Балаларды қауіптен, өлімнен қалай қорғаймыз

19 қыркүйек, 09:19120
фото интернеттен алынды фото интернеттен алынды

 Біздің қоғамда балалардың құқының бұзылуы деген өте күрделі, түйткілді мәселе бар. Күрмеуі әлі шешілмей келеді. Шынын айтсақ, балаларға қатысты жасалатын қылмыстан біздің қоғам күңіреніп тұр. Міне қараңыз: туа сала дәретханаға лақтыру, зорлау, өлтіру, сату, еңбегін қанау, мектептегі жүктілік, есірткіқұмарлық, өз-өзіне қол жұмсау деп тізіліп кете береді. Қорғансыз балалар жаһанданған ғаламда қауіп-қатердің, қылмыс қақпанының аузында қалып қойды? Бұл жағдай қайтсек өзгереді?

         Осыдан шығар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы халыққа Жолдауында балалардың құқығын қорғауға, жыныстық зорлық-зомбылық, педофильдік, есірткі тарату, адам саудасы сияқты, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін қадап айтты. Енді аталған мәселеге талдау жасап көрелік.

Қараусыз бала құламағанда қайтеді?

         БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі декларациясында: «Бала туғанға дейін де, туғаннан кейін де ақыл-есі жетілгенше ата-анасының, қамқоршысының тарапынан қамқорлықта болуы тиіс» деп жазылған. Мұны қазақ «Бала - адамның бауыр еті» деп бір-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Бірақ бүгінгі заманда кейбір ата-аналар ұлтымыздың дәстүрін, аталы сөзін ұмытқан сияқты. Содан шығар, ел аман, жұрт тынышта қаншама бала абайсызда көз жұмып, я болмаса мүгедек болып қалуда.

         Әсіресе, қалалық жерлерде балалардың екінші және одан жоғары қабаттағы пәтерлерден құлап, мерт болу жағдайлары жиілеп кетті. Денсаулық сақтау министрлігі таратқан соңғы 5 жылдағы ахуалға көз жүгіртелік. Ең өкініштісі сол, 5 жылдағы сұрықсыз статистика ертегідегі жеті басты айдаһардың бастарындай тез көбейіп, өсіп барады.

         2014 жылы елімізде 24 бала ашық тұрған терезеден құлап, көз жұмған. 10 бала ауыр жарақат алыпты. 2015 жылы 25 бала өмірмен қош айтысып, 7 бала жарақаттанған. 2016 жылы 21 бала қайтыс болып, 2 бала жарақат алған. 2017 жылы 31 бала опат болып, 245 бала жарақаттаныпты. 2018 жылы 37 бала үйдің терезесінен құлап, ғұмыры үзілген. 141 бала зардап шегіпті. Ең қорқыныштысы, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында ғана 6 бала қатерлі жағдайдың салдарынан ауыр жарақаттар алыпты. Сонда қыршынынан қиылып жатқан қаршадай балалардың обалы кімге? Мүгедек болып қалған жазықсыз балақайлардың болашағына кім жауапты?

         Әлбетте, бұл жерде ең алдымен ата-аналардың жауапсыздығы, немқұрайдылығы бірінші орында тұр. Үйінде жас баласы бар ерлі-зайыптылар әр терезенің ашылатын жеріне баланы жерге құлап кетуден қорғайтын арнайы құрылғы орнатпайды. Құрылыс туралы заңға түзету енгізіп, іс-әрекетті осыдан бастау қажет. Мұндай ұсынысты кезінде бір топ Мәжіліс депутаттары айтқан болатын.

         2019 жылы 19 маусымда сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің атына жолдаған депутаттық сауалында мәжілісшілер мынадай нақты ұсыныстар келтірді. Біріншіден, құрылыс компаниялары көпқабатты тұрғын үйлерді салу кезінде жобалау кезеңінде және құрылыс барысында терезелерге балаларды құлап кетуден қорғайтын сенімді құрылғы орнатуы тиіс. Екіншіден, көпқабатты үйлердің екінші немесе одан жоғары қабатының пәтерлерінің тұрғындарын пәтер терезелеріне балалардың құлауына тосқауыл болатын құрылғылар орнатуды міндеттеу керек. Үшіншіден, тұрғын үйлерді салу кезіндегі жобалық-сметалық құжаттарға, яғни құрылыс-архитектуралық нормаларға осындай өзгеріс енгізу қажет. Төртіншіден, тұрғын үйлердің терезелеріне арнайы берік шыбын-шіркейден қорғайтын торлардың орнатып, балалардың құлауына жол бермейтін түрін жасап шығару. Депутаттардың бұл сауалына Үкіметтің қандай да бір жауап бергені анық. Алайда, ол жауаппен мәселе толық шешілмейді.

         Шындығына келсек, баланың өміріне немқұрайдылықпен қарайтын қоғамға аяқ бастық. Солай емей немене, пәтерінің терезесіне шыбын-шіркейтін қорғайтын тор қоятын ата-аналар, өз баласын қорғайтын құрылғы орнатпайды. Өйткені, көбінесе алаңсыз ойнап жүрген балақайлар сол шыбын-шіркейден қорғайтын торға сүйенемін деп төменге құлайды. Мұндай жағдайлар көбейіп барады.

Жазаны қатайтатын кез келді

         Қазіргі кезде еліміздегі кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қатысты ахуал көңіл көншітпейтіні рас. «Балалардың құқықтары туралы» конвенцияның 3-ші бабының 2-ші тармағында: «Мемлекет әр баланың амандығы үшін оны қорғауға және қамқорлыққа алуға міндетті» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бұл жерде мемлекет баланың ата-анасының, қамқоршысының және заң бойынша жауапкершілігі бар өзге тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін назарға алатыны айтылған. Соған қарамастан, жыл сайын балалардың қатысуымен болатын қайғылы оқиғалардың саны кемігеннің орнына, ұлғайып барады.

         Тағы да сұмпайы статистикаға көз жүгіртейік. 2017 жылы  - 82 бала, 2018 жылы – 59 бала, 2019 жылы 75 бала (!) терезеден құлап, қайтыс болған. Бұл – басқа статистика. Алдыңғымыздан да сорақы. Осы қайғылы оқиғалардың 12-сі елордамызда болған. Бұған қоса, еліміздегі жекеменшік және коммуналдық жағажайларда 16 жасөспірім суға батып, көз жұмған. Қараусыз қалған 21 бала су қоймаларына құлаған, бірақ аман қалған. Сонымен қатар, 2018 жылы 30 бала улы газбен уланып, 15 бала тоққа түсіп, мерт болған. Мұндай жағдайлар тізбектеліп кете береді.

         Не істеу керек? Бір анығы, көп ата-аналар баласын қараусыз қалдырып, өміріне қауіп төндіргені үшін Қылмыстық кодекстің 119-бабы бойынша қатаң жазаға тартылатынын ескере бермейді. Мәселен, осы баптың 3-ші тармағында баланы қауіпті жағдайда қалғандырған ата-анасының немесе қамқоршысының 3 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылатыны анық жазылған. Заңмен өмір сүрмейтініміз осыдан көрінеді.

         Ал шетелдерде бұл мәселе қалай шешілген? Үздік тәжірибеге үңілетін болсақ, көптеген елдерде балаларды қайғылы жағдайдан қорғайтын тұтас жүйе қалыптасқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Артур Платонов былай дейді: «Мысалы, АҚШ-та «Child welfare system» деп аталатын жүйе жұмыс істейді. Мәселен, кейбір штаттарда 12 жасқа толмаған баланы үйде жалғыз қалдыруға болмайтын заң бар. Қауіпті жағдай туғызғаны үшін, ата-аналарына қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осыған ұқсас нормалар Канада, Италия, Швеция заңнамаларына енгізілген. Ұлыбританияда 14 жасқа дейінгі баласын қараусыз қалдыру қылмыс болып саналады.  Бұл елде балалардың құқықтарын қорғайтын арнайы мемлекеттік агенттік жұмыс істейді. Егер балаға қатысты қандай да бір құқық бұзушылық анықталатын болса, осы агенттік құқық қорғау органдарына жедел хабар жібереді. Германияда 14-ке толмаған баланы 15 минутқа қалдырған ата-аналар қатаң жазаланады».

         Жуырда Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов балаларға қатысты жасалған жыныстық сипаттағы барлық зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаятынын мәлім етті. «Балаларға сексауалды зорлық-зомбылық жасағаны үшін енді өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе кем дегенде 20 жылға түрмеге қамау жазасы қарастырылады» деді Марат құзырлы ведомствоның өкілі. Бұған қоса, алдағы уақытта мұндай қылмысты біле тұра жасырған азаматтар да қатаң жазаланатын болады. Ал, сарапшы-мамандар балаларға, әйелдерге қатысты жасалатын ауры қылмыстарға өлім жазасын белгілеуді ұсынып отыр.

"Балалар мен әйелдерге зорлық-зомбылық жасағандарды өлім жазасына кесу керек. Бұл мәселені былтыр бір топ әріптестерімізбен көтеріп, ұсыныс жасағанбыз. Бірақ қолдау таппаған еді. Біздегі Қылмыстық кодекс бойынша, өкінішке қарай, бұларға берілетін жаза әлі де болса жеңілдеу. Сондықтан да менің Парламент мүшесі ретінде айтарым, балаға жасалатын ауыр қылмыстарға, әйел, қыз балаларға жасалатын ауыр қылмыстарға біз өлім жазасын беруіміз керек" дейді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх