Жалақы жыры мен еңбек қатынасындағы түйткілді мәселелер

10 қыркүйек, 10:22162

Қазақстанда еңбек қатынастары бойынша орын алатын түйіткілді мәселелердің шешу жолдарын талқылау үшін бірқатар мүдделі министр­ліктер мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, ірі кәсіпорындардың өкілдері бас қосты, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Жалақы қарызы азаймай тұр

Қазіргі күні республика бойынша 125 кәсіп­орынның жұмысшыларға жалақы қарызы 1,6 миллиард теңгеге жеткен. Міндетті зейнетақылық жарна мен әлеуметтік төлемдер берешегі 5 миллард теңгеден асқан. 2,4 мың адам жұмыстан қысқартылған. Өндірісте 749 адам жарақат алып, оның 82-сі қаза тапқан. Жоғарыдағы жайттардың салдарынан үш еңбек жанжалы орын алған.

Нұр-Сұлтан қаласы туралы айтсақ, мұнда 47 мың кәсіпорында 470 мың адам еңбек етеді. Ал олардың еңбек жағдайын бар болғаны 11 мемлекеттік инспектор ғана бақылайды екен. Сөйте тұра, қандайда бір еңбек дау­дамайлары бола қалса, мемлекеттік инспекторлардың кәсіпорындарды түбегейлі тексеруге құзыры толық жүре бермейді.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, ең алдымен, еңбек инспекторларының санын көбейту және материалдық-техникалық базасын нығайту арқылы мемлекеттік бақылауды күшейтуге барынша назар аударуы тиіс,– деді жиналысты жүргізген ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Елордада мойынында өтелмеген берешегі бар 39 кәсіпорын 1,8 мың жұмысшыға 683 миллион теңге қарыз. Кейбір жұмысберушілер жалақыны екі ай немесе одан да ұзақ мерзімге кешіктіріп отыр. Сондай-ақ респуб­лика бойынша банкрот болған 86 кәсіпорынның 2,3 мың жұмысшысы алдындағы жалақы қарызы – 983 миллион теңге. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 4 банкрот кәсіпорынның жалақы қарызы 9,4 миллион теңгеден асқан.

«Абу-Даби Плазада» еңбек жағдайы түзелді ме?

Министр қоғамда әлеу­меттік шиеліністердің туындауына жоғарыда аталған келеңсіздіктерден басқа, этникааралық-тұрмыстық әділетсіздіктер де себеп болатынын айтты.

Жыл басынан бері республикада еңбек қатынастарына қатысты бірнеше қақтығыс орын алды. «Абу-Даби Плаза» құрылыс кешенінде қазақстандық-шетелдік жұмысшылардың арасында тек биылдың өзінде 4 рет еңбек жанжалы тұтанған. Олар этникааралық және тұрмыстық сипатта болғанымен, қақтығыс­тардың негізінде жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек жағдайларының теңсіздігі жатыр,– деді министр.

Аталған келеңсіздіктерге байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Бас прокуратура еліміздегі шетелдік жұмыс күшін жалдайтын 63 кәсіп­орынға тексеру жүргізуді қолға алған. Қазіргі күні соның 38-не тексеру аяқталды. Олардың 19-нда жалақы төлемінің теңсіздігіне қатысты 161 факт анықталды.

 «Абу-Даби Плаза» компаниясында жергілікті және шетелдік жұмысшылардың ас-суын жөнсіздікке жол берілген. Мәселен, құрылыс кешенінде жатақханада тұратын шетелдік жұмысшылар күніне үш мезгіл 2-3 мың теңге көлемінде тегін тамақтандырылады. Ал жергілікті жұмысшыларға ас-су жеке беріліп, оларға тек 800 теңге өтемақы төленеді. Сондай-ақ мемлекет рұқсат бермеген лауазымдық орындарда да шетелдік жұмысшылардың еңбек ететіндігі, кадрларлық мәселеге қатысты қазақстандық мазмұн талаптарының сақталмайтындығы айқындалды. Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторларына ұсынылым жіберілді,– деді министр.

Біржан Нұрымбетов алдағы уақытта кәсіпорындарда шетелдік мамандардың жұмыс квотасы қысқартылатынын және рұқсат берілетін шарт талаптарының күшейтілетінін жеткізді.

Өндірістік жарақат кеміді

Нұр-Сұлтан қаласында маусым-шілде айларында екі компанияның ағымдық берешегі болды. Оның бірі жұмысшыларына 206, 5 миллион теңге, екіншісі 125 миллион теңге жалақы қарызы бар. Олардың берешегін өтеу үшін тиісінше шаралар атқарылып жатыр. Қаладағы кәсіпорындардың жалақы қарызы мен өндірістік жарақаттарды азайту үшін апта сайын әкім орынбасарының төрағалығыммен жұмыс тобының отырысы өткізіледі,– деді қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов.

Әкім орынбасарының айтуынша, атқарылған шаралардың арқасында 2018 жылы қала кәсіп­орындарының 300 миллион теңге жалақы қарызы өтелген. 2019 жылы 546 миллион теңге берешек жабылған. Сөйтіп, 2606 жұмысшының құқы қорғалды. Үстіміздегі жылы еңбек заңнамасы талаптарын сақтауға қатысты 482 тексеру ұйымдастырылып, оның барысында 279 ұсынылым берілді, 27 миллион теңге сомасында 161 әкімшілік айып салынды.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында 38 адам өндірістік жарақат алып, оның 29-ы ауыр жарақатқа душар болды, 9-ы қаза тапты. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, астанадағы кәсіпорындардағы қайғылы оқиғалар 12 пайызға азайған. Ауыр жарақатқа ұшырағандар 14 пайызға кеміген.

Жыл басынан бері елорданың мемлекеттік еңбек инспекторлары өндірістік жарақаттардың алдын алуға байланысты 84 шара өткізіп, жұмысшыларға еңбек заңнамасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Еңбек заңдарын бұзғаны үшін 2019 жылы сегіз құрылыс және өндірістік нысандардың жұмысы тоқтатылды. Тексеріс материалдары сотқа жіберілді. Жалпы айтқанда, кәсіпорындардың жалақы қарыздарын өтеу бойынша қарқынды шаралар атқарылып жатыр,– деді Нұрлан Нүркенов.

Жиналысты қортындылай келе, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне еңбек жанжалдарының алдын алу бойынша Кешенді жоспардың және өндірістік жарақатты төмендету бойынша 2019-2023 жылдарға арналған «Жол картасының» орындалуын қамтамасыз етуді тапсыр­ды. Сондай-ақ жалақы қарыздарының өтелуін қатаң бақылауға алуға шақырды.

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





БАСҚА ДА ЖАҢАЛЫҚТАР + 3
Наверх