• USD 385
  • EUR 434

Елордалықтар қанша келі ет жейді?

28 мамыр, 14:14550
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

Өте қызықты сұрақ. Өткен жылы ranking.kz компаниясы осындай тақырыпта қызықты зерттеу жүргізіп, қорытындыларын жариялады. Мәселен, қала тұрғындары жылына 76 келі, ауыл тұрғындары 69 келі ет жейді екен. Ең көп ет жегіштер Атырау облысында тұрады, ол өңірде жан басына шаққанда жылына 85 келі ет және ет өнімдері жұмсалады. Одан әріде, Алматы (83,5 келі), Шығыс Қазақстан облысының (82,6 келі) тұрғындары орналасқан. Ең төменгі тұтыну көрсеткіштері – Шымкент қаласында (58,2 келі), Қызылорда (65,2 келі), Ақтөбе (67,4 келі) облыстарында тіркелген. Елорданың әрбір тұрғыны жылына орта есеппен 72,0 келі ет және ет өнімдерін тұтынады екен. 

         Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған ресми дерек бойынша, 2019 жылдың басынан бері елімізде сиыр еті 3,1 пайызға қымбаттаған. Елорда базарларындағы ет және ет өнімдерінің құны да әртүрлі. Мысалы, сиыр етінің бір келісін «Әсем» базарынан 1950 теңгеге сатып аласыз. Жылқы еті 2000 теңге тұрады. «Шапағат» коммуналдық базарында сиыр етінің келісі 1600-1650 теңгеден сатылады.

         Бір таң қаларлығы, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Шапағат» базарынан сиыр етінің бір келісін 1500 теңгеге сатып алады екен. «Мен етті «Шапағат» коммуналдық базарынан сатып аламын. Бәлкім, ет сататындар мені танитын шығар. Сиыр етін 1500 теңгеден береді. Ал сіздер сапасы өте жоғары сиыр етін 1800 теңгеден алып жүрген шығарсыздар?» деді ол жуырда Мәжілістегі парламенттік тыңдауда. Министрліктің басшысы: «Менің отбасым көбінесе тауық етіп сатып алады. Өйткені, ол асқазанға қорытуға жеңіл. Кейбір кездері аңсарым ауғанда жылқы мен сиыр етін сатып аламыз» деді ет өнімдерін көп қолданбайтынына мысал келтіріп.

Әлеует - бар, өсім – жоқ

         Министрдің құс етін жеуге көшкені дұрыс та шығар. Себебі, өзімізде қанша көп тауық өсірсек те, құс фабрикаларын салсақ та, бәрібір импорттың көлемі азайғанның орнына, өсіп барады. Мәселен, қазіргі кезде Қазақстандағы құс етінің импорты 51 пайызды құрайды. 2018 жылы ол 191 мың тоннаны құрады. Ал бұл көрсеткіш соңғы үш жыл бойы 160 мыңнан сәл ғана асатын еді. Импорттың бұлай өсуіне не себеп болып отыр?

         Мәжілістің Аграрлық мәселелер жөніндегі комитетінің төрағасы Берік Оспановтың пайымдауынша, еліміздегі ет импортының құрылымында құс етінің жоғары болуының бірден-бір себебі – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі үшінші елдерден құс етін әкелуге квотаның болуы. «Бізде мұндай квотаны айқындау Ұлттық экономика министрлігінің құзыретіне жатады. Меніңше, бұл қызметті Ауыл шаруашылығы министрлігіне беруіміз керек. Бұл жерде қисын жоқ: бір жағынан отандық өнім өндірушілерді қолдаймыз. Инвестициялық жобаларды қаржыландырамыз, құс фабрикаларын саламыз, жәрдемақша бөлеміз. Екінші жағынан, бір мезгілде тарифтік квоталарды ұлғайтып, нарықтың шетелдік тауарлармен толығуына жағдай жасаймыз, отандық өндірушілердің толық қуатымен жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейміз» деп түсіндірді мәселенің мәнісін комитет төрағасы. Оның пайымдауынша, Қазақстан мемлекеттік саясатты дұрыс қалыптастырған кезде ғана Ресей жасағандай, құс етінің импортынан толық бас тарта алады.

         Атап айтарлығы, тауықтың жұмыртқасын әлі күнге дейін сырттан тасымалдаймыз. Құс өсірушілер одағының дерегі бойынша, тауық жұмыртқасының импорты көлемі 2010-2018 жылдар аралығында мынадай төмендеу динамикасын көрсетіпті: 154 млн-нан 30 млн. данаға дейін. Ал экспорт көлемі 2012 жылғы 3 млн данада 2018 жылы 650 млн. данаға дейін ұлғайған. Соған қарамастан, тауықтың еті мен жұмыртқасын сыртқы нарықтан тасып отырғанымыз өкінішті-ақ.

Кімнің дерегіне сенеміз?

         Берік Оспанов Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрліктерінің статистикалық деректерінің арасындағы үлкен айырмашылықты сынға алды. «Экспортқа келер болсақ, Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикалық деректері мен Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ресми деректері арасындағы айырмашылық, көп сұрақ туындатады. Мысал келтірер болсақ, уәкілетті органның мәлімдемесі бойынша Қазақстаннан ет экспортының көлемі 2018 жылы  34,4 мың тоннаны құрады, оның ішінде сиыр еті - 18,8 мың тонна. Бірақ Статистика комитетінің деректері бойынша еттің барлық түрі экспортының көлемі  2018 жылы  16 мың тоннаны құрады, яғни екі еседен де аз. Ал сиыр етінің экспорты  5 еседен де аз болды: 3,7  мың тонна» деді ол таңданысын жасыра алмай. Демек, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау кезінде министрліктердің іс-қимылдарының келіспеушілігі байқалып отыр. Сонда қай министрліктің ақпаратына сенеміз?

         Жәрдемақша бөлсек те, бәсекеден жеңілеміз

         Ет демекші, соңғы үш жылда еліміздегі жылқы еті импортының көлемі де күрт өсті. 2016 жылы – 900 тонна болса, 2018 жылы – 2 мың тоннадан асып, 2,5 есеге ұлғайды. Қазақстанда еттің 33 пайызы, сүттің 31 пайызы ғана қайта өңделеді. Барлық өнімді қайта өңдейтін кәсіпорындар 60 пайызға жуық жүктемемен жұмыс істейді. Ал Ресей мен Беларусьта мұндай кәсіпорындардың өндірістік қуаты 80 пайыздан асады. Мұндай ақпарат  Мәжілістегі «Ет және сүт өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және экспорттауды дамытудың келешегі» атты парламенттік тыңдауда келтірілді.

          Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстан жыл сайын жалпы құны 45 млрд. теңгеге 6 мың тоннадан аса сары майды, 22 мың тоннаға жуық ірімшікті, 6 мың тоннадан аса ет консервілерін де импорттайтынын қынжыла жеткізді. «Осы өнімдерді өзіміздің зауыттар да шығара алады. Бұдан не көріп отырмыз? Бізде әлеует бар, өсім жоқ. Бір жағынан біз бюджеттен жыл сайын ет пен сүт өндірушілерге 76 млрд. теңгеге жуық жәрдемақша бөлеміз, екінші жағынан өз нарығымызды бәсекеден жеңіліп, импорттық тауарларға орын беріп отырмыз» деді ол. Палата спикері бұл мәселені шешуде ұсақ өндірушілер мен қайта өңдейтін кәсіпорындарды біріктіретін дайындаушы кәсіпорындар желісін құру мен дамыту қажеттігін ұсынды.

         Бұдан бөлек, мал азығын дайындау, жайылымдық алқаптарды қалпына келтіру, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, саланы кадрлармен және ғылыммен қамтамасыз ету сияқты әлі күнге дейін шешілмеген күрделі мәселелер аяққа тұсау салып отыр. Мәселен, 73 млн. гектардан (жалпы жайылымдардың 40 пайызға жуығы) асатын жайылымдық жерлер тозған және шөлге айналған.

 

 




Наверх