300 мың, әлде 600 мың. Кешірілетін несие көлемі мен толастамай тұрған АӘК дауына жауап

13 қыркүйек, 17:30793
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 26 маусым күні ел азаматтарының банк алдындағы қарыздарын өтеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Қазіргі уақытта осы бағытта түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Дегенмен жұртшылық арасында түсінбеушіліктер толастар емес. Жақында Елорда Инфо редакциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповамен осы және өзге де мәселелер бойынша арнайы сұхбат ұйымдастырды.

Светлана ЖақыповаЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

– Светлана ханым, әңгімеміздің басын Мемлекет басшысының 26 маусым күні қол қойған Жарлығынан бастасақ. Мәселен, бір отбасындағы бірнеше адамның мойнында несиесі болды делік. Олардың берешегі қалай өтеледі?

– Жұртшылыққа түсінікті болу үшін қарапайым ғана жолмен түсіндірейін. Мысалға көпбалалы отбасыны алайық. Ата-анасының ай сайынғы төлейтін несиесі бар. Сол сияқты үйдің үлкенінің жасы 21-де дейік. Егер ол нақты бір оқу орнында оқып жүрсе, сондай-ақ банк алдында берешегі болса, мемлекет бұл отбасындағы үш адамның несиесін өтеп береді. Әрине Президент Жарлығының да өз ережелері бар. Ол ережеге сәйкес, үйдің үлкені сырттай оқымауы тиіс, несиесі тұтынушылық бағытта, яғни көлік, үй алуға жұмсалмауы әрі әрқайсысының кредит сомасы 3 млн теңгеден аспауы керек. Сонда әрбірінің несиесіндегі 300 мың теңгесі жабылады. Ал жаңағы сөзімізге мысал болған бір отбасындағы үш адамның (ата-анасы, баласы) кредиті үшін мемлекет жалпы саны 900 мың теңгеге көмек көрсетеді.

– Кейбір ақпарат беттерінде 600 мың теңге несие кешірілетіні туралы жазылған. Сонда өтелетін несие мөлшері 300 мың теңге ме, әлде...?

– Осыны көпшілік дұрыс түсінбей жүрген секілді. 600 мың теңге бұл ерлі-зайыптыны бірге есептегендегі сома. Яғни, әр адамға 300 мың теңгеден көзделіп отыр.

– Жұрт несиені түрлі мақсатта алып жатыр. Біреуі соңғы үлгідегі қымбат смартфонның немесе планшеттің бірін алса, енді бірі мүгедек баласына арба секілді түрлі қажет заттарға шығындалады. Министрлік тарапынан несиенің қандай мақсатта алынғаны тексеріле ме?

– Негізі Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, бұл несиелер тұтынушылық бағытта жұмсалуы керек. Сонда өзіңіз айтып отырған қымбат телефондар мен планшеттер осы кредиттің қатарына кіріп кетеді. Сол себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұрттың қандай бағытта несие алғанына тексеру жүргізбейді.

– Осыған дейінгі жиындарда несиесі өтелетін жандар бес санат бойынша қарастырылатынын мәлімдедіңіз. Осы санаттағы талаптарға дәл келгенмен несиесі өтелетіндердің тізіміне енбей отырған жұрт әлі де бар.

 – Иә, ол рас. Проблема міне мынада. Бізге жәрдем алу үшін көбіне үйіндегі отанасы келіп, өзінің, балаларының құжаттарын тапсырып, өтініш береді. Ол жанұя туралы біз басқа ақпарат жинай алмаймыз. Ал одан артық құжат жинайтын болсақ мемлекеттік қызметтердің агенттігі біздің мамандарға айыппұл салады. Қосымша ақпарат сұрамағаннан 2008 жылға дейін некесі қиылған отбасылардың ақпараттық жүйеде мәліметтер жоқ. Сол себепті бұл отбасылар АХАЖ бөліміне барып өзінің неке қию туралы куәлігін қағаз түрден электронды форматқа көшіруі керек. Бір айтарлығы, несиесі өтелетіндер мұнымен шектеліп қалмайды. Қазіргі уақытта қосымша тізім дайындалып жатыр.

– Президент Жарлығы шыққаннан кейін халықтың 300 мың теңгеге дейін несие алуға қызығушылығы артып кетті...

– Жақында өзім қатысқан телебағдарламалардың бірінде де осы мәселе қозғалды. Мұндай қадамға көпшілік ақпарат толық жетпегеннен барады. Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша 1 маусымға дейін алынған несиелер ғана жабылады. Сондықтан тілшілер қауымы халыққа нақты әрі дұрыс ақпаратты мейлінше көбірек жеткізсе екен деймін.

– Пенде болғаннан кейін жайлы нәрсеге тез үйренесің ғой. Дегенмен кім болса өз бетімен тырмысып еңбек етуі керек. Кредитті кешіру адам бойындағы жалқаулығын арттырып, масылдық психологиясын оятып жібермей ме?

– Олай дей алмаймын. Егемендіктің елең-алаң жылдарындағыдай халық бүгінде әрнәрсеге сене бермейді, қазақстандықтар қазіргі уақытта өте сауатты. Не істеу керек екенін, қандай қадамдарға бару керектігін жақсы біледі. Сондай-ақ Президент өз сөзінде де мұны бір реттік акция деп нақты айтып өтті.

– Бүгінге дейін біраз адамның несиесі жабылды. Оған айтарлықтай қаржы да бөлінді. Бұл ел қазынасына ауырлық түсірмей ме? Әлде қосымша қаражат қарастырылған ба?

– Ең алдымен мынаны айтайын, қазіргі уақытта әлеуметтік салаға 3,4 трлн теңге бөлініп отыр. Оның ішінде зейнетақы төлемдері, жәрдемақылар, мүмкіндігі шектеулі жандарға, асыраушысынан айырылған азаматтарға көрсетілетін көмектің бәрі осы қаржының есебінен жүзеге асып отыр.

Ал несиесі өтелетіндер үшін қосымша қаржы тағы да бөлінді. Біз 5 санатқа жататын азаматтардың есебін алып, Ұлттық банк пен екінші деңгейлі банктерде кімдердің несиесі бар екеніне сараптама жасадық. Сонда мемлекет тарапынан 2 млн 289 мың жәрдемақы алушының ішінде 507 мың азаматтың мойнында 630 мың кредиті барын анықтадық. Міне осы 630 мың несиені жабу үшін мемлекет 105 млрд теңге бөлді. Қазір бұл сома толығымен игерілді.

– Сіз өз сөзіңізде қосымша тізім дайындалып жатқанын айттыңыз. Ал оған...

–  Ойыңызды түсіндім. Иә, қазір қосымша тізім жасалып жатыр. Бүгінге дейін 42 690 адамның мәліметі еніп отыр. Бұл осы айдың аяғына дейін толықтырылады. Осы бағытта Ұлттық банкпен бірлесе отырып тағы бір науқан жұмыс жүргіземіз. Әрине, ол кісілердің қандай несиелері барын, жоғарыда айтылған талаптардан бөлек коллекторлық компанияларға өтіп кетпегені, екінші деңгейлі банктердің балансынан шығарылмағаны дәлелденер болса, тағы да есептеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде қосымша қаржы бөлінеді.

– Коллекторлық компаниялар демекші, оған жұрт несиесін төлеуге жағдайы жетпегеннен кіріп кетіп отыр ғой. Оларды бұл коллекторлық компаниялардан шығару мемлекет тарапынан қарастырылмаған ба?

– Шынымды айтсам, мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі бұл біздің министрліктің емес Ұлттық банктің құзыретіндегі жұмыс.

– Қазір өзіңіз қызмет ететін министрлікте жұмыс қызып тұр. «111» колл орталығында 30 адам жұмыс істейтінін айтыпсыз. Алайда оған көпшілік хабарласа алмаймыз деп ренжиді.

– Бірнәрсені айтайын, соңғы екі-үш күннің ішінде 35 мың қоңырау шалынды. Соның 20 мыңына біздің 30 операторымыз жауап берді. Бұл оңай емес. Осыған байланысты біздің мамандар жылжымалы кесте бойынша үш ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Олардың тіпті түнде де қолдарынан телефоны түспейді.

– Қазір нағыз науқан кезі ғой. Неліктен сол операторлардың санын арттырмасқа?!

– Біз бұл мамандардың өзін KT Cloud компаниясы арқылы келісімшарт негізінде жұмысқа алып отырмыз. Ол компанияға қазір операторлардың санын арттыру бойынша өтініш бердік. Сонымен қатар, қосымша желілер қосу мәселесін де қарастырып жатырмыз.

– Сұхбатымыздың ауанын атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) мәселесіне бұрсақ. Бір түсінбейтіні, басында баспанасы бар отбасы АӘК ала алады ма?

– Заң бойынша үйінің бар-жоқтығына қарамастан кірістің көлеміне қарай АӘК тағайындалады. Мысалға баспанасы бар көпбалалы отбасын алайық. Отағасы жұмыс істегенмен табысы төмен болса, бұл жанұя АӘК-ке қол жеткізе алады. Қазір көпбалалы отбасылардың астындағы көлігіне, үйіндегі заттарына қарамастан әлеуметтік төлемдер жүргізіліп жатыр.

Дегенмен Мемлекет басшысы өз Жолдауында біздің министрлікке АӘК шарттарын қатайту туралы тапсырма берді. Өзіңіз айтқандай баспанасы, астындағы көлігі, үйіндегі дүние-мүлкі ескеріле отырып, ол отбасының  АӘК-ке мұқтаждығына сараптама жүргізіледі. Енді жыл соңына дейін біз шешім қабылдауымыз керек.

– АӘК тағайындалу барысында парақорлыққа жол берілетін сәттер кездесе ме? Жалпы құжат қабылдайтын қызметкерлерді үстінен тексеріп отыратын мамандар бар ма?

– Олардың үстінен тексеретін қызметкерлер бар. Біз мысалға Жұмыспен қамту орталығының 21 қызметкеріне жемқорлық бойынша шағым жасадық. Жұмыстар жүргізілді. Оның ішінде 2 маманның үстінен қылмыстық іс қозғалып, жазаға тартылса, 8 адам бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ал қалғандарының кінәсі дәлелденбеді.

Мынаны айтайын, қазір АӘК алатындардың қатарына үш қабатты үйі, лексус көлігі бар отбасылар кіріп кеткені жиі қозғалады. Біз осындай жанұяларды фискалды органдарға өзіміз анықтап, тауып бердік. Біздің ақпараттық дерекқор бұл кісінің неше шаршы метр үйі бар, қандай көлік мінеді, оларды қашан сатып алғанын анықтадық. Осылай Қазақстан бойынша 21 мың азаматты таптық. Бұл АӘК алып отырған 2 млн қазақстандықтың қасында көп емес шығар. Бірақ ол да шығын. Қазір оларға беріліп отырған ақша тоқтатылды. Олардың бірі өз еркімен мемлекеттен алған ақшасын қайтарса, енді бірі қайтарудан бас тартып отыр. Қазір жұмсалған қаржыны қазынаға қайтару үшін сотқа жүгіндік.

– Жақында Павлодарда мектеп оқушыларына көрсетілетін көмекті бір кісінің қымбат көлігімен алып бара жатқаны хабарланды...

– Рас, ондай жағдайлар кездеседі. Осыған ұқсас тағы бір оқиғаны мысал етейін, Тараз қаласында бір тұрғын 2 сәуір күні келіп құжат тапсырады. Біздің дерекқорымызда отағасының жұмыс істемейтіні әрі зейнетақы жарналарының аударылмағаны көрсетіледі. Ол кісінің өзі еш жерде қызмет атқармайтыны, еркін жұмысшы ретінде 42500 теңге бойынша бірыңғай жиынтық төлемдер жасайтынын айтады. Жергілікті органның мамандары осы негізде оған АӘК тағайындайды. Бірақ арада тура бір ай өткен күні 2 мамырда Тараз қант зауытынан зейнетақы жарналары түседі. Біз оны 10 пайызбен санасақ, 300 мың теңгеден асып отыр. Дереу АӘК тоқтатылып, ақша қазір толығымен қайтарылды.

– АӘК төлеу барысында қандай қиындықтар көбірек кездеседі?

– Заңнама мен ережелер бекітілді. Оның бәрі жергілікті органдарға берілді. Бірақ Жұмыспен қамту орталықтарында жұмыс істеу өте қиын. АӘК тағайындау науқан басталған уақытта көп маман қызметінен бас тартып кетіп қалды. Бұл жұмыстың тым көптігінен болды. Оның үстіне әлеуметтік көмек алғысы келетін жұрт түсіністік танытпай, шу шығаратын сәттер көп кездеседі. Қазір халыққа сапалы қызмет көрсету өте маңызды. Ал оны іске асыру үшін білікті маман керек. Қазір олар тапшы. Осыған дейін көшеде жүрген кісіні де жұмысқа алған кезіміз болды.

Сөз ыңғайы келгенде айтайын, сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Жұмыспен қамту орталығына бардым. Сол жерде бір ай ішінде 10 білікті маман өтініш жазып, жұмыстан кетіп қалды. Ал қабылдаудағы кезекте мыңдаған адам тұр. Әкімдік бұл тығырықтан шығу үшін әлеуметтік қызметкерлерді бір-екі күннің ішінде дерекқорды, ақпараттық жүйені қалай қолдану керектігін үйретіп, жұмысқа алды. Міне, АӘК алуда осындай қиындыққа ұшырадық.

– АӘК алуда мекенжай анықтамасы міндетті түрде талап етіледі. Ал еш жерде тіркеуде жоқ отбасылардың жағдайы не болмақ?

– Тіркеуде жоқ отбасыларға біз көмек беріп отырмыз. Мәселен, осы астанамызды ғана алайық, саяжайларда тұратын азаматтардың үйлері сүрілуге өтіп кетіп, тіркеусіз қалғандары болды. Ол кісілер әкімдікке қарасты оңалту орталығына тіркеуге тұрғызылды. Олар ары қарай төлемдерін ала береді. Сол сияқты біз біраз азаматқа Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, сол кісілердің тіркеуін жасап, көмек бердік.

– Қазіргі уақытта жұрт арасында атаулы әлеуметтік көмек алу тоқтатылады деген үрей бар.

– Жоқ, АӘК тоқтатылмайды. Қазақстан ешқашан да өз мойнына алған әлеуметтік көмектерден бас тартпайды. Ол 2002 жылдан бері халықаралық стандартпен бекітілген. Мұқтаж адамдарға мемлекет әрдайым көмектесіп отырады. Өткенге көз жүгіртсек, 2008-2009 жылдары болған әлемдік дағдарыста біраз ел мұндай әлеуметтік көмектерін шектеді. Ал Қазақстан ондай қадамға барған жоқ.

Сөз ыңғайы келгенде айтайын, бізде халықтың бір тобы мемлекеттен көмек көрсетуін талап етеді. Бірақ мемлекеттен бірнәрсе талап ету үшін өзің де бірнәрсе беруің керек қой. Конституция бойынша дүниеге келген әр адамның өз құқығы мен міндеттері болады емес пе! Өз бетінше жұмыс істейтіндер бар, бірақ олар өз ісін мемлекеттен жасырып жүргізетін секілді. Салық төлеуден жалтарады. Содан кейін келіп бірнәрсені талап етеді. Егер әркім өз жұмысын адал жүргізсе еліміз көркейер еді.

– Жыл басынан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырған жұмыстардың ішінде қайсысын ерекше атап өтер едіңіз?

Әр қазақстандық отбасының әлеуметтік картасы жүзеге асырылды.

Әлеуметтік тізілім іске асырылды және жүргізілуде, ол әрбір қазақстандықты әрі қарай оның әлеуметтік кепілдік құқығына ақпараттандырады. 

 Үштен он бірге дейінгі өңірлерге мүгедектікті куәландыруды сырттай жүргізу пилоты кеңейтілді.

Қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған Ақтөбедегі әлеуметтік қызмет порталы мен әлеуметтік ID картасы пилоттық режимінде енгізілді.

Әлеуметтік қызметтің интеграцияланған моделінің стандарты жүзеге асырылуда. Аталған модель басқа да ұйымдардың (білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметтің) проактивті режимде бір топтамамен көрсетілетін қызметтеріне бағытталған.

– Арнайы уақытыңызды бөліп, қоғам үшін түйткілді болып отырған мәселелерді жан-жақты түсіндіргеніңізге көп рахмет!



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх