• USD 385
  • EUR 434

Қайта өңдеу: елордадан шығарылатын тұрмыстық қалдықтың 15 пайызы жарамды

03 шiлде, 08:33173
Сурет авторы Сұлтан Сейітов Сурет авторы Сұлтан Сейітов

Елордадан қала сыртындағы полигонға тәулігіне 1000 тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Сұрыпталған соң оның 15 пайызы қайта өңдеуге жарамды болады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

6275 сары контейнер орнатылды

Болашақта мың тонна қалдықтың 45 пайызын, яғни 450 центнерін қайта өңдеу көзделуде. Ол үшін түрлі шара ұйымдастырылуда. Соның бірі – әр үйден шығатын тұрмыстық қалдықты тұрғындардың контейнерге сұрыптап тастауына мән берілуде. Мәселен, өткен жылдың маусым айының соңында елордадағы тұрғын үйлердің маңына сары және жасыл контейнерлер орнатыла бастаған болатын. Бір жылдың ішінде 6 275 сары контейнер орнатылды. Оның 1 935-і Алматы ауданына қойылса, 1 016-ы Байқоңыр, 1 812-і Есіл, 1 512-і Сарыарқа ауданынан орын еншілеген. Бұл жобаны «ӨКМ операторы» ЖШС жүзеге асырды. 

Сурет авторы Василий КрасъСурет авторы Василий Красъ

Сұрыптап тастауда әлі де белсенділік қажет

Сары контейнерге қағаз, пластик, әйнек сияқты құрғақ заттар тасталса, жасыл контейнерге дымқыл тартатын органикалық қалдықтар салынады.

Былтырға дейін шаһар сыртына тасымалданатын тұрмыстық қалдықтың бар болғаны 9-10 пайызы ғана қайта өңдеуге жарамды болса, сұрыптап тастаудың нәтижесінде бұл көрсеткіш бір жылдың ішінде15 пайызға артты. Дәл осы сары контейнердің арқасында қайта өңдеуге жарамды қалдықтың үлесін 25 пайызға жеткізуге болады деседі. Тек бұған әзірге тұрғындардың салақтығы кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Мәселен, тұрғындар арасында әлі де сұрыптап тастау мәдениетінің қалыптаспағанын айтады мамандар. Сол үшін ПИК-терде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елордадағы контейнерлердің жалпы саны – 11320. Оның 116-сы жартылай жер астына орнатылса, 6275-і – полиэтилен, пластик сияқты құрғақ қалдықтарды сұрыптап тастауға арналған сары контейнер, қалғаны – органикалық заттар, тағам қалдығы тасталатын жасыл және темір контейнер.

Сурет авторы Сұлтан СейітовСурет авторы Сұлтан Сейітов

Айта кетсек, жер астына орнатылған контейнерлердің тиімділігі қоқыстар жел соққанда да ұшпайды әрі күннің ыстығында жағымсыз иіс шығармайды.

Қалдықты ақшаға сатуға болады

Сонымен қатар астанада соңғы уақытта тұрмыстық қалдықтарды ақшаға қабылдайтын пункттер де көптеп ашыла бастады. Мұндай пункттер қаланың әр ауданында бар. Мысалы, «Северное сияние», «Арман қала» тұрғын үй кешендерінде де тұрмыстық қалдықтарды қабылдайды. Қазіргі уақытта елордада 30-дан аса осындай пункт жұмыс істеп тұр. Олардың қатары жыл соңына дейін тағы да көбейе түспек. 

Сурет авторы Сұлтан СейітовСурет авторы Сұлтан Сейітов

Қалдықтардың келісінің құны шикізатқа байланысты 3 теңгеден басталып, 100 теңгеге дейін барады. Мысалы, полиэтилендердің келісі – 90 теңге болса, пластиктердің келісі – 50 теңге. Пункттерде бұдан басқа қағаз, әйнек, шыны ыдыстар, макулатура, алюминий құтылары сияқты қалдықтың 11 түрі қабылданады. Мамандардың айтуынша, елордалықтардың қалдықты ақшаға айырбастауға қызығушылығы бар. Тек тұрғындардың басым көпшілігі мұндай орындардың бар екенінен хабарсыз көрінеді. Білетіндер қатты қалдықты күнделікті тұрақты түрде өткізіп тұрады екен. 

Фото авторы Сұлтан СейітовФото авторы Сұлтан Сейітов

«Қалдықты қабылдау пункттерінің пайдасы мол. Біріншіден, қайта өңдеуге тиімді. Екіншіден, қоқыс полигонында да орын көбірек болады. Сондай-ақ ата-аналары балаларының күнделікті жүріс-тұрысын осыдан да шығаруға болады. Өйткені әр үйден қалдық бәрібір шығады. Ал оны бостан-босқа тастағанша, ақшаға айырбастағаны қандай жақсы», – дейді мамандар.

«Ақылды қала» жобасы аясында

Қала әкімдігі мен «Astana Innovations» компаниясының қолдауымен былтыр Байқоңыр ауданына қарасты Жастар ықшам ауданында «ақылды аудан» жобасы аясында «Astana Clean Time» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын «GreenStation» пункті ашылды. Мұнда да жоғарыдағы 11 түрлі қалдық қабылданады. Кравцов көшесінің бойындағы «GreenStation»-нің басқа пункттерден ерекшелігі – оның көлемінің үлкендігінде. 30 шаршы метрді құрайтын бұл пункттің қоймасына 5 центнерге дейін қалдық сыйып кетеді. Мұнда келушілер үшін үстел мен орындық та қарастырылған. Қыстың кезінде іші жылытылады. «Astana Clean Time» компаниясы басшылығының мәліметінше, бұл пункті салуға 5,5 млн теңге жұмсалыпты. Аталған компанияда 100-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Тұрмысқа қажетті заттар жасалады

Сары контейнерлердегі қалдықты «Clean City NC» ЖШС компаниясына тиесілі 25 Iveco маркалы арнайы жүк көліктері «KazRecycleService» ЖШС-ке тасымалдайды. 

Сурет авторы Василий КрасъСурет авторы Василий Красъ

Жалпы, қалдықты тасымалдау компаниясында 85 жүк көлігі мен 412 жұмысшы жұмыс істейді. Қала сыртына тасымалданған қалдық «KazRecycleService» ЖШС-тің өңдеу кешеніне төгіледі. Қалдықтың қайта өңдеуге жарамсыз бөлігі брикеттеліп, полигондағы алаңға көміледі.

Онда органикалық қалдықтар мен сынған қара металдарды автоматты түрде бөлетін және қайталама шикі заттарды, макулатураларды қолмен сұрыптайтын екі желі орналасқан. Сондай-ақ ондағы екі цехта пластиктен қайталама полимерлі түйіршіктер, ал макулатуралардан экомақта жасалады.

Айта кетсек, полиэтилендер 500 жылға дейін шірімейді. Оны үш рет қайта өңдеп, пайдаға жаратуға болады. Ал пластиктерді асфальт төсегенде де қолданады екен.

Жалпы, қала сыртындағы «KazRecycleService» ЖШС-те сұрыпталған шикізаттар мен ақшаға қабылдайтын пункттерде жиналған қалдықтар «Ағайындар Kz», «Kagazy Recycling» сияқты шикізаттан өнім жасап шығаратын қазақстандық компанияларға жөнелтіледі. Одан отандық кәсіпорындар шелек, қар тазалауға арналған күрек сияқты басқа да тұрмыстық заттар жасап шығарады.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх