• USD 385
  • EUR 434

Келешектің көлігі – электроавтобустар

07 тамыз, 08:5772
фото http://chudo.tech сайтынан фото http://chudo.tech сайтынан

Әлемдегі ірі қалалар мен мегаполистер электроавтобустарды пайдалануға көшіп жатыр. Bloomberg New Energy Finance журналының мәліметі бойынша, 2025 жылға қарай әлемдегі автобустардың жартысы электр қуатымен жүреді. Бұл салада көштің басында Қытай тұр, Шэньчжэнь қаласы толығымен электроавтобустарды пайдалануға көшті.

Еуропа елдері де көліктің тиімді, пайдалы түріне ауысуда. Мысалы, Париж бен Амстердамның билігі автобустар паркін «жасыл» көлікке толықтай көшіруге әрекет жасауда. Лондон да баламалы көлік саны жөнінен алдыңғы шепте тұр. 2030 жылға қарай Лос-Анжелес электробустарға көшіп, 2 мыңнан астам көлікті пайдалануға енгізбек. Ал Нью-Иорк биыл қаңтарда 10 Proterra және New Flyer электробусын сынап көруге көшеге шығарды.

Біздің посткеңестік кеңістіктегі әріптестеріміз – Ресей мен Украина да көлік төңкерісінен шет қалған жоқ. Мәскеуден бөлек, экологиялық көлік түрін Санкт-Петербург қолданысқа енгізді. Қазір Петербургтің 5 бағдарына электроавтобустар жүреді. Украинадағы Винница мен Черниговтың озық тәжірибесіне көптеген елдер қызығушылық танытуда.

Электроавтобустың тиімділігі неде?

Еуропадағы өндірушілер мұндай автобустарды қуаттаудың тиімді жолын тапты. Электробустарға аса қуатты конденсатор орнатылады. Мұндай жағдайда электроавтобустың аккумуляторы 20 шақырымға дейін жол жүруге жарайды. Алайда, бір кемшілігі – қызмет көрсету құны қымбатқа түседі, қосымша жабдық сатып алу қажеттілігі тағы бар.

Қытай өндірушілері электробустарға литий құйылған аккумулятор орнатып, көліктің қуаттаусыз жүретін уақытын ұзартты. Ондайда автобустарды тәулігіне бір рет – түнгі мезгілде қуаттау қажет. Мұндай шешім инфрақұрылымға салынатын инвестицияларды барынша қысқартып, электр тоғын түнгі арзан тарифпен қолдануға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті пайдаланған Қытай екі жыл бұрын 385 мыңға жуық электроавтобустарды сынақтан өткізді. Қазір қытайлық бұл өнімдерді Нидерланды үкіметі сатып алуда.

Украинадағы электромобильдер нарығына қатысушылар қауымдастығының жетекшісі Арсений Абдураимовтың айтуынша, жәй автобус пен электробустың шығындарында айтарлықтай айырмашылық бар. «Біз қалалық бағдардағы электроавтобустың, троллейбустың және автобустың пайдалану көрсеткіштерін салыстырдық. Көліктің үш түрі де күніне бірдей деңгейде табыс әкеледі. Алайда, автобус пен элетробустың шығындарын қарасақ, электробустың тиімділігі жоғары. Отыннан көп үнемделеді. Мысалы, көлікті электроавтобустарға ауыстырсақ, жылына 1,6 млн. гривен үнемдейміз» деп түсіндіреді А. Абдураимов.

Украиналық мамандардың пікірінше, электроавтобустарды іске қосуға қосымша инфрақұрылым қажет емес. Қаладағы қоғамдық көлік депосының бірін қуаттайтын станция етіп жабдықтау жеткілікті. Жұрттың көпшілігі электроавтобус пен троллейбустың айырмашылығын білгісі келеді. Бұл жерде негізгі артықшылық – электроавтобусқа инфрақұрылым керек емес.

Экологиялық көлікпен жүру – арзан

Ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін азайту үшін Қытай билігі Шэньчжень қаласында ғажайып жобаны іске асырды. Бұл жанар-жағармаймен жүретін автобустардан толықтай бас тартқан, әлемдегі жалғыз қала. Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Шэньчженьнің барлық аудандарына қатынайтын 16 400 электробустар жолға шықты. Қала билігі 2020 жылы барлық такси қызметін электр қуатына көшіруді жоспарлап отыр.

Шэньчженьннің қоғамдық көлігін электрлендіруге жұмсалған шығындарды Қытай үкіметі жария етпеді. Бір анығы, қаланың инфрақұрылымына ауқымды өзгерістер жасалды, көліктерді қуаттайтын көптеген станциялар бой көтерді. Қытайлар алдағы уақытта бұл жобаны елдегі бірқатар ірі қалаларда жүзеге асырмақшы. Атап айтарлығы, Шэньчжень тұрғындары қаладағы ауаның керемет тазарғанын сезінуде.

2019 жылдың қаңтарынан бастап Норвегияның астанасы – Осло да жолаушыларды «жасыл» көліктермен тасымалдауға көшті. Өзгелерден бір ерекшелігі, Ослодағы электроавтобустардың жүргізушісі жоқ. Таң қаларлығы, жүргізушісі жоқ көлікке 12 жолаушы сыяды, ол жылдамдығын сағатына 20 км/сағатқа дейін жеткізе алады. Одан да ғажабы, кез-келген жолаушы арнайы қосымшаның көмегімен автобусты шақыруға болады. Норвегияның көлік министрі мемлекет 2025 жылға дейін елдегі жанар-жағармаймен жүретін барлық автобустарға тыйым салынатынын мәлімдеді.

Нұр-Сұлтанның тәжірибесі көңілден шықты

Осыдан екі жыл бұрын, ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде елордада электроавтобустардың жүргенін көзімізбен көріп едік. Биыл ақпан айынан бастап, қанатқақты жоба іске қосылды. Қазір мамандар келешектің көлігінің қатты аяздарға төзімділігін сынауда. Автобус жүргізушілері көліктің бірнеше тиімді жақтарын бірден байқады. Біріншіден, көлік қозғалмаған жағдайда электр қуаты жұмсалмайды. Екіншіден, мұндай көлікпен жүру жанар-жағармаймен жүретін көлікпен салыстырғанда 3-4 есеге арзан. Жөндеу жұмыстарының да шығыны өте аз. Автобустың майын, фильтрі мен ременьдерін ауыстырмайды. Ең бастысы, электроавтобус қоршаған ортаға зиянды заттар таратпайды.

Бір қуанарлығы, бас қаламыз да осы трендтен қалмай, «жасыл» экономикаға көшеді. Соның бір дәлелі, елорда автопаркін жаңалау үшін қала әкімдігі жылдың соңына дейін 100 электроавтобус сатып алатын болды. Бұл жаңалықты көлік қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтау кезінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жария етті.

Қала басшысы жолаушылар көлігінің тұрақты жұмыс істеуі халықтың жайлы өмір сүру деңгейінің бір көрсеткіші болып табылатынын атап өтті. «Жолаушылар мен автокөлік жүргізушілері өздері тұратын қалада қолайлы, жайлы өмір сүруі үшін жыл сайын автопаркіміз жаңарып отырады. Мәселен, бас қаланың қозғалмалы құрамы 70 пайызға жаңарды. Мамандар автобустарды дер уақытында жөндеп, тексерістен өткізеді» деді Алтай Сейдірұлы.

Қалалық акселератордың шеңберінде құрылған жұмыс тобы қоғамдық көлікті одан әрі жетілдіру жұмыстарымен айналысуда. Осы мәселені тілге тиек еткен әкім Нұр-Сұлтаннның «жасыл» экономикаға көшетінін жеткізді. «Жыл сайын қала тұрғындарының саны өсіп келеді. Халық көбейген сайын, автокөліктердің саны да ұлғаюда. Қоршаған ортаға таралатын қалдықтарды қысқартуға ұмтылып жатырмыз. Осыған орай, жылдың соңына дейін 100 электроавтобус сатып аламыз. Және онымен шетеліп қалмаймыз» деп мәлімдеді А. Көлгінов.

Сервистің сапасына шағым көбеюде

Қазіргі таңда елорданың жолаушылар көлігі саласында 3 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Күн сайын 900 автобус жолға шығады, оларда 1700 адам еңбек етеді. Бұл саладағы дамудың бір көрсеткіші – жаңа көліктер. Мысалы, соңғы 5 жылда қала билігі 700-ден аса жаңа автобус сатып алған. Жолаушыларға қызмет көрсететін көліктердің барлығы заманауи бейне бақылау жүйесімен жабдықталған. Жаңа автобустардың бәрінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды тасымалдау арналған пандустар бар. Бұған қоса, жергілікті билік автобустардың қолайлы жағдайда жүріп-тұруы үшін көшелердегі тас жолдарға үнемі жөндеу жұмыстарын жүргізеді.

Қала басшысы қоғамдық көліктің басымдығын арттырудың маңыздылығына тоқталды. Бас қалада автобустарға арналған Bus Lane арнайы жол жолақтарының пайда болуы автобустардың қозғалу жылдамдығын арттыра түсті. «Егер де адамдар қоғамдық көлікті көбірек пайдаланатын болса, бұл – қаланың дамуының бір көрсеткіші болып табылады. Қазір Bus Lane енгізілгеннен кейін жолаушылар діттеген жеріне жеңіл автокөліктерден жылдамырақ жететін болды. Бұған қоса, билет сатуды электрондық жүйеге көшіру автопарктердің табысын 40 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік туғызды» деп атап өтті А. Көлгінов.

Алайда елордадағы қоғамдық көліктегі қызмет көрсетудің деңгейіне халықтың көңілі толмай отырғаны рас. Бұл мәселені ашық айтқан әкім нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, биыл қоғамдық көліктегі қызметке қатысты әкімдікке келіп түскен шағымдар 60 пайызға (2018 жылы – 13 мың, 2019 жылоы – 21 мың) дейін ұлғайған. «Егер 2018 ыжыл қызмет көрсету сапасына қатысты 13 мың шағым түссе, биыл оның көлемі 21 мыңға дейін өсіп отыр. Бізге бұл санды түзету керек. Біз қазір қоғамдық көлік саласына қатысушылардың бәріне қолайлы жағдай туғызу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы – жолаушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету» деп түсіндірді мәселені әкім.

 

СӨЗ ТҮЙІНІ:

Шынын айтсақ, электроавтобустар – бұл келешектің қоғамдық көлігі. Оны қолданысқа енгізу – әлемдік трендтің көшіне ілесу. Өйткені, бүкіл әлем ауаны ластайтын көліктерден бас тартуға шешім қабылдауда. Мысалы, Германия, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан сияқты мемлекеттер 2025 жылдан 2030 жылға дейін жанар-жағармаймен жүретін автобустардан, жеңіл автокөліктерден бас тартуға заңды түрде шешім қабылдауға әрекеттенуде. Қазақстанның бас қаласы – Нұр-Сұлтан бұл бағытта көшбасшы болып, «жасыл» көліктерді қолданысқа бірінші болып енгізбекші. Айтпақшы, отандық мамандар электробустардың Қарағанды, Жаңаөзен, Өскемен сияқты қысы қатты қалаларда сынақтан сәтті өткенін жариялады. Ендеше, келешектің қоғамдық көлігі – электроавтобустардың елорда көшелерімен жүйткитін күні алыс емес. 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх