• USD 385
  • EUR 434

Бас қаладағы көркем гимнастиканың бүгіні қалай

19 сәуiр, 16:20931

Кез келген заманауи мегаполис сияқты Нұр-Сұлтан қаласы да тұрғындарды сауықтыруға айтарлықтай көңіл бөледі. Елордада саламатты ұлтты, саламатты қала халқын қалыптастыру жұмысы медициналық қызмет көрсету деңгейін өсіру арқылы ғана емес (оның үстіне Нұр-Сұлтанда медициналық кластер өте табысты қызмет етуде), бұқаралық спортты дамыту жолымен де жүзеге асырылуда.

Қалада жылдан жылға спорт залдары мен ғимараттарының саны артып, сауықтыру қызметтерінің сапасы көтерілуде. Мұны бір жағынан қазір салауатты өмір салтын ұстану сәнге айналып бара жатқанымен түсіндіруге болады. Салауатты өмір салтына бет бұрғандар бизнесте табысқа жету, адамдардың денсаулығы мен әлеуметтік ахуалы арасында тікелей байланыс бар деп есептейді. Яғни қалада бұқаралық спорт түрлерімен айналысушылардың қатары жылдан жылға үлкен қарқынмен артып келе жатқанын атап өту керек.

Алайда, елорда халқының жаппай спортпен айналысу көрсеткіші өзінің тиісті деңгейіне әлі жеткен жоқ. 

Осы тұрғыда спортты дамытатын әлемдік үрдістер мыналар болып саналады:

- бұқараға арналған спортпен айналысатын адамдар санының үздіксіз өсіп отыруы (жай жүгіру, велосипед спорты және т.б.). Еуропа мемлекеттері, АҚШ, Жапония тұрғындарының 60% осындай спорт түрлерімен үнемі айналысады.

- жоғарғы жетістіктер спортына қарағанда бұқаралық спорттың ілгерілеп дамуы.

Дамыған елдерде бұқаралық спортқа ұлттың денсаулығын жақсартатын фактор ретінде қарап, оған жоғарғы жетістіктер спортымен салыстырғанда көбірек көңіл бөлінеді.

Соңғы жылдары Қазақстанда да бұқаралық спортқа аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Алайда бұл жұмыс жоғарғы жетістіктер спортымен қатар жүргізілмегендіктен тиісті деңгейіне жете алмай отыр.

Нұр-Сұлтанда ауладағы дене жаттығу құрал-жабдықтарымен қамтылған 324 аула мен спорт алаңы бар. Тиісті жоспарларға сәйкес қаладағы веложолдар ұзындығы 200 шақырымнан асуы керек. Қалада сондай-ақ, шаңғы-роллер жолы мен триатлон саябағы салынды. Яғни, бұқаралық спортпен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. 

Бірақ халық арасында кең таралмаған спорт түрлері және жоғарғы жетістіктер спортына арналған мамандандырылған ғимараттар жағынан тапшылық сезілуде. Мысал үшін гимнастиканы алуға болады.   

Былтыр Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен жазғы Азия ойындарында көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының қыздары Даяна Әбдірбекова, Алина Әділханова және Адиля Тілекенова жалпыкомандалық есепте ел қоржынына алтын медаль салды. Осының ішіндегі Адиля елорданың гимнастика мектебінің түлегі. Жақында Францияның Тье қаласында ұйымдастырылған көркем гимнастикадан гран-при жарысында Адиля лентамен өнер көрсету бойынша жарыстың финалына шығып, үздік ондықтың қатарынан көрінді.

Атап айтқанда, 40 жылдай бұрын қалада салынған №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимараты қазіргі заман талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты қалалық Көркем гимнастика федерациясы «Думан» қонақүй кешеніндегі 3500 шаршы метр аумақты жалға алуға мәжбүр. Бірақ бұл зал да гимнастика спортына лайық емес. 

«Тиісті талаптар бойынша гимнастика залының биіктігі 16-20 метрден кем болмауы керек. Біз жалға алып отырған зал бұл жағынан қанағаттандырғанмен, гимнастика спортының стандарттарына сай келмейді. Жалға алу құны да қымбат. Айына 7-8 миллион теңге төлеуге мәжбүрміз. Былтыр жалға алу құны бұдан сәл төмен еді, биыл зал иесі бағаны көтеріп жіберді. Фирмалық, сапалы гимнастикалық кілемдердің бағасының өзі шырқырап тұр. Олардың біреуін 21 мың АҚШ долларына сатып аламыз. Қазір мұнда №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 250 шәкірті жаттығады. Бұған қоса, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың мүшелері, Олимпиадалық даярлық орталығының, жоғарғы спорттық шеберлік мектебінің, спорттық интернаттың шәкірттері, жалпы алғанда 1 мыңға жуық жас спортшы жаттығады. 500 бала ақылы негізде тәлім алып, айына 16-30 мың теңге аралығында төлейді. Күнде екі-үш сағаттан жаттығатын спортшылар бар. Ең жоғары төлемақыны, яғни 30 мың теңгені солардан аламыз. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға үлкен жеңілдіктерді жасаймыз. Бірақ кірісіміз барлық шығындарымызды жаппайды. Қазір Азия чемпионаттарын ұйымдастыра алатын деңгейге көтерілдік. Бірақ «Думандағы» зал бұған келмейді, құрлық біріншіліктерін «Дәулет» спорт кешенінде өткізіп жүрміз»,- деді федерация президенті Мәдина Бектұрғанова.

Оның айтуынша, қалаға жаңа мамандандырылған спорт кешені керек. Аталған ұйымның есебінше, бұл кешен 22000-25000 шаршы метр аумақтан кем болмай, онда әр аймақтан келген, жалпы алғанда 3 мыңнан астам кәсіби спортшы жаттыға алуы қажет. Бұл орталық көркем гимнастика, спорттық гимнастикасы, спорттық би, батуттық гимнастика сынды гимнастиканың барлық түрлеріне лайықталған болуы шарт.    

«Соның ішінде жаттығуларға арналған, биіктігі 16 метрден кем емес бірнеше зал болуы керек. Бұған қоса, жарыстарды өткізетін үлкен зал, киім ауыстыратын, демалатын, жан-жақтан келетін спортшылар орналасып, жататын бөлмелер, душ кабиналары, медициналық блок пен тамақтану орыны да болған абзал. Кешен құрылысына шамамен алғанда 2 млрд теңге қажет. Гимнастика кешені салынса, елордалық спортшылармен қатар іргелес жатқан Қарағанды, Петропавл, т.б. осы сияқты шаһарлардың жас гимнастшылары да бас қалаға келіп, жаттыға алады. Халықаралық жарыстарды өткізуге де жол ашылып, бұл елорданың, жалпы алғанда еліміздің де мәртебесін көтереді», - дейді ол.

Әдетте осындай ғимараттар құрылысын қаржыландыру бірнеше әдіспен жүреді: мемлекет есебінен, жеке инвесторлар есебінен, соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты негізінде. Осының ішіндегі соңғы аталған әдіс бәрінен тиімді. Мұның бір ғана себебі бар: қаланың жақын жылдары бұл жобаны жүзеге асыратындай қаржылық жағдайы келмейді. 

Қалалық Мәдениет және спорт басқармасының жылдық бюджеті 6 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржының қомақты бөлігі қалада қазір бар нысандарды күтіп-ұстауға жұмсалады. Мәселен, «Алау» мұз айдыны сарайына бір жылда 1 млрд теңгеден астам қаржы кетеді. Қалада бұл күндері осындай 11 нысан бар. Ал мамандандырылған гимнастика кешенінің құрылысына кем дегенде 2 млрд теңге керек.

Әлемдік тәжірибеге назар салсақ, қазір жоғарғы жетістіктер спортын негізінен ірі бизнес өкілдері қаржыландырады, ал бұқаралық спортты жергілікті бюджеттер ұстап отыр.

Қытайда спорт саласын қолдау ісін негізінен мемлекет атқарып отырса да, бұл мемлекетте жоғарғы жетістіктер спортына ірі бизнес өкілдері де қомақты қаржы құяды. Мемлекет бизнесті ынталандырып, оған демеу көрсетіп отырады. Мысалы, 2014 жылы қабылданған заңға сәйкес спорт пен мәдениетті қаржыландыратын ірі компаниялар үшін табыс салығы 25 пайыздан 15 % төмендетіледі. Ал спорт пен мәдениетке белсенді түрде демеу көрсететіндерге бұл салық түрі, тіпті, 3 %-ға дейін түсіріледі. Соның арқасында Қытайдың ірі бизнес өкілдері кәсіби спортқа, біріншіден футболға инвестиция құяды.

Ұлыбританияда жоғарғы жетістіктер спорты мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Ұлттық олимпиада комитеті мен әртүрлі спорт федерациялардан бөлек бұл бағытта UK Sport үкіметтік агенттігі жұмыс істейді. Бұл ұйым қаржысының үштен екі бөлігі мемлекеттік бюджеттен, үштен бірі ұлттық лотерея қорынан келеді. Алайда қаржы спортшылардың жеңіске жету ықтималдығы болжанған жағдайларда ғана бөлінеді. Мәселен, агенттік британиялық олимпиадашылар мен паралимпиадашыларға 440 млн еуро бөлді. Бұл қаржы медаль әкелуге зор мүмкіндігі бар спорт түрлеріне ғана бағытталды. Агенттік ұраны: «Дұрыс атлеттерге дұрыс негізде дұрыс қолдау».

АҚШ-та спорт ғимараттары бюджет есебінен субсидияланады. Бірақ бір шарт бар, нысан жоғарғы талаптарға сәйкес келіп, командаға арналуы керек. Яғни, команданың ойындары осы нысан аумағында өтіп, жанкүйерлерді тарту қажет. Бұл жағдай спорт төңірегінде жұмыс істеп жатқан бизнеске табыс әкеледі: кәдесыйлар, азық-түлік, тағы басқа. Ал елордада футбол мен хоккей ойындарынан басқа қандай жарыстарда зал толып отырады?

Жоғарғы жетістіктер спортын қолдау мәселесі аса маңызды екені дау тудырмайды. Алайда кәсіби спортшыларды тәрбиелеу мен бұқаралық спортқа жұмсалатын шығындарды ұлғайтудың арасында баланс табу керек. Бизнес спортты қаржыландыруды өз мойынына алу керек сияқты. Қазір сондай уақыт келіп жатқандай. Бәлкім бұл тұрғыда Қытайдың салықтық жеңілдіктері тәжірибесін пайдалану керек шығар. Қала жағдайында елорда билігі ақысыз негізде «элиталық» жер телімдерін бөлу арқылы бұл мәселені шеше алады деп сенейік.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх