Қысылғанда қайда барасыз: Дәретхана жыры

05 тамыз, 18:09628
Суретті түсірген автор Суретті түсірген автор

Елорда көшелерінің әрдайым самаладай жарқырап тұратыны сөзсіз. Бірақ көшелермен жаяу жүрсеңіз, бәрібір «бір кем дү­ние» алдыңыз­ды кес-кестемей қоймайды. Нақтырақ айт­қанда, қаланың орталық көшелерінде қоғамдық дәретханалар жоқтың қасы. Болса да, тым аз. Бұл тұрғыда Елорда Инфо тілшісі шаһардағы қоғамдық дәретханалардың жайын көзбен көріп қайтты.

Өркениетті елдердің тәжірибесі

Дамыған елдерде қоғамдық дәретханаларға ерекше мән беріледі. Мысалы, Еуропадағы Лондон, Хельсинки, Стокгольм сияқты үлкен қалаларда жабық аялдамалардың барлық жағдайы қарастырылыпты. Көрші Ресейде де қоғамдық дәретханаға ерекше көңіл бөлінетін көрінеді. Мәселен, Новосібір қаласы мен Толмачёво селосының қиылысқан жерінде тұрған жылы аялдама кішігірім станса немесе бекет іспеттес деседі. Модерн стиліндегі бұл тұрақта қыста жылы, жазда салқын соғатын кондиционері бар күту залы, маршруттағы автобустар жүргізушілері үшін тегін демалыс бөлмесі, душ бөлмесі, шағын ас бөлмесі және әжетхана орналасқан. Кемінде 40 адамға лайықталып жасалған күту залының ішкі жағында үш қатарлы керемет орындықтар, кофе мен снек автоматтары қойылған. Бұдан бөлек, мүгедектер үшін арнайы тегін әжетхана да жасалған. Тап осындай аялдамалар Мәскеуде де эксперимент ретінде 2014 жылдан қойыла бастапты. Бірден көпшіліктің көңілінен шыққан мұндай нысандар саны біртіндеп көбейе түскен. Қазіргі таңда Кремльді қалада осы тектес 30-дан аса аялдама бар екен. Сонымен қатар Украинаның қалаларындағы ашық аялдамаларда да дәретхана қарастырылған көрінеді.Сурет: KP.UAСурет: KP.UA

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы жабық аялдамалардың ішінде тек біреуінде ғана әжетхана бар. Ол «Жағалау» тұрғын алабында орналасқан. Қалған жылы аялдамалар мен «Көше саудасына – 1000 орын» жобасы бойынша орнатылып жатқан заманауи сауда дүңгіршектердің бірде-біреуінде дәретхана қойылмаған. Бұл – өз алдына бөлек тақырып. 

Неміс саяхатшысының сыны 

Немістің саяхатшысы әрі жазушысы Дагмар Чрейбер егемендік алғаннан кейін қазақ жеріне талай мәрте табан тіреп, еліміздің біраз аймағын аралап, елордадағы ескі ғимараттарды, Кеңес Одағынан қалған көше атауларын, жаңарған қаланы зерттеп, Қазақстан туралы бірнеше кітап жазған екен. «Kasachstan» деп аталатын кітабында ол Қазақстандағы қалааралық жолдардың бойында жолаушыларға арналған дәретханалардың қарастырылмағанын, болса да нашар жағдайда екенін алға тартып, сынаған екен.

«Егер кімде-кім дәретхана туралы диссертация жазғысы келсе, Қазақстанға барсын. Ондай мәселелер Қазақстанда толып жатыр», – деген екен Дагмар Чрейбер.

Бірақ бұл – өкінішке қарай, ащы да болса, шындық. Дала тұрмақ, қаланың өзінде қоғамдық дәретхана мәселесі әлі де толық жолға қойылмаған. Тіпті елорданың кейбір көшесінің өзінен әжетхананы шаммен іздесеңіз де, таппайсыз. Көшелерде қоғамдық дәрет­ханалардың болмауы, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға қиын.

Миллионер мегаполистегі қоғамдық дәретхана саны – 30

Елордадағы адам аяғы әсте үзілмейтін қалалық әкімдік алдындағы орталық алаң маңынан қоғамдық дәретхананы табу оңайға соқпайды. Мұнда «Астана» концерт залынан бөлек мекемелер мен банк­тер, мейрамхана, мейманхана және сауда орындары жетіп артылады. Бірақ бұлардың көбі мемлекет күзетіндегі мекемелер мен жекеменшік орындар болғандықтан, кез келген жанға олардың есігі ашыла бермейді. Еуропа елдеріндегідей емес, бізде тіпті мейрамханалардың өзін­де «ақкөңіліне» кездейсоқ кезік­песеңіз, қызметшілері дәретхана ақысын ұсынсаңыз да, тамаққа тапсырыс беріп, сол жердің қонағы болмасаңыз, табалдырықтан әрі аттатпайды. Әрине, барлығы емес, көбісі. Олай дейтініміз, әкімдік жанындағы «Венеция» мейрамханасына осы мәселені тексеріп көрмекке арнайы бас сұққанымызда келушілерге олардың дәретханасының есігі ашық екенін байқадық. Бірақ бұл туралы біреу білсе де, біреу білмейді. 

Әлбетте, қала бойынша қоғамдық дәретханалар мүлде жоқ емес, бар. Бірақ жеткіліксіз. Соның салдарынан да болар, шаһардың шеткі аймақтарындағы кейбір жерас­ты өткелдерінде жағымсыз иіс қолқаны қабады.

Айта кету керек, қоғамдық әжетхана мәселесін зерттеп көргенімізде бұған қай мекеменің жауапты екенін анықтаудың өзі мұң болды. Мысалы, 2016 жылға дейін қоғамдық дәретханаларға «Қалалық жылжымайтын мүлік» мемлекеттік коммуналдық кә­сіп­орны жауапты болса, одан бері бірнеше басқарманың қа­рамағында болған. Қазіргі уа­қытта жауапкершілік аудан әкімдіктерінің құзырында. Ал аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары ұсынған мәліметке сүйенсек, Алматы ауданында – 6, Байқоңыр ауданында – 1, Есіл ауданында – 17, Сарыарқа ауданында – 6 (үшеуі істемейді), жалпы қала бойынша 30 қоғамдық дәретхана ғана қызмет етіп тұр. Бұл – миллионнан аса халқы бар ірі мегаполис үшін көп емес, әрине.  

Белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, саяхатшы Марғұлан Сейсембай:

"Әжетxана мәселесі ол тек қана дәретхананың қаңқасын сатып алу емес, ол – инженерлік-теxникалық және тазарту қызыметтерін ұйымдастыратын жеке компания. Бұл түйткілдің түйінін шешу арзанға түспейді. Бірақ осы мәселені түбегейлі шешпейінше, біз ешқашан өркениетті елдердің қатарына кіре алмаймыз", – деп жазған болатын өзінің инстаграмдағы парақшасында.

Айта кетсек, әлеуметтік желіде дәретхана мәселесін үнемі назардан тыс қалдырмайтын Марғұлан Сейсембай биылғы ақпан айында инстаграм желісіндегі өзінің оқырмандары арасында ел ішіндегі ең нашар дәретхананы анықтау мақсатында "Қоңыр унитаз" байқауын жариялаған-ды. Нәтижесінде ең нашар дәретхана ретінде ШҚО-дағы бұрынғы Зырян, қазіргі Алтай қаласы автовокзалының әжетханасы саналып, Alexsandr Podanev есімді желі қолданушысы жеңіске жеткен болатын. 

Қаладағы қоғамдық дәретханалар мекенжайы:

Алматы ауданы: (6 дәретхана)

– Қазақ елі монументі алаңы;

– Бейбітшілік және келісім сарайының автотұрағы (тәуелсіздік даңғылы жағынан);

– Президент саябағы;

– Триатлон саябағының автотұрағы (М2 көпірінің маңы);

– Жерұйық саябағы;

– Абылайхан даңғылының бойында («Встреча» сауда үйінің маңы).

Байқоңыр ауданы:

– Республика даңғылы, 24 мекенжайында, «Жастар» сарайының маңында орналасқан.

Есіл ауданы: (17 дәретхана)  

– «Астана Опера» опера және балет театрының Тұран және Қабанбай батыр даңғылдары жағында 2 дәретхана;

– «ЕХРО – 2017» аумағында 3 дәретхана;

– Ботаникалық бақ аумағында Түркістан, Бұқар жырау, Орынбор көшелері жағынан 3 дәретхана;

– «Арай» саябағы аумағы;

«Жетісу» асябағы аумағында 3 дәретхана;

– «Нұржол» желекжолы (музыкалық субұрқақ) аумағы;

– ҚР Үкімет Үйінің пандусы маңында;

– «Сарыарқа» көпірінің аумағы;

– «Дәулет» спорт кешені аумағы;

– «Ғашықтар» саябағы аумағы.

Сарыарқа ауданы:  (6 дәретхана 3-і істемейді)

– «Грант Алатау» тұрғын үй кешені маңы;

– Арбат аумағы;

– Желтоқсан мен Бигелдинов көшелерінің қиылысында.

...Ықшамдау демесеңіз, ол да сарай

Сонымен, қаладағы қоғамдық дәретханалардың кейбірінің жағдайын өз көзімізбен көріп қайттық. Алдымен туристердің аяғы үзілмейтін шаһардың ең көрікті жерлерінің бірі «Нұр жол» желекжолындағы дәретханаға бардық.

Мұнда келушілер үшін барынша жағдай қарастырылыпты. Ерлер мен әйелдердің кіретін есіктері бөлек. Әрқайсысы 4 кабинадан. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да арнайы кабина қамтылған. Одан басқа ерлерге арналған 4-5 орын тағы бар. Сабын мен қағаз сияқты керек-жарақтар күнделікті әкелініп тұрады.

Ауысыммен жұмыс істейтін еден жуушы Ольга Энкель мен Зыкия Мұсақанова әжетхананы сағат сайын тазалап отырады екен. Сағат 9.00-ден кешкі 23.00-ге дейін есігі ашық тұратын дәретханаға келушілер қатары көп екенін айтады еден жуушылар. 

«Күніне 100-ден аса адам келеді. Олардың арасында ішімдікке сылқия тойып алғандар да, нашақорлар да кездеседі. Тіпті әжетхана ішінде арақ ішіп, темекі тартып үлгеретіндері де болады. Ерлер жақтағы кабиналарды тек олар шыққан соң ғана тексере аламыз. Егер тәртіп бұзғандарды байқасақ, бірден полиция шақырамыз», – дейді Ольга.

Сондай-ақ «ЕХРО – 2017» аумағындағы дәретханалардың да жағдайы жаман емес. Бұған дейін оны өз көзімізбен де көргенбіз. Бірақ осы жолы сағат 9.35-те барғанымызда мұндағы әжетханалардың есігі жабық жатты.

Бұл жерден кейін Байқоңыр ауданына қарасты жалғыз дәретханаға бас сұқтық. Мұнда екі орын ғана бар. Оның бірі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Бұларға ер де, әйел де кезекпен кіре береді. Ішінде қол жуғыш, айна қарастырылған. Сабын мен қол сүртетін қағаз тұр. Басқаларға қарағанда аздап лас. Байқоңыр ауданындағы жалғыз дәретханаға кезек күтіп тұрғандардың қатары қалың екен.

Ал Алматы ауданына қарасты Қазақ елі монументі алаңы мен Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы дәретханалардың іші-сырты да тура осындай. Яғни екі кісілік. Бірақ Тәуелсіздік даңғылының бойында қарама-қарсы бағытта тұрған қос әжетханаға кірушілер сирек сияқты. Бұл жерде тек мерекелік шараларда болмаса, жаяу жүргіншілер аса көп емес. Дегенмен елорданың бетке ұстар орындарының бірі болғандықтан, мұнда қоғамдық дәретхананың қойылғаны дұрыс болған.

Сондай-ақ Сарыарқа ауданына да атбасын бұрдық. Ондағы Желтоқсан мен Бигелдинов көшелерінің қиылысындағы қоғамдық дәретханаға кіріп шықтық. Бұл да екі орындық болғанмен, іші мұнтаздай таза екен. Онымен қоса, салқындатқыш кондиционер де қосылып тұр.

Бірақ «Грант Алатау» тұрғын үй кешенінің маңындағы әжетхананы таба алмадық.

Жалпы, бұл қоғамдық дәретханалардың барлығы тегін. Көпшілігі кешкі сағат 21.00-ге дейін, кейбірі 23.00-ге дейін істейді. Айта кетсек, шаһардағы сауда, ойын-сауық орталықтарындағы әжетханаларына да тегін кіруге болады.

Бірде айтыскер ақындардың бірінің аузынан:

«...Ханның да басын игізетін,

Ықшамдау демесеңіз, ол да сарай...» деп дәретхана туралы жырлағанын құлағымыз шалған-ды.

Бірақ қаладағы ондай «сарайларымыз» әлі де жеткіліксіз боп тұр. Егер адам қатты қысылса, тәуекелге барып, тура жолдан тайып, амалсыз қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін. Сондықтан туристер көп келетін қалада сырт көздің сынына ілікпей, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жалпыға бірдей жайлы әрі мәдениетті орта қалыптастыру үшін елордадағы қоғамдық әжетханалар санының еселеп көбейгені құба-құп болар еді. Бірақ ірі-ірі халықаралық шараларды ұйымдастырып, астанамыздың атын әлемге танытуға зор үлес қосып жүрген аудан әкімдіктерінің жергілікті тұрғындарға қажетті осындай жауапты міндетке неге соншалықты немқұрайлылық танытып отырғаны белгісіз.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх