Мәдениет

Алтын арқауы – ауыл

11 шiлде, 18:0082

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алтын тұғыр-2019» үш томдығының таныстырылымы өтті. Аталмыш жинақта «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «Әдебиет» порталымен бірлесіп жыл сайын ұйымдастыратын «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби-онлайн байқауына қатысқан қаламгерлердің поэзия, проза, драматургия жанрлары бойынша үздік туындылары топтастырылды.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, әр жыл сайын бұл байқау қатысушылары көбейіп, әсіресе, жас қаламгерлердің қызығушылығы арта түсуде.

«Біз – ауылдың суын ішіп, дәмін татып, ауасын жұтып өскен халықпыз. Уақытында тілімізді де, бүкіл салтымыз бен дәстүрімізді де, рухани байлығымызды да ауыл сақтап қалды. Міне, ауыл тақырыбында ақындарымыз, жазушыларымыз өздерінің шығармаларын жазып, ауыл құндылықтарын дәріптеп келе жатыр. Мақсатымыз – жас қаламгерлерді қолдап, оларға мүмкіндік беріп, жазған дүниелерінің жарыққа шығуына ықпал ету болған. Бұл жоспарымыз орындалып келеді» дейді ол.

Бір айта кетерлігі, «Ауылым – алтын тұғырым» байқауы алғаш рет 2016 жылы ұйымдастырылды. Арада өткен үш жылда аталмыш байқау жеңімпаздарының шығармалары тоғыз томдық жинаққа айналды.

Ал бұл жолғы үш томдық 1000 дана тиражбен жарық көріп, «Ауыл» партия­сының өңірлік филиалдары арқылы еліміздің аймақтарына таратылады. Соның ішінде ауыл кітап­ханаларына да жеткізіледі. Ұлттық академиялық кітапхана қорына да бірнеше данасы сыйға тартылды.

Аталмыш байқау биыл да жалғасып жатыр. Қаламгерлердің шығармалары auyl.kz порталына келесі жылдың ақпанына дейін онлайн түрде қабылданады. Қорытындысы наурыз айында шығады.

 



Еlorda Aqparat Telegram парақшасына жазылыңыз 




БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх