• USD 385
  • EUR 434

Ақылы қызметтің астарында не бар

15 тамыз, 12:2287

Денсаулық сақтау жүйесінде жекеменшік медициналық мекемелердің мемлекеттік ұйымдармен бірдей нарыққа қатысып, өз қызметін дамыту үрдісі жылдам жүріп жатыр. Мемлекеттік стационарлар мен емханалардағы ақылы қызмет – осы жүйені коммерцияландырудың бір көрінісі. Осыдан біраз жыл бұрын басталған жаңа сектор өрістей келе, ақылы клиникалардың, стационарлардың көптеп ашылуына негіз болды. Алған бетте стоматология, пластикалық, офтальмология, хирургия, гинекология, клиникалық-зертханалық орталықтардың қызмет көрсету саласының дені ақылы негізге көшіп, бүгінде бұл нарық біршама жетілді деуге болады, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне  сілтеме жасап.

Ақылы қызмет несімен тартымды? Жеке клиникаларда дәрігердің есігін күзеткен кезек болмайды. Әр пациентке дербес көңіл бөлініп, тыңдай біледі. Емханаларда салалық мамандарға көріну үшін айлап кезекте тұрса, ақысын төлегендердің сол дәрігерге бірден жолығуына мүмкіндік бар. Оларды табу да оңай. Интернетке еніп, ақылы қызмет іздеп, қажет маманды жазсаңыз, қаладағы барлық дәрігерлердің суретімен қоса, тәжірибесі, санаты, тағы басқа маңызды мәліметтер шыға келеді. Ақылы қызмет иелерін әлеуметтік желілерде насихаттау жақсы жолға қойылған. Таңдау – өзіңізде.

Қазіргі уақытта осы сала бо­йынша мемлекеттік тапсырыстың елу пайызын орындап жатқан – жеке иеліктегі мекемелер. Мысалы, біздің «Alanda Clinic» клиникасының жұмыс бастағанына бір жарым жылдай уақыт болды. Биылдан бастап мемлекеттік тапсырысты алып жатырмыз. Көп емес, алайда бөлінген көлемде халыққа тегін қызмет көрсете аламыз. «Бізде жұмыс істейтін дәрігерлер – ең жақсы дәрігерлер», бұл ұранымыз десе де болады. Өйткені жеке клиникаларға халық келуі үшін, сапалы қызмет таңдау үшін тек білікті мамандар жұмыс істеу керек. Қызмет сапасын жақсы мамандардан бөлек, медициналық құрал-жабдықтары түгел болып, дәрігерлерге жағдай жасалуы тиіс. Жалақы да осы үштікке кіреді, – дейді клиниканың директоры, профессор Серік Ибраев.

Жеке клиникалардың тағы бір ерекшелігі, жалақы дәрігерлердің тек еңбегіне қарай төленеді. Клиниканың қызметін насихаттайтын сайттарға қоса әлеуметтік желілерді қосыңыз. Ем алып шыққан адамдардың әрбір пікірі дәрігер үшін маңызды. Оң пікірлер болған сайын маманның жалақысы да, мәртебесі де артып отырады.

Айта кету керек, мемлекеттік медициналық мекемелердің мүддесі – еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің назарында. Келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру үлгісі медицина саласының басты ойыншыларына бірдей мүмкіндік беретін болады. МӘМС қоры үшін бәрібір. Бұл жерде пациенттердің таңдауына қарай құқықтары да тең. Алайда жеке клиникалардың да өз таңдауы бар. Мысалы, өзіңіз тіркелген учаскеден шығып, ақылы клиникаға тіркелу қиын болуы мүмкін. Өйткені ол жеке иеліктегі медициналық ұйым осы қызметке мемлекеттік тапсырыс алса ғана қабылдай алады. Және тұрғындарға ол қызметті көрсету жеке клиникаға пайдалы ма, пайдасыз ба деп он ойланатын болады.

Қазіргі күндегі денсаулық сақ­тау саласының проблемасы жеткілікті. Білікті мамандардың тап­шылығынан бастап, нау­қас­тарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ескірген медициналық құрал-жабдықтарды жаңарту, жүйенің ашықтығы мәселесіне қоса, халық денсаулығының нашарлығын қосыңыз. Бөлінетін қаражаттың мардымсыздығы тағы бар.

Осы ретте жекеменшік клиникалар не істей алады? Олар мемлекеттік мекемелердің жоғын білдіртпей, өздеріне де қолайлы бөлігін бағындырады. Мысалы, «Alanda Clinic»-те семіздіктен емдеуді жолға қойса, «Олимп» клиникалық-зертханалық орталығы күрделі зерттеулерді қолға алып, жұмысын жандандыруда. Арнайы сала мамандары көптеген емханаларда жетіспейді. Сол себепті емханалар оларды іздеп-тауып, штатында ұстағаннан гөрі пациенттерін жекеменшік иелеріне жолдау әлдеқайда жеңілге түседі. Бұл да жекеменшіктің абыройын арттыратын әдіс. Есесіне жеке клиникалар нейрохирургия, кардиохирургия, онкология сияқты елордада жақсы дамыған салаға жақындамайды. Оларға жетудің талабы ауыр, әрине.

Жалпы, елімізде халық денсау­лығына қатысты жаңа бастамалар, батыл қадамдар жасалып отыр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қаншалықты дамыған мемлекет болмасын, жауапкершілігі ауыр жүкті жалғыз арқаламайды. Пәленбай аурухана саламыз деп бас ауыртпай, бизнесті тартады. Еуропалық елдерде шіркеулердің қамқорлығындағы клиникалар бар, – дейді профессор  Серік Ибраев.

Шындап келгенде, адам денсаулығының көрсеткіштері төрт факторға негізделеді. Ұстанған өмір салты. Мұның ішіне әлеуметтік-экономикалық факторы. Яғни тұрмысы, жұмыс істейтін жағдайы, жейтін тамағы мен ішетін суы адам денсаулығының 50-55 пайызын құрайды.

Қоршаған ортаның да әсері бар. Экологиялық климаттың әсері, күн радиациясы, ауаның, жердің, судың ластануының адам ағзасына әсері 20-25 пайыз­ды толтырады. Жасы, жынысы, тұқым қуалайтын генетикалық факторларының әсері 10-15 пайызды құрайды. Ал медицинаның дамуымен болатын осы қызметтің қолжетімділігі, жергілікті денсау­лық сақтау жүйесінің тиімділігі 10-15 пайызды ғана құрайды екен. Осыдан шыға келе, мамандар әрбір адамның өз денсаулығына дұрыс қарауын, яғни ауырмайтын жол іздеудің абзалын алға тартады. Әлем тарихында медицина әртүрлі белестерден өтті. Оны әрі сапалы, әрі қолжетімді, әрі экономикалық жағынан тиімді етудің түрлі жолдарынан іздеді. Алайда бәріне қолжетімді, сапалы медицина экономикалық жағынан мемлекетке тиімсіз, ал сапалы әрі тиімді медициналық қызметке екінің бірінің қолы жетпейтініне бәріміздің көзіміз жетуде.

Елордамыздағы жеке клиникалардың дамуының да екі жағы бар. Бұл тіпті өзіміз білетін медицина қызметкерлерінің бейнесін мүлдем өзгертіп, сөзіне қарай сәлемі емес, ақысына қарай қызметі болып, ақырында қаражаты жоқтар қиналар ма деп те ойлайсыз.

 

 

 

 



 Подпишись в Telegram Еlorda Aqparat 





Наверх