• USD 385
  • EUR 434

«Мені таңертең ерте оята аласыз ба?» – «іKOMEK109» орталығына қандай қоңыраулар келіп түседі

12 тамыз, 10:1586
Фотоны түсірген автор Фотоны түсірген автор

Елордалықтардың жайлы және қауіпсіз өмір сүруін жақсарту мақсатында қалалық сервистердің біріктірілген «іKOMEK109» жедел әрекет ету орталығы жұмыс істейді. Орталық қалалық және шұғыл қызметтердің тиімді жұмыс жасауы үшін бірыңғай техникалық инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Елорда Инфо тілшісі қаланың тыныс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және оған мониторинг жүргізетін орталықтың жұмысымен танысқан болатын.

«іKOMEK109» қала бойынша жедел әрекет ету және мониторинг жүргізу орталығы болып табылады. Бізде тұрғындардың қоңырауына жауап беретін 74 оператор жұмыс істейді. Операторлар орталығы 24/7 режимінде жұмыс жасайды. Және тұрғындардың барлық сұрақтары мен өтініш, шағымдарына жауап береді. Бізге адамдардан түрлі бағыттағы сұрақтар бойынша қоңыраулар келіп түседі. Кез келген 109 қоңырау шалу арқылы қала өміріне қатысты өз шағым, өтініштерін қалдыра алады. Сондай-ақ, алдағы уақытта шұғыл әрекет етуі тиіс 101, 102, 103, 104 салалары бойынша біздің орталықта «112» шұғыл қызметін іске қосуды алдағы уақытта жоспарлаудамыз. Азаматтар бізге ұялы және стационар телефон арқылы, мобильді қосымша, әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram) және қалалық әкімдіктің сайты немесе TelegramBOT, WhatsAppBOT арқылы хабарласып, өз өтініштерін қалдыра алады. Яғни кімге қалай ыңғайлы сол қызмет түрін қолданады. Дегенмен көптеген хабарлама «109» арқылы қабылданады», - деді «іKOMEK109» жедел әрекет ету орталығы директорының тыныс-тіршілік мәселелері және мемлекеттік қызметтер жөніндегі орынбасары Берік Ахметов.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Оның айтуынша, «іKOMEK109» жедел әрекет ету орталығына келіп түсетін өтініш пен шағымдардың көбісі қоғамдық көлік, денсаулық сақтау және коммуналдық қызмет саласына қатысты.

«Қоңыраудың ең көп келіп түсетін уақыты таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 22:00-ге дейінгі уақыт аралығы. Тұрғындардың сұрағынан бөлек бізде алғашқы медициналық көмек бойынша кеңес беретін 2 оператор бар. Олар арнайы медициналық білімі бар мамандар. Келіп түсетін өтініш, шағымдардың орындалу мерзіміне келсек, оның қай қалаға қатысты екеніне байланысты. Мысалы, бір тұрғын «менің үйімнің жанында қалдық жиналмаған» деп хабарласса біз арқылы «Астана Тазалық»-тың қызметкері сол сәтте барып тазалауы мүмкін. Ал екінші тұрғын «біздің көшенің жолы нашар, жөндеу жұмысын жүргізу керек» десе, әрине сол сәтте немесе сол күні барып ешкімнің жолды жөндеп бермейтіні түсінікті. Ол үшін алдымен аудандық әкімдікке немесе сол көшенің жөндеу жұмысына жауапты компанияға хабарласып, оның мән-жайын білуіміз керек. Ал бұл өз кезегінде уақыт алады. Кейбір кезде тұрғындар осындай сәттерде дұрыс түсіне бермейді. Өтінім мен шағымдардың жауабы 3 сағаттан 1 апта кейде тіпті 15 күн көлемінде орындалуы мүмкін. Тапсырма орындалғанша оператор сол үшін жауапты болады және шағым жасаған тұрғынға оның орындалу барысын баяндап отырады», - дейді ол.

Спикердің сөзіне сенсек, «іKOMEK109» орталығына түрлі бағыттағы сұрақтармен қатар психологиялық жүйкесі де әртүрлі деңгейдегі адамдар хабарласады.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

«Біз операторды жұмысқа қабылдаған уақытта бұл қызметте қандай жауапкершіліктің жүктелетінін ескереміз. Маманды таңдаудағы басты талаптардың қатарына оның екі тілді (қазақша, орысша еркін сөйлеу), жүйке жүйкесінің сыр бермеуге дайын болуы және келіп түскен өтініш-шағымды мүмкіндігінше жылдам әрі нәтижелі етіп шешілуіне ықпал ету. Сондай-ақ, оператор жұмысқа қабылданған соң олармен аптасына бір рет психологиялық тренингтер мен тимбилдинг ұйымдастырылады. Және бізде арнайы психолог маман бар, егер қажет болған жағдайда соның көмегіне жүгіне алады.  Одан бөлек, операторлардың жұмыс істеу барысы жазылып отырады, яғни ол қоңырау шалушымен қалай сөйлесті, не деп жауап берді барлығы бақыланады. Егер оператор дұрыс емес ақпарат берсе немесе сапасыз қызмет көрсетсе тұрғындар оның қызметіне тиісінше баға бере алады», - деді Б.Ахметов.

«іKOMEK109» орталығында бүгінде қаланың тіршілігін 8 мыңнан астам камера бақылайды, жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 30 мыңға дейін жеткізу көзделуде.

«Біздің міндетіміз - хабарласқан тұрғынның сұрағы мен шағымы бойынша тиісті ұйымға хабарласу арқылы жауабын айту, яғни өтінішін орындау. Әр операторға күніне орташа есеппен әртүрлі бағыттағы 150-200 шамасында қоңырау келіп түседі. Операторлар үшке бөлінеді ол – аға оператор, бас оператор және оператор. Сондай-ақ, операторлардың қызметін қадағалайтын және бағалайтын арнайы департамент бар. Әр оператордың қызметі департамент арқылы жеке-жеке қадағаланып, айдың соңында «Үздік оператор» анықталып, оның суреті құрмет тақтасына ілінеді», - деді «іKOMEK109» жедел әрекет ету орталығының бас операторы Нұрсара Құсайынова.

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

Оператор маманның сөзінше, олардың жұмысындағы басты қиындық – ол кейбір адамдардың хабарласып, дөрекі сөйлесуі.

«Әр адам әртүрлі. Біреулер өз өтінішін жұмыс қалпында түсіндіріп айтады, ал екінші біреу телефонды ала сала айқайлап, тіпті кейде боғауыз сөз айтатын адамдар да кездеседі. Біз ондай жағдайда кешірім сұрап, тек қана жұмыс бабымен сөйлесуін өтінеміз. Ең бастысы, қандай жағдай болмасын клиентпен дөрекі сөйлесуге немесе дауыс көтеріп жауап беруімізге болмайды. Сондықтан да бізді жұмысқа алар кезінде негізгі міндетімізбен қатар, клиенттермен сөйлеу мәдениетін де ескереді», - деді ол.

«109» байланыс орталығына қала тіршілігіне қатысты сұрақтардан бөлек, тұрғындардан түрлі бағыттағы жеке өтініштер де келіп түсетін көрінеді. Қала бойынша ең көп қоңырау Алматы ауданына келіп түседі екен.

Фотоны түсірген авторФотоны түсірген автор

«Бізге кейде тікелей қызметімізге қатысы жоқ өтініштер келіп түседі. Мысалы, Instagram желісі арқылы сүйіктісін ренжітіп алған жас жігіт «іKOMEK109» қызметі арқылы кешірім сұрағысы келетінін айтты. Біз өз кезегімізде ол өтінішті орындай алмайтынымызды жеткіздік. Тағы бір қызық жайт, бір тұрғын хабарласып «Мені таңертең ерте оята аласыз ба?» деп сұрады. Сол сияқты біздің орталық арқылы пицца, таксиге тапсырыс бергісі келген азаматтар да болды», - дейді Н.Құсайынова.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх