Көсемдермен көзқарасы кереғар

17 қазан, 11:18253
Автор: Elorda Aqparat

Елорданың ескі бөлігі мен жаңа қонысын жалғас­тыратын көпірден өтсеңіз, Александр Бараев атындағы көше бар. Оншалықты ұзын болмағанымен, ені кеңінен тартылған бұл орамның бойы қашан көрсең де академиктің тірі кезіндегі бастан кешкен тіршілігі секілді қым-қуыт болып, қазандай қайнап жатады. Ал жақында әлеуметтік желіден Сарыарқа төсінің астық өлкесіне айналуы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген атақты ғалымның атын ардақтау үшін берілген сол көшені Жошы ханға ауыстыра­йық деген ұсынысты оқып, қатты қайран қалдық.  

Себебі бұл, қай тұрғыдан келгенде де, көңілге қонатын ұсыныс емес. Алып империя әміршісі Жошы ханға Ұлы дала төрінен үлкен көше табылар, шын іздесе. Ал аты тың эпопеясы кезінде қазақтың жерін тоздырмай, ауыспалы егісті пайдаланайық деп дабыл қаққан, бидайдың жаңа мығым сорттарын шығарумен танылған, бүгінде есімі де, ісі де тарихи бағасын алған белгілі ғалымның аруағын мазалаудың керегі жоқ. Әрбірден соң өзінің ғұмыр жолында Кеңес Одағының екі кезеңдегі екі бірдей басшысымен ұстасып, оларға жеңсік бермеген тұлғаның кейінгі ұрпаққа ұқтырар тағылымы мол. Ол кезінде Никита Хрущевпен айқаста ауыспалы егіс танабы тәртібін жанқиярлықпен қорғап шықса, Михаил Горбачевпен егіншіліктің басқа тәсілдері турасында мәмілеге келе алмай, соңынан соның салдарынан жантәсілім еткен. Республикамыздың шежіресінде ерекше орны бар осындай қарама-қайшылығы көп қайраткерді бүгінгі ұрпақ еске алып отыруы керек деп ойлаймыз,  деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Қазақ даласында жарты ғасырдай еңбек етіп, даңқы шыққан Александр Иванович Бараев 1908 жылы 16 шілдеде Петербургте теміржол жұмысшысының отбасында дүниеге келеді. Тұрмыс тауқыметін тартқан көпбалалы отбасы Вологод облысына қоныс аударып, әкесі Иван Бараев ауыл шаруашылығы кооперативін басқарады, Александр шаруаға ерте араласады және бүкіл ғұмырын ауыл шаруа­шылығы саласына арнайды. Самара дәнді дақылдар институтын үздік бітірген ол өмірін жер туралы ғылымға арнайды. Еңбек жолын Еділдің орта ағысы бойындағы Ленин атындағы астық кеңшарының бөлімше агрономы болудан бастайды. Бұдан кейін Куйбышев облысындағы астық шаруашылығының агрономы, Безенчук тәжірибе стансасының ғылыми қызметкері болады. 1936 жылы Қазақстандағы Орал ауылшаруашылық тәжірибе стансасының директорлығына көтерілді. Ол басқарған жылдарда стансада қар тоқтату мәселелері кеңінен зерттелді, топырақ өңдеу тәсілдері сыналды, эрозияға қарсы өңдеу жұмыстарының бірқатар элементтері талданды. Ал 1953 жылы Бараев Қазақ жер өңдеу ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалды.

Қоғамда Қазақстандағы тың игеру науқаны туралы кереғар пікірлер жетерлік. Жеріміз осылды, тіліміз кесілді, тың өлкесінде азшылыққа айналдық, ұлтқа қауіп төнді деген сияқты әңгімелер жиі айтылады. Дегенмен тың игеру арқылы еліміз әлемдегі астықты державалар қатарынан ойып тұрып орын алды. Оның игілігін әлі күнге дейін көріп келеміз. Ал топырақты тоздырмай, астық түсімін көбейтуге Бараев бастаған ғалымдардың қосқан үлесі орасан. Ендеше академик Бараев есімі естен шықпауы тиіс.

1956 жылы КСРО Үкі­ме­тінің шешімімен Ақмола облысындағы Шортанды тәжірибе стансасының базасында, тың және тыңайған жерлердің нағыз қайнаған ортасында Бүкілодақтық астық шаруашылығы орталығы ғылыми-зерттеу институты (қазір А.Ба­раев атындағы Қазақ астық шаруа­шылығы ғылыми-өндірістік орталығы) құрылды. Оны басқару бірден Александр Бараевқа тапсырылды. Міне, таяудағы ондаған жыл ішінде жер өңдеу жүйе­сіндегі топырақ қорғаудың негізгі әдістері осында жасалып, ауыл шаруашылығы ғылымындағы жаңа бағыт өмірге келді. Бараевтың жерді өңдеудегі негізгі қағидаттары дәнді дақылдардың қысқа мерзімдік (3-5 жыл) ауыспалы егіс танабын меңгеру, астық егілетін топырақты тік тісті соқамен жыртып өтіп, танапты желден қорғау үшін оның беткі жағының 80 пайызын сол қалпы қалдыру, алқаптарды ылғал жинап тұратындай етіп жырту болды.
Тың жерлерге алғаш соқа түрені тиген жылдары топырақ әлі өзінің ұсақ кесекті құрылымын жоғалта қойған жоқ еді, арамшөптер қау етіп көтеріліп үлгере алмай жатқан, сондықтан астықтан алынған өнім егіншілер қауымын қуандырып тастаған. Алайда бұдан ке­йінгі жылдары жерді қайырма соқамен, тісті тырмамен және қопсытқыш дискімен өңдеу топырақты барған сайын ұнтақтай берді. Осы тұста егін шығымдылығы жыл санап кеми түсті. Сол кезде Қазақстан мен Сібірдің тың жерлерін әдеттегі соқамен өңдеудің пайдасы аз екені, мұның орнына жерді жыртудың басқа баламалы жолын тауып, жел эрозиясымен күресу қажеттігі түсінікті болды. Тың іс жүзінде жерді соқасыз өңдеудің жаңа технологиясын өндіріске енгізуге жол ашып берді. Бірақ мұны ол ұзаққа созылған кескілескен күрес үстінде жеңіп алды.
Бараев өзінің жерді қорғау жүйесін қорғауда ештеңеден тайсалмайтын қайтпас қайсар ғалым болды. Ол мұны қолданғанда алынатын оң нәтиже туралы сағаттап талмай әңгімелеуге бар еді. Рас, оның бұл тәсіліне қарсылар да аз болған жоқ. Бірақ осы таластар тұсында ғалымға табиғаттың өзінің болысқан кездері жиі кездесіп қалып жүрді. Мысалы, 60-жылдардың басында ұйытқи соққан шаңды дауылдар егістік жерлердің қара топырақты бетін сүріп әкетті. Осылайша 1962 жылы Қазақстанда 7 мил­лион гектарға жуық алқаптың топырағы жел эрозиясына ұшырады. Ал 1965 жылы ол біздің республика ғана емес, сонымен қатар Ресейдің Алтай өлкесін, Башқұртстанды, Қалмақияны және алып елдің тағы да басқа бірқатар аймағын шарпыды. Сол кезде ауыл шаруашылығы өндірісіне Бараевтың жүйесін жаппай енгізу жөнінде әр жерде айтыла бастады.
Бүкілодақтық астық ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары бұл уақытқа дейін тырнауыш, топырақ қопсытқыш, арнаулы дәнсепкіш сияқты құралдарды әзірлеп қойған болатын. Олар тәжірибе шаруашылығында жасап шығарылып, институтта, озат кеңшарларда және тың машина сынау стансасында сынақтан өткізілді. 1964 жылдан «Бараев машиналары» өндірістен шығарыла бастады. Сол кезде эрозияға қарсы техниканы Қазақстанның солтүстік облыстары мен Сібірдің далалық аудандары, соның ішінде Құланды алқабы мен Новосібір облысы қолдануға кірісті. Бұлардың соңғылары сол жылдың жазында қатты құрғақшылыққа ұшыраған еді.
Құрғақшылық қамтыған аймақтарда қайырма соқа­лардан бас тарту шын мә­нінде Бараев жүйесі қағидаттарын жүзеге асыру болып шықты. Бұл жүйе осыдан бастап өзінің жеңісті соқпағына түсті. Бұған топырақты жел эрозиясының қатты зақымдауы себепкерлік етті. 1975 жылға қарай Бараевтың топырақты қорғау жүйесі 12 млн гектар алқапта жұмыс істеді, ал 90-жылдардың басында тырнауышпен өңделетін жер көлемі 60 млн гектарға жетті. Жерді игерудің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейін 1961-1965 жылдары Қазақстанда орташа жылдық астық өндіру көлемі 14,5 млн тоннадан айналды. Салыстыру үшін айта кетейік, бұл көрсеткіш 1949-1953 жылдары 3,9 млн тоннаны құраған екен. Ал 1976-1985 жылдары егіншіліктің топырақты қорғау тәсілі енгізілуінің арқасында Қазақстанда жыл сайын 25-27 млн тонна астық жиналып тұрды.
Республикадағы жыртылып тасталған миллиондаған гектар танаптар тап осы топырақты қорғаудың жаңа әдісі арқылы деградациядан сақталып қалды. Ол жерді шаңды дауылдар мен эрозиядан сенімді қорғаушы болды. Іс жүзінде тыңды көтерген сол еді. Алайда егіншіліктегі бұл жаңа ғылыми бағытпен келіспеушілердің қарасы Мәскеуде де, Қазақстанда да аз болған жоқ. Мысалы, Бараевтың әріптесі, ізбасары, қазақстандық белгілі академик Мехлис Сүлейменов: «Кез келген ғылымда адам өзінің атын ғылыми жаңалықтар ашуы нәтижесінде ғана емес, азаматтық позициясына беріктігі арқасында қалдырады. Мұның академик Александр Бараевқа да қатысы бар» дейді де, оның даңқы ғылымдағы жетістігімен ғана емес, өзі өмірге ендірген тәсілді табанды қорғай білуімен кеңге таралғанын баяндайды.

1982 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген «Нанның құны» деген жинақта әйгілі Шерхан Мұртазаның эссесі жарияланған екен. «Біздің егіс алқаптарымыз мол өнім беруіне өлшеусіз үлес қосқан академик А.И.Бараевтың кабинетінде қабырғаға ілінген плакат Некрасовтың «Дән себуші ұлы тұлға. Ат басындай алтын бір үзім наннан ауыр емес» деген сөзімен әдіптелген екен. Оқыдым да, таңғалдым. Қазақтар қалай дәл айтқан:Алтын, күміс – тас екен,Арпа, бидай – ас екен» дейді Шерағаң ­эссесінде. «Жерді біз сүйіспеншілікпен анамыз деп атаймыз. Оны бағындырмайды, сү­йеді, игереді. Алқаптың құнарлы қатпарына мұқият қарамасақ, Жер-ана бізді кешірмейді. Жер өңдеуші маман-ғалымдарымыздың арқасында құнарлы топырақты қадірлеп, сақтауды үйрендік»

«Александр Бараев аса жоғары лауазымды басшылармен шәлкем-шәліс келуді Никита Хрущевпен ұстасудан бастады» деп жазады қазақ академигі бұдан әрі. – Бір жағы бұл оның даңқын аспандатып жіберді. Өмір ке­йін СОКП Орталық Комитеті бірінші хатшысының кейбір ұсыныстары, жалпы алғанда, дұрыс болып шыққанын көрсетті, бірақ ол кезде оның ғалымға жасаған қысымын әділетсіздік ретінде бағалады». Шынында да, Бараев Қазақстанның егіншілігінде ауыспалы егіс танаптарының мүмкіндігінше көбірек болуы үшін аянбай күрескен. Ол республиканың солтүстігі мен Сібірде егістік алқаптардың жыл сайын кемінде 25-30 пайызы бір жыл егіннен бос жатуы керек деп есептейді. Ол бұл идеямен 1956 жылы тәжірибе алмасу үшін Канадаға үш ай мерзімге барып қайтқаннан кейін «ауыра» бастайды. Бұл кезде Қазақстанда тыңды игеру науқаны қызу жүріп жатыр еді. Шетелдік сапары кезінде Александр Иванович КСРО-ның Канададағы елшісінің ауыл шаруа­шылығы жөніндегі кеңесшісі Иван Хорошилов­пен достасып алады. Дипломат сол жолы Бараевқа ­үйеңкі жапырағы елінде егістік алқаптардың бойында ылғал сақталуына кепілдік жасалуы үшін жыл сайын оның 40 пайыз аумағына ештеңе егілмейтінін айтады. Ауа райы құрғақшылық жылдары, шынында, осы жерлерден жақсы өнім алынады екен. Бұдан бөлек, батыстың көптеген ғалымдары жерді бұлай бос қалдыруға қарсы шығып жүрген көрінеді. Бірақ ағылшын тілін білмейтін қазақстандық ғалым әлемнің ғылыми әдебие­тімен таныс бола алмайды. Алайда Канада тәжірибесін санасына әбден сіңіріп қайт­қан Бараевтың бетін қайтару қиын еді. Ол сондықтан өмірінің соңына дейін осы идея жолында күресіп өтті. Дегенмен кейінгі жылдары егіссіз қалдырылатын алқап көлемін 16 пайызға дейін қысқартуға көнген екен…
Бараев пен Хрущев айқасының шырқау шегі 1961-1964 жылдармен тұспа-тұс келді. Айтқандай, бұл кездері ауыспалы егіс танабы тәртібі үшін күрескен жалғыз Бараев болған жоқ. Оның бастамасына Ресейдің Қорған облысындағы ірі шаруашылықтың кемеңгер агрономы, Социалистік Еңбек Ері Терентий Мальцев те қолдау көрсетті. Осы текетірес барысында Никита Сергеевич оны бағытынан тайдырып, жүгері егуге қарай бұрып жіберуге әрекеттеніп бақты, бірақ Терентий Семенович те алған бетінен қайтпай қойды. Ал бұл күрестің қайнаған ортасы бұрынғысынша Қазақстан болып қала берді. СОКП Орталық Комитеті бірінші хатшысы кеңесшілерінің тапсырмалары бойынша Алтай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Георгий Наливайко Целиноградқа шақырылды. Бұдан кейін оның институты ауыспалы егіс танабын өздерінде тәжірибеден өткізіп көрді. Бірақ онда көрсетілген нәтижелер толық Бараевтың пайдасына шешіле қойған жоқ. Бұл Хрущевті одан бетер «жындандыра» түсті.

Хрущев пен Бараевтың соңғы кездесуі 1964 жылдың тамыз айында Целиноград жерінде орын алды. Институтқа келген Никита Сергеевич қасында өзімен сөйлесіп тұрған бір кісіге: «Сіздердің директорларыңыз – Бараевтың мінезі мысыққа ұқсайды, адамды мысық құсап тырнап алады. Ауыспалы егіс танабы деп өзеуреп қоймайды» дейді. Мұны естіп тұрған Александр Иванович заматында: «Білесіз бе, Никита Сергеевич, ауыспалы егіс танабының жерлері өнімді екі есе көп береді. Бір жерге жыл сайын дән себе беріп, оның нәрін құртуға болмайды. Жердің бір бөлігін бос қалдырып, бірер жыл шөп өсіру керек» деп жауап қайтарады. Бұл сөздерге қатты ашуланған Хрущев нарттай қызарып, жерді бұлай бос қалдырып, ысырап етуге болмайтынын айтып айқайлайды. Ол осы кездесуден кейін Бараевты орнынан алып тастау жөнінде берік шешімге келеді. Бірақ бұйрықты шығартып үлгере алмайды. Қазақстанға сапарынан кейін көп ұзамай Пицундаға демалысқа кетеді. Сөйтіп жүргенде 1964 жылғы қазан айының ортасы жетіп, Никита Сергеевичтің өзі күтпеген жерден аса жоғары лауазымын тапсыруға мәжбүр болады. Құдай Александр Ивановичті осылай сақтап қалды…
Осыдан кейін Бараевтың дәуірі басталды. СОКП Орталық Комитеті бірінші хатшысының позициясына қарсы шығу оны аты аңыз­ға айналған адам дәрежесіне апарып қойды. Бұдан кейін оған өзі насихаттап жүрген ғылыми тәсілдерді жұртқа дәлелдеп жатудың қажеті болмай қалды. Енді оның айтқандарының бәрі барлық жерде соңғы үкім сияқты естілетін болды. Кеңес заманында топырақ қорғау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ВАСХНИЛ академигі, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Александр Бараев осы атақ-даңқтың бәріне Хрущев дәуірінен кейін ие болды.
Академик Александр Бараев, ауыспалы егіс танабы жайын былай қойғанда, жерді эрозиядан сақтап қалуға да орасан зор еңбек сіңірді. Жергілікті диқандар әлі де оны мол өнім алудың негізгі факторларының бірі ретінде қарастырады. 300 ғылыми еңбек жазып, 23 кітап пен брошюра шығарған академик талай жас ғалымға жол ашты.
Қалай дегенде де, ұзақ жылдар бойы «кабинеттердегі кедергілермен» күресу өмірінің соңғы жылдарында Александр Ивановичтің денсаулығына залал келтіріп, жүрегі сыр бере бастайды. Дәрігерлер оған біраз уақыт тыныштық керектігін ескертеді. Бірақ «тыңның бас агрономы» қол қусырып, қарап отыра алмайтын еді. Сондықтан Целиноградқа, оның ішінде өзі басқаратын орталық пен тәжірибе алқаптарын ара­лау­ға «ұлы қайта құрушы» Михаил Горбачев келген кезде, дәрігерлердің қатаң ты­йым салғанына қарамастан, Александр Бараев кездесуге ойланбастан барады. Көлігін Мәскеуден келген күзетшілер қаңтарған ғалым Бас хатшымен кездесуге жаяу жүгіріп жетеді. Бұл 77-ге келген академиктің жүрегіне салмақ түсірген еді. Ғылыми орталық лабораторияларын 20 минут ішінде құйын соққандай аралап өткен Горбачев академиктен ауыл шаруашылығындағы қайта құруды түбегейлі өзгертуді талап етті. Ал Бараев бүгінгі таңда жоғары сапалы астық өндірудің бәрінен де маңызды екенін, бұл үшін бірінші кезекте жоғары өнімді техника, тыңайтқыш, селекциялық жұмысты жалғастыру мен биотехнология керектігін түсіндіруге тырысып бақты. «Ауыл шаруашылығында осы айтылғандардан басқа тағы қандай қайта құру болуы мүмкін? Бәрінің негізі қаланып қойылған, енді оған тек қолдау көрсету керек» дейді сонда ғалым. Бірақ өзінің басымен алысып тұрған, «өзін ұлы агроном санайтын» жоғары лауазымды шенеунік бұл орынды уәжді тыңдар болмады. Бұған қатты қапаланған Александр Иванович жүрегін ұстай құлайды. Дереу ауруханаға жеткізілді. Ол келесі күні, яғни 1985 жылдың 8 қыркүйегінде Целиноградта ауыр инфаркттен жантәсілім етеді. Бараевтың 90 жылдығына мақала арнаған «Акмолинская правда» газеті (1998 жылғы 1 тамыз) академик ең соңғы Бас хатшының «жәрдемімен» жантәсілім етті деп ашық жазды. Осылай бүкіл саналы ғұмырын, барлық күш-жігерін егін шаруашылығындағы топырақты қорғау мәселесіне арнаған, жарты ғасыр Қазақстанда өмір сүріп, еңбек еткен аса көрнекті ғалым өмірден өтеді. А.Бараев ұзақ жылдар жетекшілік еткен ғылыми орталық академик есімін иеленген. Бұл орталықта талай ғылыми жаңалықтарды тәжірибеге енгізген, мемлекеттің мәртебелі сыйлықтарына ие болған жүздеген ғалым жемісті еңбек етуде. Институт ауласында ұстаз мүсіні көз тартады.

 

Еркін ҚЫДЫР



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх