• USD 385
  • EUR 434

Өрт сөндірушілермен өткен бір күн

17 шiлде, 09:56417

Өрт сөндірушілердің жұмысы таңертеңгі 8.00-ден басталады. Алдымен жеке құрамның сап түзеуі болады. Содан соң қарауылдар кезекшілікті қабылдап алады, оның ішінде техниканың жай-күйі мен тиісті құрал-жабдықтардың жұмысқа дайын болуы тексеріледі. Біздің редакция астаналық өрт сөндірушілер қызметінің бір күнімен танысты.

Біз таңертең сағат 8 болмай қалалық №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жеттік. Ол уақытта жеке құрам бөлім мен техникалардың кезекті жұмыс күніне дайындық барысын тексеріп жатты. Сағат 8:00-де жеке құрам толық сапқа тұрды.

«Өрт сөндіру мамандарының жұмысы таңертеңгі 8-ден басталады. Түнгі кезекшіліктен шыққан топ бекет қызметін екінші топқа табыс етеді. Біздің өрт сөндіру бөлімімізде жалпы саны 89 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 4 қарауыл күзеті бар. Жауапты аумақ негізінен жеке секторлар болып табылады. Сондықтан өрт шығу оқиғасы көбінесе жылыту маусымы басталғанда жиі тіркеледі. Әр өрт сөндіру бөлімінің өзінің жауапты аумағы бекітілген, ереже бойынша ол 3-4 шақырымнан аспауы тиіс. Біздің бөлім оқиға орнына тез жету мақсатында дәл орталықта орналасқан», - деді қалалық №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау капитаны Данияр Насыров.

Елордада 11 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Жалпы өрт сөндіру техникасы екі санатқа бөлінеді: негізгі және арнайы. Негізгіге су шашатын құрылғысы бар өрт сөндіру көлігі жатады. Ал арнайы техникаға биік ғимараттарға көтерілетін баспалдағы бар, сондай-ақ түнгі уақытта жарықтандыру құрылғысы бар арнайы техниканы атаймыз. Одан бөлек, қосалқы автокөлік болады. 

«Кезекшілікті тапсыру алдында барлық техника мен өрт сөндіру құралдары тексеріліп алынады. Яғни олар кез келген уақытта жедел әрекетке дайын тұруы тиіс. Біздің өрт сөндіру бөлімімізде жалпы 8 техника бар. Оның 4-еуі негізгі, 3-еуі арнайы техника. Және 1 қызметтік көлік бар. Кезекшілікке 17-18 маман шығады. Оның ішінде негізгі бөлікті өрт сөндірушілер мен құтқарушылар құрайды. Кадр мәселесіне келсек, қала бойынша 100 маман жетіспейді, негізінен жүргізушілер қажет. Өрттің көлеміне байланысты жеке құрам мен техника жұмылдырылады. Мысалы, қоқыс жәшігі немесе авкөлік өртеніп жатса оған 2 адам және 1 техника жіберіледі. Ал жеке немесе көпқабатты тұрғын үй жанса оған тиісінше 5-6 маман және 2 техника жұмылдырылады. Егер 3 қабаттан жоғары болған жағдайда онда арнайы баспалдағы бар техника оқиға орнына аттанады», - деді ол.

Бүгінде елордада тілсіз жаумен күреске жұмылдыратын 129 техника бар, оның 59-ы негізгі және 23 арнайы. Одан бөлек, 59 қосалқы автокөлік дайын тұрады. Жыл басынан бері елордада 301 өрт шығу оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың салдарынан 11 адам қаза тапты, оның 5-еуі – бала.

«Қала бойынша өрт сөндіру алаңына көбінесе біз шығамыз. Жыл басынан бері бізде 82 өрт шығу оқиғасы тіркелді. Ал басқа бөлімдерде 64 оқиға тіркелген. Бұл тек ірі көлемдегі өртену оқиғалары. Бұдан бөлек шағын өрт шығу оқиғалары бар. Өрт сөндіру қызметінде бөлім бастығы әр 5 жыл сайын, ал офицерлер 3 жыл сайын біліктілігін арттырады. Сондай-ақ, жаңадан қабылданған өрт сөндірушілер мен жүргізушілер алғашқы дайындық базасынан өтеді. Денешынықтыру дайындықтарына келсек, офицерлер аптасына 3 күн жаттығу залына бару керек болса, сержанттар аптасына 1 рет денешынықтыру дайындығынан өтеді. Одан бөлек жеке құрам мүшелері бос уақыттарында өз беттерімен жаттығам десе есік ашық», - дейді Д.Насыров.

Жыл басынан бері қалалық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері 2 600 шұғыл өрт алаңына шығып, 265 адамды қызыл оттан құтқарды.

«Бүгін таңғы сағат 5-те Оғланды көшесіндегі отбасылық жатақханадан өрт шықты. Жалпы бұл ауданда жеке секторлар көп орналасқан және үйлер мен ғимараттардың материалдары сын көтере бермейді. Арзан әрі сапасыз құрылыс заттарынан тұрғызылған ғимаратта тиісінше өрт қаупі жоғары болып табылады. Оның үстіне отбасылық жатақхана болған соң оларда тұратын адамдар саны да аз емес. Біздің бөлімдегі өрт сөндірушілердің жеке секторлардағы өртті сөндірудегі біліктіліктері жоғары. Есесіне биік ғимараттардан шыққан тілсіз жауды ауыздықтауда қиындық бар», - деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Сондай-ақ, Д.Насыров осы жылдың қысында бүкіл елді дүр сілкіндірген елордадағы бір отбасының 5 қызы бірдей тілсіз жаудан ажал құшқан қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Өрт орнында қызметкерлердің бірінші міндеті – адамдарды құтқару, содан соң өртті ауыздықтайды. Қыстыгүні бір отбасының 5 бірдей қызы тірідей жанып кеткені елдің есінде. Осы қайғылы оқиға орнына біздің жеке құрам барды. Барлық жігіттер алдымен балаларды құтқаруға әрекет жасады, себебі тірі болуы мүмкін деген үміт болды. Өкінішке қарай, бәрі басқаша еді», - деді ол.

Бас қалада өрттің шығу себебі әр кезде әртүрлі, дегенмен ТЖД-ның дерегінше, негізінен қыстыгүні ол от жағу мерзімімен байланысты. Яғни иіс тию және тағы басқа. Одан кейін үйдегі арзан әрі сапасыз тоқты жалғау құралдары себеп болады.

«Үстіміздегі жылы өрт шығу кезінде ерекше ерлік көрсеткен қызметкерлеріміз баршылық. Біз өртті сөндіргенін ерлікке бағаламаймыз, тілсіз жаудан адамды құтқару әлдеқайда маңызды. Оның өзінде біз ерлік жасадық деп санамаймыз, бұл біздің жұмысымыз, яғни міндетіміз», - дейді ТЖД-ның өкілі.

Өрт сөндірушілердің жұмыс кестесіне келсек. Жеке құрам (өрт сөндірушілер мен құтқарушылар) 1 тәулік жұмыс істеп, 3 күн демалады. Ал офицерлер үшін 5 негізгі және сенбі қысқартылған жұмыс күні болып есептеледі. Бөлім басшылары мен орынбасарларында нақты жұмыс кестесі жоқ, олар кез келген уақытта дайын болуы тиіс.

«Осы салада жұмыс істегеніме 7 жыл болды. Арнайы білімім жоқ, бірақ өрт сөндіруші болу бала күнімнен арманым болды. Әрине әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы бар. Біздің мамандықты ерекше десем болады, себебі біз адамның өмірін не болмаса адам үшін маңызды болып саналатын дүниені өрттен құтқарамыз. Осы уақыттың ішінде жұмыс бабымен талай жағдайларға тап болдым. Бір мысал, осыдан 1 ай бұрын Бейбітшілік көшесінде өрт шығып, біз жолға шықтық. Барсақ көпқабатты үйдің 9-шы қабатында 5 адам үйлерінен шыға алмай балконнан қарап тұр.Соларды аман-сау құтқарып шықтық. Одан шығып келе жатқанда сол ауданда тағы бір өрт шығып, көпқабатты үйден қарт кісіні құтқардық. Яғни бір күнде қаншама оқыс оқиға болуы мүмкін. Сондықтан біз кез келген уақытта, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек», - дейді қалалық №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Жанат Секенов.

Өрт сөндіру қызметкерлеріне қойылатын басты талаптар – алдымен адамның психологиялық дайын болуы, яғни ол өртті көргенде ештеңені ойламастан оны ауыздықтауға кірісіп кету керек, себебі уақыт тапшы. Екіншіден, өз үрейін жеңе білу және соңғысы дене шынықтыру дайындығының жоғары болуы.

Сонымен қатар, жуырда Төтенше жағдайлар комитеті елімізде өрттің алдын алу және суға шомылу мерзімінің қыза түсуіне байланысты БАҚ арқылы халыққа үндеу жолдады.

«Жыл басынан бері 296 орман және 13 дала өрті орын алды. Одан бөлек, 2310 өрт шығу оқиғасы тіркелді. Ал 5-12 шілде аралығында 265 өрт жағдайы анықталды. Сондай-ақ, 558 тұлға өрттеу жағдайы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, өрт қаупі ең жиі орын алатын аймақтарға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО және Атырау облыстары жатады.

«Сонымен қатар, тұрғындарға қауіпсіздік ережесіне қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде 3300 түрлі деңгейдегі іс-шара өтті. Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, ел бойынша қатты ыстық шілденің соңына дейін жалғасады. Яғни өрт қауіптілігі жоғары деген сөз. Сол секілді суға түсу мерзімінің қызатын уақыты. Осы тұрғыда тұрғындардан шомылу кезінде сақ болуды, суға түсу ережесін сақтауды және балалаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз»», - деді комитет басшысы.



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх