген және апелляциялық сатыдағы істерді қарайды. Республика аумағындағы 10 гарнизондық әскери сот жұмыс жүргізеді. Облыс орталықтарында орналасқан бұл соттар қалалық және аудандық соттармен теңестірілген. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты аса ауыр қылмыстармен байланысты істерді қарайды.

– Жалпы, әскери судьяның бойында қандай қасиет болуы керек?

– Ең бастысы судьялар елінің патриоты, әділдіктің нышаны болуы тиіс. Судьяларға өздігінен білім алуға, өзін-өзі дамытуға уақыт бөліп, күнделікті өзін-өзі жетілдіру қажет. Сонда ғана сот қызметшілері басқалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мүдделерін қорғауда тиісті деңгейде жауап бере алады. Барлық судьялар сот төрелігін жүзеге асыру барысында тәуелсіз және жауапкершілік көзқарасты болуы қажет.

– Азаматтық, қылмыстық істерді қарайтын кез келген судья әскери судья бола ала ма? Жалпы, әскери судья болуы үшін іріктеу қалай өтеді?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, әскери соттардың құрылымы басқа соттардың құрылымынан өзгешелігі жоқ. Іріктеу жалпы талаптар бойынша өтеді. Сондықтан азаматтық істерді қарайтын кез келген тәжірибелі судьяның әскери судья болып ауысып келуіне толық мүмкіндігі бар.

– Маман тапшылшығы бар ма?

– Жалпы, бізде әскери саланы жақсы меңгерген кәсіби кадрлар жетерлік. Бізде негізінен еңбек өтілі көп, тәжірибелі судьялар қызмет атқарады. Олардың қатарында тіпті әскери соттардың құрылған күнінен бастап әлі күнге дейін еңбек етіп келе жатқан судьялар да бар.

– Әскери соттың Жоғарғы сотқа қарайтыны белгілі. Ал Қорғаныс министрлігі қандай да бір жетекші рөл атқара ма?

– «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, судьялар сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз. Яғни олар тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Судьялардың мәртебесi мен тәуелсiздiгiне нұқсан келтiретiн заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдауға жол берiлмейдi. Сондықтан Әскери сотқа, әскери судьяларға ешқандай да мемлекеттік орган жетекшілік етпейді.

– Әскери судьяларда әскери шен бола ма?

– Жалпы, бізде әскери соттар құрылған күннен бастап еңбек жолын жалғастырып келе жатқан полковник, подполковник сияқты әскери шені бар судьялар да жұмыс істейді. Бірақ қазіргі уақытта біздің судьяларға әскери шен берілмейді. Өйткені қазір барлық сотқа қойылатын талап бірдей.

– Әскери қылмыстар қаншалықты жабық, құпия түрде қаралады?

– Иә, әскери соттарда құпия белгісі бар істер және тағы басқа жабық сот отырысында қаралатын істер бар. Бірақ «әскери соттар қоғамға жабық» деген пікір қате. Бізде қоғамда резонанс тудырған біршама іс қаралды.

– Мысалы, қандай істер?

– Әскери соттарда қаралатын қылмыстық істер қоғамда әрдайым қызығушылық тудырады. Себебі сотталушылар – қатардағы жауынгерден бастап генералдарға дейін әртүрлі шендегі әскери қызметшілер. Бұған дейін  әскери соттарда қоғамда резонанс тудырған бірқатар қылмыстық іс қаралды. Мысалы, «Қорғас» кеден бекетіндегі экономикалық контрабандаға, «Қызылағаш» ауылында болған су басу оқиғасына, шекара заставасындағы қайғылы оқиға бойынша «Челахқа», «Шымкент-пиво» ЖШС-тің басшысы Төлешовке, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Дутбаевқа қатысты қылмыстық істер қаралған болатын. Олардың барлығы да ашық түрде, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Оған қоса, сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылық принциптерін қамтамасыз ету мақсатында әскери соттар бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз жұмыс жүргізеді. Өткізілген іс-шаралар және қоғамдық мәні бар қаралған істер бойынша ақпарат үнемі интернет ресурстарында, басылым беттерінде жарияланып тұрады. Қазір соттардың сайттары да тұрақты жұмыс істеп, онда азаматтарға қажетті ақпараттар үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Сонымен қатар әрбір азамат ашық сот процесіне қатысып, сот төрағасының қабылдауында да бола алады.

– Сот ғимаратында цифрландыру жобасы қаншалықты жүзеге асырылуда? Куәгердің сот ісіне онлайн қатысуға мүмкіндігі бар ма?

– Әскери сотта келушілер мен процеске қатысушылар үшін барлық жағдай жасалған. Ғимаратта 4 сот (ҚР Әскери соты, Ақмола гарнизонының әскери соты, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соты) орналасқандықтан, Қазақстан Республикасы Әскери сотында Фронт-кеңсе құрылды.

Әскери соттың фойесі мемлекеттік қызмет көрсетудің соңғы стандарттары ескерілген заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Яғни кіріс кеңсе, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді. Өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында келушілер Жоғарғы Соттың электронық сервистеріне және Е-gov порталына қосылған арнайы ақпараттық-талдамалық экрандар мен мониторлар арқылы өздеріне қажетті барлық ақпаратты ала алады. Арыздардың үлгілерін, істердің қаралуы мен азаматтарды қабылдау кестесін көріп және басып шығаруға, сондай-ақ келушілерге басқа да қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік беретін интерактивті тақта орнатылған. Сот төрелігін ашық, айқын және қол жетімді ету мақсатында Қазақстан Республикасы Әскери сотының фойесінде қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотының, Ақмола гарнизоны әскери сотының, сондай-ақ апелляциялық алқаның сот талқылауларын тікелей көріп отыруға арналған монитор бар. 150 адам сыятын сот отырыс залы журналистермен тікелей байланыс жүргізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті оргтехникамен жабдықталған. Дыбыс-бейне тіркеу жобасы аясында, бейнеконференция байланысы арқылы қашықтықтан сот процесстерін жүргізу дамытылып келеді. Гарнизондардағы әскери соттар еліміздің әртүрлі қалаларында орналасуын ескерсек, бұл жүйе республиканың басқа аймақтарында орналасқан тараптарды, куәларды, сотталушыларды сот залына шақырмай-ақ азаматтық, қылмыстық істерді қарауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ол бюджеттік қаражатты да үнемдейді.

– Сұхбатыңызға рақмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх