Такси мәдениеті неге сын көтермей тұр

13 тамыз, 11:52266

Әлемге аты танылып, ерке Есілдің жағасында бой көтерген сәулетті де, дәулетті елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында күні бүгінге дейін такси қызметінің мәдениеті сын көтермей тұр. Такси қызметінде жүргендердің бойынан кішіпейілдік кішілік емес, менмендік пен тұрпайылық есіп тұратынын айтпағанның өзінде бетке басар басқа да кемшіліктері жетерлік, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Негізі, такси дегеніміздің өзі таксометрдің көрсетуі бойынша ақы ұстап, жо­лаушы тасымал­дауға ар­нал­ған автокөлік деген ұғымды білдіреді. Айта кету керек, такси  аяқ астынан  кездейсоқ пайда бола қал­ған қызмет түрі емес. Оның тарихы тым әріде жатыр. Алғашқы такси 1903 жылы Лондонда, кейін 1907 жылы Петербургте пайда болған.  Демек, ежелден халыққа қызмет жасап келе жатқан көлік жүйесінің көне түрі. Алайда, осынау тамыры тереңге кеткен такси қыз­метінің мәдениетін осы уақытқа дейін нәтижелі белеске шығарып, дамыта алмай отырғанымыз шымбайға батады.  

Жалпы, кез келген мемлекет үшін халықтың, елдің мүддесі бірінші орында тұруы тиіс. Өйт­кені, халыққа қызмет ету деген адамзаттың кемелденуіне, ой-өрісінің кеңеюіне үлкен әсер етеді. Сол себепті де бұрындары «Халыққа қызмет - абыройлы міндет» деген қағиданы бекем ұстанып, сапалы жұмыс істеп қана қоймай, жолау­шылардың сұранысын қанағаттандырып, ілтипатына бөленіп отыратын. Такси қызметкерлері өз ісіне жауапкершілікпен қарап, ұқыпты жүретін. Дегенмен, бас шаһарымызда такси қызметі мүлде мардымсыз деп айтуға болмас.

Мәселен, бүгінгі таңда елордамызда такси қыз­метімен айналысатын «TAXI ZHeBe», «Аруна Транс», «Orda Trans Servis»,  «Арна Медиа», «SB Group Astana», «Таксомоторная компания такси», «Блюз», «KingWay», Такси «KingWay» ЖШС-і сияқты барлығы 21 компания тіркелген екен. Керек десеңіз, қоршаған ортаның ластануының 53 пайызы көлікке тиесілі екендігі ескеріліп, экологиялық тазалықты сақтау мақсатында  экологиялық отынмен жүретін көліктерге арналған ірі такси паркі  ашылды.  Сөйтіп, Нұр-Сұлтанға келімді-кетімді кісі­лерге қоғамдық қызметтің заманауи түрі ұсынылып,   «Astana Mobility» жобасының аясында  «Эко Такси» қызметі дүниеге келіп, қалтқысыз жұмыс жасап жатыр. 

Бұл жобаны кезінде Елбасының өзі  қолдап, таксопарктің алғашқы жолаушысы атанғанына жұртшылық куә болған. Бұл жобаны іске асыру – «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізуге қала инфрақұрылымын даярлаудағы алғашқы қадамдардың бірі екені де айтылған еді. Керек десеңіз, 2017 жылдың 12 сәуірінде такси автомобильдерінің жаңа эскизі және жүргізу­шілердің формалық киім үлгісі де бекітіліп, халыққа ұсынылды. Өкінішке қарай, бүгінде сол такси қыз­метінің киім үлгісін қолданып жүргендерді шырақпен  іздесең­ де таппайсың. 

Сонымен қатар ҚР «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сәйкес,  жолау­шы­лар тасымалымен айналы­сатын­дардың таксомотор салонында, таксометр мен бақылау-кассалық аппараты болуы міндеттелген. Тіпті, ережеге сәйкес, такси қыз­метіндегі автокөліктердің түсі  біркелкі болып, кө­ліктер күнделікті техникалық бақылаудан, ал жүргізушілер медициналық тексерістен өтуі  қажет. Десек те, бұл талаптар тек қағаз жүзінде ғана қалып отырғаны рас. 

Алайда, біздің бүгінгі көтеріп отырған мәселе мүлде бөлек. Яғни, «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» десек болады. Елордамызда такси қызметінің  мәдениетін қалай қалыптас­тырған жөн? Жасыратыны жоқ, Нұр-Сұлтанға тәулігіне мыңдаған жолаушы келіп, кетіп жатады. Олардың көбісі такси қызметіне жүгінеді. Ең алдымен,  бас шаһардағы  такси қызметіне баға беретін шетелдік қонақтар.  Бірақ, вокзалға, әуежайға келген адам  такси ұстауға жүрексініп қалатыны да анық. Өйт­кені, елордалық таксистердің санасын тек  «ақша» ғана жаулаған десек артық айтқандық емес. Әбден ақшаға құныққандығы соншалық таяқ тастам жерге «әкесінің құнын» сұрайды. Бағаны үш-төрт есе өсіріп, ашқарақ, тойымсыздығын көрсетеді. Ойына келген, ақылға сыйымсыз бағаны айтады. Осындайда  «Халықтың өмірі мәдениетті  өмір сүрудің  мән-мағынасына айналғанда ғана адамдар рухани тірекке табан тірейді» зерделі сөздің өміршеңдігіне көз жеткізгендей боламыз.

"Біз «Нұр-Сұлтан қаласының Көлік және жол-көлік инфра­құрылымын дамыту» басқармасына хабарласып мән-жайды білмек болдық. Олардың айтуынша, Нұр-Сұлтанда такси қызметімен айналысатын 21 компанияда небәрі 766 көлік бар екен. Бұл аздық етеді. Қаланы толыққанды қамтамасыз ету үшін 1500-дей машина қажет. Сол себепті бәсекелестік жоқ, - дейді Басқарманың жолаушылар тасымалын ұйымдас­тыру және бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Тайбергенов.

Жол жүру бағасында да бір ізділік жоқ. Бағаны реттеуге әкім­діктегі «Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту» бас­қармасының  құзыры жүрмейтін көрінеді. Сондықтан әр такси компаниясы «өзі би, өзі қожа» қағидасын ұстанып келе жатқанға ұқсайды.

Сонда деймін-ау, такси компанияларының  бассыздығын кім құрықтайды? Вокзалда, әуежайда, қала ішіндегі ірі сауда орындарында таксидің арнайы тұрағы жоқ. Вокзал, әуежай маңындағы көзбояу­шылық үшін жасалған тұрақта заңды такси қызметі  тұрғаны­мен жолаушыны таксометр мен бақылау-кассалық аппараты бойынша мінгізбейді, жол ақысын жүргізуші өзі бекітеді. 

«Көрмейін десем көзім бар» демекші, жақында әуежайдан такси қызметіне жүгінуге тура келді. Содан бір таксиге отыр­ғаным сол еді, отырып үлгерместен бірден таксометрін қосып бір мың теңгені ұрып жіберді. Бұл да жүгенсіздіктің көрінісі демеске амалың жоқ. Айтып-айтпай не керек, бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі таксилерде әр шақырым 20 тиынға тең болатын. Тұтынушыға қызмет көрсету мәдениетінің деңгейі де өте жоғары еді. Қалай десек те, бүгінгі жағдайымыз көңілге қонымды тірлік емес.

Айта-айта ауыз талса да, жауырды жаба тоқуға болмайды. Қоғамдық көлік таксидің қызмет көрсету мәдениетін қадағалауды тез қолға алған жөн. Тырнақ астынан кір із­деу­ден аулақпыз. Бұл мәселеге,  тез арада тосқауыл қойып, арнайы такси тұрақтарын ашып, жол ақысын бір жүйеге келтірсе нұр үстіне нұр. Ірі мегаполисқа айналып келе жатқан  Нұр-Сұлтан қаласы­ның бір шетінен екінші шетіне жету оңай емес. Осы жәйтті ескеріп күн тәртібінің «күйіп тұрған» мәселесін шешу керек. Нұр-Сұлтан жәй қатардағы қала емес, еліміздің жүрегі, һәм астанасы. Мұнда шетелдіктер күн құрғатпай келіп жатады. Сол себепті, такси қызметіндегі бейбас­тақтықты жөнге салар кез келген сияқты. 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх