Қазақстан «цифрлануға» қалай көшіп жатыр

25 қазан, 18:39138
Автор: Elorda Aqparat
Сурет интернеттен алынды Сурет интернеттен алынды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан Digital Bridge форумында қазақстандық вице-министрлер отандық цифрландыру саласының жетістіктерін, кедергілер мен болашағын талқылады, деп хабарлайды Елорда Инфо

Соңғы кезде жиі айтылып жүрген Қазақстанды цифрландыру ел азаматтарының өміріне біртіндеп еніп келеді. Электрондық еңбек шарттары, анықтамалар мен күнделіктер, әлеуметтік ID, салықты онлайн-режимде төлеу мен еңбекақыны автоматты түрде есептеу – бұл Қазақстанда енгізіліп жатқан жобалардың бір бөлігі ғана.

Қазақстандықтардың басым бөлігі үшін цифрландыру деген әлі күнге дейін түсініксіз процесстерді білдіретін таңсық және шетелдік сөз күйінде қалып отыр. Дегенмен, электрондық қызметтер күнделікті өмірімізде қалыпты жағдайға айналды, оны жеңіл әрі ыңғайлы еткені анық. Болашақта цифрландыру білім беру, медицина, әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету мен басқа да көптеген салаларға айтарлықтай серпін беретіні айтылуда.  

Цифрландыруды енгізудің ең бір перспективалы секторы ол – білім беру. Бұрын ауыл мектептерін интернетпен қамтамасыз етудің өзі айтарлықтай жетістік саналса, қазір әрбір оқушы мен студентке персаналды лайықталған және бейімделген оқыту жүйесі әзірленіп жатыр. Қазақстандағы 860 колледжді автоматтандыру жұмыстары басталады. Электронды журналдар мен күнделіктер, сонымен қатар оқу орындарына қашықтықтан жазылу жедел қарқынмен енгізіліп келеді.

ҚР білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридің айтуынша, білім жүйесі қызметкерлерінің жалақысын есептеу үшін автоматтандырылған есептеу жүйесін енгізу мәселесі аса өзекті. Бұл жұмысты мейілінше тезірек «цифрға» ауыстыру керек.

«Бұл бұлтты бухгалтерия, есепке алу, тарификация, еңбекақы, техниканы, мебельді есепке алу және т.б. Қазір кейбір ұйымдарда әлі де қолмен, көбінесе «Эксельде» жалақы есептеледі. Бұл өте ыңғайсыз. Әсіресе Білім және ғылым министрлігінде бұл аса өзекті мәселе. Елімізде 500 мыңнан астам мұғалім бар, шындап келгенде олар қанша жалақы алатынын анық білмейді. Жалақы есептеу процессі аса күрделі, сол үшін олар Министрлікке хабарласып, «Мен қанша жалақы алуым керек?» деген сауал жолдайды. Білім саласында 3000 жуық көрсеткіштер бар екен, бұл дегеніміз ауқымды мәліметтер жиынтығы».

Еңбек қатынастары саласында да өзіндік цифрлық революция дайындалып жатыр. Мәселен, қазір электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі әзірленді.

«Бүгінде 22 мың кәсіпорын оған қосылған, біздің жүйемізде миллион электронды келісімшарт бар, сол сияқты кадрлық құжат айналымында шешімі бар 4 IT-компания қосылып, қазір жұмыс істеп жатыр. Әрине, бәрі керемет деп айта алмаймын, интеграция секілді әлі де кейбір қиындықтар кездеседі. Дегенмен, мұны біз бірге жасадық. Келесі жылы біз одан әрі белсенді түрде жұмыс істейміз деп үміттенемін. Қазір бұл заң жобасы Парламентте», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев.

Тағы бір жоба – әлеуметтік ID. Бұл арнайы карта, оның көмегімен азаматтар автобустарда жол жүру ақысын төлеу кезінде, мектептерде ыстық тамақты, сол сияқты АӘК алу барысында пайдалана алады.

«Оның фишкасы неде? Мәселен, мен мектеп оқушысымын, ал ата-анам жұмыссыз дейік. Маған мемлекеттен тегін ыстық тамақ қарастырылған. Мектеп асханасында осы картамен POS-термин арқылы алатын тамағымның ақысын төлеймін. Жүйе автоматты түрде әлеуметтік тізілімге «барып», Мұқышевтің тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін «тексерген» соң жауап қайтарады және менің картамнан ақша алынбайды, бірақ түбіртегі шығады. Барлығын мемлекет төлейді», - дейді вице-министр.

Үшінші жоба – Ақтөбеде іске қосылған пилотты бастама – әлеуметтік қызметтер порталы. Оның арқасында мүмкіндігі шектеулі кісілер дәрігердің қабылдауына жазылып, белгілі бір оңалту қызметтерін ала алады. Келесі жылы жүйе 800 медициналық-әлеуметтік мекемені біріктіріп, бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, цифрландырудың арқасында жақында салық төлеушілердің де жұмысы жеңілдетілмек. Электронды төлемді енгізу көбірек салық жинауды ғана емес, уақытты да үнемдейді.

«Салық төлеуге қатысты азаматтардан еститін біздегі үлкен мәселелер: «маған дұрыс есептемеді», «мен төледім, бірақ төлем өтпеді», «менде бұл көлік жоқ, неге салық келіп тұр» деген сияқты және т.б. Енді біз өздерінің қосымшаларында сервисті қолдана алатындай бизнес үшін қолжетімді сервис әзірледік. Біз бұл сервисті Kaspi Bank-ке ұсындық, олар мұны жүзеге асырып, өздерінің тұтынушыларына хабарлама жіберді. Мобильді қосымшаның көмегімен 2 аптаның ішінде 2 млрд теңге жиналды, бұл – жыл сайынғы жиынтықтың шамамен 15 пайызы. Бұрын бұған бірнеше ай уақыт кетіп, сол үшін адамдар қайда барарын, қай жерде және қалай төлеу керектігін білмейтін. Мәселе адамдардың төлегесі келмейтінде емес еді. Мәселе қолайсыз бизнес-процесстер мен төлем жасаудағы қиындықтарда болды», – деді ҚР қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев.

Денсаулық сақтау жүйесінде цифрландыру жылдам қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Мұнда атқарылуы тиіс жұмыстар ауқымды.

«Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру дегеніміз не? Денсаулық сақтауды цифрландырудың мақсаты – сізге емханалар мен ауруханаларда көрсетілетін медициналық қызметтерден цифрлық экожүйе құру. Қарапайым статистика, бізде ауруханаларда жылына 100 млн астам ота жасалады және бұның бәрін мемлекет өтейді. Бізде күніне 8 мыңнан астам адам ауруханаға жатқызылады, олардың ішінде 5 мың адам шұғыл жағдайда жеткізілсе, 3 мың адам жоспарлы түрде ауруханаға жатады. Бұл өте көп», – деді денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

Болашақта қағаз түріндегі мұрағаттар, аурухана карталары қолданыстан шығады, дәрігерге өзінің дерті туралы мағлұмат берудің де қажеті болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың соңғы 6 жылдағы денсаулықтарына қатысты мәліметтерді жинады – 16 террабайт мәлімет болды, әр азаматқа 600 парақ мәтіннен келеді екен.

«Біз биылдан бастап электрондық денсаулық паспортын іске қостық. Керемет. Енді тек жеке куәлік қана жеткілікті, бұрынғыдай амбулаторлы карталарды тасып жүрудің қажеті жоқ. Электронды денсаулық паспорты халықаралық CDA стандарты бойынша дайындалды. Оны медициналық құжаттың архитектурасы деп айтуға болады. Бұл құрылымдық түрде беттерді сақтауға және жинақтауға әрі медициналық деректерді талдауға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Қазақстандағы цифрландыру жұмысының басым бөлігі мемлекеттік органдардың күшімен ғана атқарылып жатқан жоқ. Соңғы жылдары елімізде IT-қызметтің айтарлықтай нарығы құрылып қалды. Қазір мыңдаған компания жұмыс істейді. IT-университет ашылып, Astana Hub IT-старт -аптарының халықаралық технопаркі жұмыс істейді. Мұның бәрі компаниялардың жақсы жұмыс істеп, өз қызметін дамытуына мүмкіндік береді. Қазақстанда қазір табысы 50-100 млн теңге аралығындағы 125 компания жұмыс істейді.

«Статистикалық цифрлар беруді жөн көріп отырмын. Бүгінде Қазақстанда шамамен 5 мың IT компания тіркеліп, жұмыс істейді. Олар құрал-жабдықтар жеткізумен айналыспайды, таза IT саласында. Бұл 2018 жылдың статистикасы. Бұл компаниялардың өнімі шамамен 700 млрд теңгені құрайды. Онда IT саласының 43 мың қызметкері жұмыс істейді. Көз қуанарлық цифрлар. IT-қызметтің 2018 жылғы экспорт көлемі 14 млн долларды құрады. Бұл біздегі нарықтың дамып кеткенінің белгісі. Біздің IT компаниялар халықаралық нарықтарға да шығып жатыр», - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов.

Спикердің айтуынша Қазақстанды цифрландыру айтарлықтай қарқынмен келеді. Бірақ қиындықтар да жоқ емес. Дегенмен экономика мен ЖІӨ-ні жаңа технологияларды енгізбей дамыту мүмкін емес. Мәселен, цифрландыру арқылы бір ғана 2018 жылдың өзінде жалпы экономикалық нәтиже 578 млн долларды құрады.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх