Жоюға қабылданған ескі көліктердің саны 100 мыңнан асты

26 маусым, 16:09333

Ескі техниканы жоюға тапсыру арқылы жаңа көлік сатып алуға жеңілдік беретін сертификат бағдарламасына екі жыл толды. Соған орай, отандық автопаркті жаңартып, экологияны жақсартуға арналған жобаға «ӨКМ Операторы» ЖШС қорытынды жасады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Сертификат бағдарламасы іске қосылған күннен бері дәл осы бағдарлама бойынша 28 692 автокөлік жоюға тапсырылған. Оның 26 911-і жеңіл көлік болса, мыңнан аса сертификат салмағы 3,5 тоннадан асатын автобустар мен газель және жүк көліктеріне берілген. Жеңілдік сертификатын пайдалану арқылы 13 783 қазақстанда құрастырылған жаңа көлік сатып алынған. 

Ескі көлікті жоюға тапсырып, ақшалай өтемақы беретін (150 мың немесе 48 мың теңге)  бағдарлама бойынша 72 274 көлік тапсырылыпты. Тозған көлігін өткізген азаматтарға 10 млрд 833 млн теңге қаражат төленген. Қос бағдарламаның нәтижесі бойынша 100 966 көлік қабылданған.

«Сонымен қатар жүк көліктеріне берілетін сертификат құны биыл 100 мың теңгеге ұлғайтылды. Былтыр оның бағасы 450-650 мың теңге болса, биылдан бастап 550-ден 750 мың теңгеге дейін көтерілді. Ал жеңіл автокөлік сертификатының құны 315 мың теңге қалпында сақталды (auto.recycle.kz)», – дейді «ӨКМ Операторы» ЖШС мамандары.

Тозығы жеткен көлік құралдарын жоюға қабылдау бағдарламасы аясында еліміздегі қабылдау бекеттері әр сенбі сайын ашық есік күнін өткізуде. Осы күні көлік тапсырушы азаматтар өз аймағында орналасқан бекетке келіп, кезекке тұрмай-ақ көлігін тапсыра алады. Бұл – әсіресе электронды кезек жүйесін күтпей, ескі техникасын бірден қабылдау бекетіне алып келушілер үшін жақсы мүмкіндік.  

 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх